- Advertisement -

Сарысу ауданында серпіліс бар

238

- Advertisement -

Облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасы жанындағы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихаты Сарысу ауданының 2018 жылдың алғашқы жарты жылдығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы барысын таныстыруға арналды. Бұл жөнінде аудан әкімі Балабек Нарбаев тарата айтып берді.
– Биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Елбасының халыққа Жолдауы – Қазақстанның жүйелі жаңғырудағы 10 басым бағытын жүзеге асыруды қамтамасыз ететін бірегей бағдарламалық құжат. Өйткені қазақстандық индустрия мен агроөнеркәсіптік кешенді және көліктік-логистикалық инфрақұрылымды цифрландыру, тұрғын үй құрылысы мен коммуналдық секторға жаңа технологияларды енгізу – Елбасы ұсынған елді дамытудың негізгі векторы болып табылады. Мұның барлығы еліміздің жаңа әлемдегі жетекші елдердің қатарына қосылуы үшін қажет. Бұл міндеттерді жүзеге асыру барлығымызға үлкен жауапкершілік, зор сенім жүктеуде. Елбасы саясаты мен Үкімет тапсырмаларын жүзеге асыруда ынтымақ пен ауызбіршілік танытудың арқасында Сарысу өңірінде тұрақты экономикалық өсім қалыптасып келеді. Бұған ауданның әр тұрғыны өзіндік үлесін қосып отыр, – деп атап өтті баяндамашы.
Оның айтуынша, аудан аграрлы-индустриялық аймаққа айналу үстінде. Бүгінде аудан бойынша тіркелген 299 заңды тұлғаның 81,3 пайызы нақты жұмыс істеп тұр. «ЕуроХим» компаниясы жүзеге асырып жатқан инвестициялық жобаның екінші кезеңінің жұмыстары жандандырылу үстінде екен. Ал жаңа химия кешенін іске қосу мерзімі 2021 жылға белгіленіп отыр. Компания өнім өндіру көлемін жылдан-жылға арттыру үстінде. Үстіміздегі жылдың қаңтар-маусым айларының қорытындысы бойынша аудан кәсіпорындары 9,2 миллиард теңгеден астам өнеркәсіп өнімдерін өндіріп, олардың жалпы физикалық көлем индексі 104 пайызды құраған.
Есепті кезеңде 4,7 миллион теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізіліпті. Бұл ретте жалпы алаңы 7895 шаршы метр болатын 11 жеке тұрғын үй мен 1 коммуналдық көп қабатты үй пайдалануға беріліп, тұрғын үй құрылысының көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда, 2,3 есеге ұлғайған. Есепті кезеңде негізгі қорға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 11 миллиард 861,8 миллион теңгені құрап отыр екен.
Жылдың алғашқы 6 айында мемлекеттік бюджетке 1 402,0 миллион теңге салықтар және басқа да міндетті төлемдер жиналған, болжамның орындалуы 110,9 пайыз көлемінде. Аудандық бюджеттің кірістер жоспары 4728,8 миллион теңге болса, орындалғаны 4751,1 миллион теңгені немесе 100,5 пайызды құрап отыр. Ал негізгі кіріс көздері 25,4 миллион теңгеге артығымен орындалған.
Ауыл шаруашылығы саласы аталған ауданда да басым бағытқа ие. Осы ретте биыл өткен жылмен салыстырғанда егістік жер 1306 гектарға артығымен игерілген. Жалпы саланы дамытуда Үкімет тарапынан үлкен қолдау бар, соның нәтижесінде шаруашылықтарды лизинг арқылы техникамен қамтамасыз етуге қолайлы мүмкіндіктер туып әрі мал басында және өнімінде тұрақты өсім сақталып отыр.
Басқосу барысында ет бағытындағы мал тұқымын асылдандыру, ауыл шаруашылығы малдарын бірдейлендіру, шағын және орта бизнесті дамыту, оларды несиелендіру, жұмыссыздық деңгейін төмендету, тұрғындарды әлеуметтік қолдау, білім беру жұмыстары жөнінде де таратыла айтылды.
– Тағы бір атап өтерлік жай, әлеуметтік маңызы бар азық-түліктердің баға бағамы өсуіне жол бермеу үшін әр аптаның сенбі күндері Жаңатас қаласындағы орталық базар аумағы мен алаңда жәрмеңкелер өткізіліп, бүгінгі күнге дейін 50,4 миллион теңгенің азық-түлік өнімдері тұрғындарға нарықтағыдан 10-15 пайыз төмен бағамен өткерілді. Сонымен қатар Саудакент ауылынан жеке кәсіпкер 600 шаршы метр аумақты құрайтын үлкен сауда орнының құрылысын бастады, бұл нысан іске қосылса осы және көрші ауылдарда бағаның тұрақтануына едәуір септігін тигізетін болады, – деп түйді сөзін баяндамашы.
Басқосу соңында журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауаптар қайтарылды.

Баймаханбет АХМЕТ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support