- Advertisement -

Доллар бағамы көтерілді. елдегі жағдай қалай?

192

- Advertisement -

Әлемде қалыптасып отырған нарық жағдайына байланысты АҚШ долларының 1 теңгеге шаққан­дағы бағасы қымбаттағаны белгілі. Осыған орай Ұлттық банктің Жамбыл филиалының директоры Евгений Шарыгин облыстың валюта нарығындағы ахуалымен жұртшылықты ақпараттандыру мақсатында брифинг өткізді.
Қазақстанда валюта айырбастау саясатының қолданыстағы режімі теңгенің өзгермелі айырбастау бағамы болып табылады. Еркін өзгермелі айырбастау бағамының қолданыстағы саясаты экономикада теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмауға мүмкіндік береді, отандық өндірушілердің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етеді, сондай-ақ экономиканы долларсыздандыруға ықпал етеді.
Теңге бағамының ұзақ мерзімді үрдісіне іргелі факторлардың әсері тиетіні сөзсіз. Оларға негізінен мұнай бағасы, саудадағы әріптес елдер валюталарының бағамдары, сонымен қатар төлем балансының жай-күйі, инфляция деңгейі, әлемдік пайыздық және Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемелері жатады. Бұл туралы филиал директоры толығырақ айтып өтті.
– Соңғы уақытта Федералдық резервтік жүйесі монетарлық саясатының қатаңдануы аясында портфельдік инвестициялардың ахуалына байланысты көптеген дамушы нарықтардың ұлттық валюталарының әлсіреуі байқалады, бұл жағдайдан Қазақстан да сырт қалған жоқ.
14 тамыз күні Қазақстан қор биржасының екі сессиясының қорытындысы бойынша теңге бағамы айдың басынан бері 4,78 пайызға әлсіреп, 1 АҚШ доллары 363,28 теңгеге тең болды. Үстіміздегі жылдың осы уақытына дейін теңге бағамы 9,31 пайызға әлсіреп, бір АҚШ доллары үшін 318,31-363,28 теңге ауқымында өзгерді. Мұндай ахуал дамушы елдер валюталарының жалпы әлсіреуі салдарынан орын алып отыр, – дей келе, ол геосаяси шиеленіс, сондай-ақ АҚШ-тың Ресей, Қытай, Түркия сияқты бірқатар мемлекеттерге қатысты протекционистік және санкциялар салу саясаты дамушы елдер валюталары әлсіреуінің негізгі себептері болып табылатындығын, содан бұл дипломатиялық қатынастардың ушықтырылып жатқандығын да тілге тиек етті. «Сондай-ақ экономикасындағы жағымды үрдістер аясында АҚШ Федералдық резервтік жүйесінің пайыздық мөлшерлемелерінің өсуі жөніндегі күтілімдер салдарынан әлемдік нарықтарда АҚШ-тың төл ақшасы нығая түсті. Мұндай факторлар жинақтала келіп, капиталдың дамушыдан дамыған нарықтарға көшу үрдісін қалыптастырды», – деді Евгений Евгенийұлы. Оның айтуынша, қазіргі уақытта бағам іргелі факторлар ықпалымен белгіленіп жатыр. Ұлттық Банк валюта нарығындағы ахуалды үнемі сараптап отырады және қажет болған жағдайда теңге бағамының айтарлықтай және тұрақсыздық туындататын қысқа мерзімді ауытқуларын реттеуге бағытталған өктемдіктерді жүзеге асыруға дайын.
Жалпы алғанда, валюта нарығындағы жағдай тұрақты, тұрғындар арасында дүрлігу байқалмайды, айырбастау пунктері де жұмыстарын тұрақты жүргізуде.
Мәселен, 15 тамызда аймақтағы екінші деңгейлі 12 банк филиалының 108 айырбастау пункті, 27 уәкілетті ұйым және «Қазпошта» АҚ жұмыс жасады. Нақтырақ айтқанда, сағат 10.00-дегі жағдай бойынша сату және сатып алудың орташа бағамы 1 АҚШ доллары үшін сәйкесінше 360,89 және 365,60, 1 еуро үшін 407,44 және 413,47, Ресейдің 1 рублі үшін 5,26 және 5,5 теңгені құрады. Демек, шетел валюталарының ресми бағамдары мынадай көрсеткішті көрсетті: АҚШ доллары – 363,28, еуро – 414,25, Ресей рублі – 5,44 теңге.
Облыстың айырбастау пунктерінде АҚШ доллары бойынша сатып алу мен сату бағамдары арасындағы айырмашылық белгіленген 6 теңгеден, ал еуро бойынша 7 теңгеден аспайды делінген аталмыш банктің берген мәліметінде.
Ресми деректерге сүйенсек, шілдеде аталған валютаны сату және сатып алу сәйкесінше 6,7 және 12,4 миллион АҚШ долларын құрапты. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда, тиісінше 8,2 және 16,2 пайызға төмендеген. Сонымен қатар еуро және Ресей рублін сату және сатып алу көлемі азайған көрінеді.
– Бір сөзбен айтқанда, Ұлттық банктің Жамбыл филиалы нарықтағы қолма-қол шетел валютасының айналымы жағдайын қадағалауды әрі қарай да жалғастыра береді, – деп түйді Евгений Шарыгин.

 

Альмира ОМАРОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support