- Advertisement -

Бейбітшілік бесігін тербеткен шаһар

347

- Advertisement -

Сан ғасырлық соқпақты жолдан аман өткен еліміз тәуелсіз мемлекет атанғалы жеткен жетістіктеріміз еселеп артып, қарқынды дамып келеді. Тәуелсіздік кезеңінде еліміз заманға сай үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырып, күллі әлемді таңдандырып, абыройы асқақтап келе жатқандығы баршамызға аян. Оған, әрине, халқымыздың бекем бірлігі мен көреген Көшбасшымыздың арқасында қол жеткізіп келеміз.
Елбасының ел дамуына тың серпін берген сарабдал саясатының нәтижесі саяси, әлеуметтік, экономикалық және т.б. салаларда өз жемісін беруде. Солардың бірі де бірегейі Қазақстанның жаңа елордасы Астана қаласын салу идеясы болатын. Қашанда көреген көзқарастарымен ерекшеленген Елбасының бұл бастамасы да жемісті болып шықты. Оның дәлелі ретінде Астананың ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алуы мен дүниежүзінің ең көрікті 50 қаласының қатарына кіруін айтсақ та жеткілікті.
Бас қаланың «Астана» деп аталуының сырын Елбасы «Қазақстан жолы» кітабында былай баяндайды: «Бұл қала, Қазақстанның жаңа астанасы менің мақтанышым еді, сондықтан оның атауын сан құбылтуға жол бере алмайтын едім. Онда Ақмоланы қалай атаған, дәл айтқанда, қалай қайта атаған жөн? Ол атау қазақстандықтардың, еліміздің барша ұлты мен ұлысының ғана емес, кірпияз шетелдіктердің де көңілінен шығуы керек.
…Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз – Астана! Қазақша әдемі естіледі. Қомақты, ауыз толады, қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар».
Нұрсұлтан Назарбаев Астананың 10 жылдық мерейтойына арналған сөзінде жаңа қаланың даму философиясын өте анық және бейнелі түрде айқындап берген: «Осында, ежелгі Сарыарқа жерінде тек астана емес, еліміздің болашақ бесігі өмірге келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры бір-бірінен ажырағысыз. Елорда – біздің республикамыздың күш-қуатының іске асуының, динамикалық дамуының және тұрақтылығының көрінісі. Астана барша қазақстандықтарды біріктіретін және алға қарай қадам басқан жарқын, қуатты, гүлденген қалаға айналды. Біздің елордамыз Отанымыздың жүрегі, халықтың өз күшіне сенімі мен ұлы тағдыр-талайының символы болып табылады. Бүгінде Астанада Қазақстанның барлық өңіріндегі сияқты, жүзден астам ұлт өкілдері өмір сүреді. Халықтар достығы, өзара түсіністік және ынтымақтастық – Астананы және жаңа Қазақстанды құрудың негізі», – дейді Елбасы.
Кемел келбеті мен сымбатты сәулеті Батыс пен Шығыстың озық мәдени дәстүрлерінің үйлесімін тоғыстырған ерекше еуразиялық стильмен салынған Астана бүгінде еліміздің мақтанышына айналды. Оған «Бәйтерек» кешені, Бейбітшілік және келісім сарайы, «Хан Шатыр» сауда және ойын-сауық орталығы, «Думан» мұхитаралы, «Астана опера» мемлекеттік опера және балет театры, «Әзірет Сұлтан» мешіті, «Қазақстан» орталық концерт залы, «Қазақ Елі» монументі, «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасы және т.б. сәулетті сарайлар ерекше сән беруде.
Елордасы Астана қаласында Ұлы Даланы мекендеп Мәңгілік Ел болуды мұрат тұтқан мемлекетімізді мекендеген 130-дан астам ұлт пен ұлыс бейбітшілік бесігін тербетіп бақытты өмір сүруде. Бүгінгі береке-бірлігіміздің бастауы болған Астана Отанымыздың алдындағы өзінің тарихи миссиясын толықтай орындаумен қатар, әлемдік шиеленістерді шешу алаңына айналу арқылы күллі ғаламға ынтымақтастықтың ерекше символын көрсетті. Оны әрбір қазақстандық мақтан тұтатындығы анық.
Елбасы Н.Назарбаев 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты дәстүрлі Жолдауында: «Ширек ғасырда біз елімізді түбегейлі өзгерткен екі жаңғыруды іске асырдық. Алдымен нарықтық экономика қағидаларына негізделген мүлдем жаңа сипатты мемлекет құрдық. Екіншіден, «Қазақстан – 2030» Стратегиясын жүзеге асырып, асқақ Астанамызды салдық», – деп, Астананың мәні мен маңызын да ерекше атап өтті. Демек, тәуелсіз еліміздің 2050 жылға дейінгі даму жолындағы үшінші жаңғыруы жағдайында күн кешіп отырған еліміздің қазіргі күнге дейін табысты өткен екі жаңғыруының бірі де бірегей ісі айшықты Астанамыздың салынуы болды. Бұл – баянды болашақ пен тарихи кезең алдындағы маңызы айрықша құбылыс деп бағалауға тұрарлық жетістік. Бүгінде әлемдік кеңістікте ойып алар орны бар Отанымыздың елордасы Астана барлық Қазақстан халқының ірі саяси, экономикалық, мәдени орталығына айналған абыройы асқақ қалаға айналғандығы баршамызды қуантады.

Тұрсынай ӘБДІҚАДЫРОВА,
Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support