- Advertisement -

Тағылымы мол еңбек

275

- Advertisement -

Жақында тарих ғылымдарының кандидаты, Лев Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Алаш» мәдени және рухани даму институтының директоры, профессор Сұлтанхан Аққұлыұлының екі томдық «Әлихан Бөкейхан» атты монографиясы жарық көрді. Кітап ғалымның жиырма жыл бойғы ізденісі, зерттеуі, аянбай еңбектенуі арқасында дүниеге келген.

Жинақта Әлихан Бөкейханның өмірі, саяси аренада тұлға ретінде қалыптасуы мен қызмет жолы, Дума депутаты ретінде қазақ елі, жері үшін жүргізген күресі, публицистикасы, зерттеулері, орыс газет-журналдарында жарияланған мақалалары, «Қазақ» газетінің жұмысына араласып, жазған публицистикалық еңбектері, «Алаш» партиясын құру жолында атқарған істері, ең соңында Алашорда үкіметінің басшысы ретінде елге сіңірген еңбегі егжей-тегжейлі жазылған. Бірінші том негізінен үш тараудан тұрады. Онда «Қазақтар байырғы жерінен қалай айырылды?» деген тақырыппен басталып, ХІХ ғасырдың басы мен екінші жартысындағы саяси-экономикалық жағдай, Ресей патшалығының қазақ жерін қалай жаулағаны туралы айтыла келе, Әлихан Бөкейханның өмірге келіп, білім алуы, Петерборда оқуы, орманшы, заңгер мамандығын иеленуі, алғашқы саяси қадамы, дүниетанымының қалыптасу кезеңдері суреттелген. «Алаш» идеясы мен қозғалысының дүниеге келуі, конституциялық-демократиялық партия немесе халық бостандығы партиясын құру, қазақ өлкесіндегі алғашқы саяси шерулер, көрші елдің мемлекеттік Думасындағы қызметі туралы мұрағаттың құжаттары берілген.
1905 жылғы солтүстік көрші елдегі көтерілістен соң қазақтың зиялы қауым өкілдері, ғалымдар, заңгерлердің қазақ елінің бостандығы туралы ой-пікірлері, газет-журналдарда жарық көрген мақалалар, алаштың атақты азаматтары Ә.Бөкейхан, М.Дулатов, А.Байтұрсынов және басқалары қазақты оятып, бостандық, ел үшін саяси күреске шығып, білім алуға шақырып, елдің сауатын ашып, біріктіру жолындағы еңбектері жайлы материалдар түгелімен қамтылған.
Аталған кітапта «Алаш» партиясы мен Алашорда үкіметінің дүниеге келуі, жалпы қазақ съезі, «Алаш» партиясы бағдарламасының жариялануы, үкіметтің алға қойған мақсаты анық берілген. ІІ жалпы қазақ съезінің шешімдері, әрбір облыста, уезде Алашорда үкіметі комитеттерінің құрылуы, еліміздің барлық жері мен суы, орманы мен тауы, жерасты байлығы түгелдей «Алаш» мүлкі болып жариялануы, ең бастысы қазақ жерінің шекарасын анықтап бекітуі тарихи іс еді. Кітапта бұл тақырып та жақсы қаузалған. Алашорда халықтық-демократиялық мемлекетінің басшысы, төрағасы болып Ә.Бөкейханның сайлануы және алаш зиялылары мен арыстарының халық үшін атқарған жұмыстары мұрағат құжаттарымен дәлелденген. Сонымен қатар Ә.Бөкейханның ұлт басшысы дәрежесіне көтерілгені, оның қызметі мен істері туралы құжаттар жеткілікті берілген. Автор екі томдық монографиясын әзірлеу үшін Мәскеудің, Петербордың, Омбы мен Орынбордың, Самарханның, Ташкенттің және Алматының мұрағаттарынан мол деректер жинаған.
Шындап келгенде мұндай екі томдық монография – бір адамның емес, бүкіл тарих институтының атқаратын жұмысы. Осындай ауқымды мұрағат құжаттарына сүйеніп дайындаған кітаптың айтары мол. Әсіресе тарихшылар мен жастарға өте қажетті, құнды дүние. Сонымен қатар осы екі томдық әрбір кітапханада, әрбір мектепте тарихшылардың қолында жүрсе дейміз. Алашорда, оның көсемдері туралы білем деген адамның бәрі де оқуы тиіс деп ойлаймын. Ендеше жаңа, құнды кітапты оқуға асығыңыздар!

Москау Ноқрабеков.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support