- Advertisement -

«Қызыл сызық» мәселесі жоқ аудан

800

- Advertisement -

Халық мүддесін бірінші орынға қойған мемлекеттің өзі де алдыңғы қатарға шығады, әрі дамуы қарқынды жүреді. Осы тұрғыда өңірімізде тұрғындарға бар жағдай жасалып, жайлылық тудырып, қауіпсіздігі қамтамасыз етілуде. Аталған шаралар қатарына абаттандыру, көгеріштендіру ісі, санитарлық тазалық, «қызыл сызық», жер учаскелерін заңсыз иелену сынды мәселелерді де жатқызуға болады. Өйткені осыған байланысты тұрғындар арасында түсінбеушіліктің жиі орын алып жататыны бар. Сондықтан әркім заңға бағынғаны ләзім.
Аталмыш мәселелердің аудандарда да жүзеге асырыла бастағаны көңіл қуантады. Бірақ қай деңгейде? Осы орайда Байзақ ауданында тындырылған бірқатар тірліктермен танысудың сәті түскен-ді.
Байзақ ауданы да өз ерекшеліктеріне қарай дамудың даңғыл жолын таңдаған аудандардың бірі. Жол демекші, «қызыл сызық», яғни елді мекендерді жоспарлау құрылымындағы орамдардың, шағын аудандардың, өзге элементтердің аумағын көшеден (жолдардан, алаңдардан) бөліп тұратын шекара ауданның құрылыс саласында қаншалықты сақ­та­лынып отыр?
– Ауданның 18 ауылдық округіне қарасты 43 елді мекеніне бас жоспарлары мен бөлшектеп жоспарлау жобалары 2012-2018 жылдары аралығында толық дайындалып, тиісті ауылдық округтердің теңгерімдеріне тапсырылған. Барлық құрылыс жұмыстары бекітілген құжаттарға сәйкес жүргізіледі. Сонымен қоса дайындалған «қызыл сызықтардың» бөлу жоспары қатаң сақталатындықтан, бүгінгі күнге ауданның елді мекендерінде заң нормаларын бұзу деректері анықталмаған, – дейді Байзақ аудандық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы М.Кездікбай.

Облыстық маңызы бар автожолдардың бойында орналасқан контейнерлік сауда орындарының рұқсат құжаттары, санитарлық-техникалық талаптары мен құрылыс нормаларына сәйкестігіне зерделеу жұмыстары жүргізіліп, барлығы 15 контейнер «сын тезіне» іліккен. Тиісті ауылдық округ әкімдіктерінің мамандары тарапынан анықталған бұл контейнерлерді егелеріне орнынан алу туралы ескерту хаттары берілген. Қазіргі уақытта мұндай сауда нүктелері алыну үстінде екен.
– Бұрындары жол бойында жабайы саудамен айналысушылар көп отыратын. Қазір бәрі қалыпқа келе бастады. Контейнер, жабайы сауда нүктелері алынып, көше бойы кеңейіп, ауылдың көркі кіріп қалды, – дейді бұл жайлы аудан тұрғыны М.Тәжиева.
Бөлім басшысының міндетін атқарушының сөзіне сүйенсек, жеке тұлғалардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңдарды бұза отырып, онда белгiленген тәртiппен рұқсат алмай, өз бетiнше құрылыс-құрастыру жұмыстарын жүргізгендері де бар. Биылдыққа осындай 3 азамат анықталып, шара қолдануға облыс әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасына жолданған.
Бұдан бөлек «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Мырзатайдағы 15, Жетібайдағы 10, Қостөбе ауылындағы 20 гектар тұрғын алқаптарының инфрақұрылымдарының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Тасжол мен электр жүйелері тартылған соң кезекте тұрған азаматтарға жер телімдері беріле де бастайды.
Аудан бойынша 20 ескерткіштің аумағы тазаланып, абаттандырылыпты. Бәйтерек ауылдық округінде ауданның 80 жылдық мерейтойына арналып іргесі қаланған аллея ішіне 509 түп арша, 230 түп терек егілген. Сарыкемер ауылындағы Байзақ батыр көшесінің бойына 145 түп туя, 53 түп арша көшеттері отырғызылған. Бұл тал-дарақтың бәрі де бүгінде арнайы күтімге алынып отыр. Аудан бойынша бүкілқазақстандық акцияға 1846 адам қатысып, барлығы 3618 түп түрлі ағаш көшеттері отырғызылуына үлестерін қосқан.
Құмжота ауылындағы Даңғыл ата көшесінің 1,8, Сарыкемер ауылындағы Мәмбет батыр көшесінің 0,6, Мәдімар болыс көшесінің 0,62, Сеңкібай көшесінің 0,62, С.Әбілеков көшесінің 0,38 шақырымына, Дихан, Сарыкемер ауылдарында 3,4 шақырым жаяу жүргінші жолына асфальт жабынды төселгендігін де осы бөлімдегілерден естідік.
Ал абаттандыру, көгеріштендіру жұмыстарына қатысты ауданның 80 жылдық мерейтойына орай Байзақ датқа кесенесінің маңына гүлзарлар мен сәндік ағаштар отырғызылған көрінеді. «Кесене аумағы қоршалып, 80 баспалдақтан тұратын жол салынды. Маңайы жарықтандырылып, көшеттер мен көгеріштер аумағын суару, асфальт жол салу мәселесі шешілген. Бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес ауданда тазалық, көгеріштендіру және көріктендіру айлығына 17000 адам қатысып, 320 адам ақылы қоғамдық жұмыстарға тартылды. Арық және су арналары, көшелер, саябақтар мен скверлер тазаланды. Күл-қоқыс шығарылып, бағаналар сырланды. Қоқыс төгетін орындар жойылып, тал-дарақтар әктелді. Тал бұтақтары кесіліп реттелді. Ағаш түрлерін егіп, гүлзар орнатып, көгалдар орналастырдық», – дейді аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Т.Бибосынов.
Бұл тұрғыда Сарыкемер ауылындағы Суханбаев көшесінің тұрғыны Е.Кеңесовтің пікірін білген едік. «Әкімдік тарапынан ауыл іші тазалығына айрықша мән берілуде. Қоқыстарды шығару бойынша тұрғындармен келісім жасалған, аптасына бір рет қоқысты арнайы мекеме тасымалдайды. Олар жұмыстарын тиянақты атқаратындықтан, көшелеріміз де тап-таза», – деді ол. Ал екінші бір тұрғын Б.Жанықов: «Бүгінгі таңда жол бойына ағаштар мен гүлзарлар орнатылып, ауданымыздың көркін ашуда. Саябақтардың ішінде тазалық қатаң бақыланады. Әрдайым таза тұрады. Балаларға арналған ойын алаңқайлары да бар. Отбасыммен демалуға осында жиі келемін. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да дәл осылай жүйелі атқарыла береді деп ойлаймын», – деп атқарылып жатқан жұмыстарға ризалығын жеткізді. Расымен де, аудандағы 18 ауылдық округтің тұрмыстық қалдықтарын 8 мекеме 31 техниканың күшімен уақтылы шығарып отырады екен.
Ауылдық округтерден шығарылған қатты қалдықтар «Алди и К» ЖШС-ның полигонына тасымалданады. Полигон Сарыкемер ауылынан 3 шақырым қашықтықта 3 гектар аумақта орналасқан. Жобаға сәйкес сыйымдылығы – 120 мың тонна. Сонымен қатар онда қағаз, шыны және полиэтиленді қалдықтарды бөлек сұрыптау жұмыстары жүргізіліп, қайта өңдеуге жолданады. «Алди и К» ЖШС, сондай-ақ қолданыста болған құрамында сынап бар люминисценттік шамдарды жоюға арналған ресейлік «Экотром 2У» құрылғысын орнатып қойыпты.
Жалпы алғанда, байзақтық мамандар мен тұрғындар көзқарасы бір жерден шығып, пікірлері бір арнаға тоқайласып жатты. Халық та ырза, қызметшілер де өз жұмыстарын мүлтіксіз атқарып жатқан аудан басшыларына сәттіліктен басқа не айтуға болады мұндайда?!

Альмира ОМАРОВА

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support