- Advertisement -

Туризмді ауылдарда да өрістетуге болады

451

- Advertisement -

Еліміздің табиғи қорларының бірегейлігі шетелдік экотуризм өкілдерін де айрықша қызықтырары анық. Әдетте, туристік тартымдылыққа ие нысандар маңайында жергілікті тұрғындар қосымша табыс табу үшін саяхатшыларға тұрғын және киіз үйлерін жалға беріп, олардың көлікпен немесе салт атпен қыдыруына мүмкіндік жасап, азық-түлікпен қарайласып, шеберлік сыныптарын да өткізе алады. Ал кейбіреулері ұлттық аңшылық рәсімін ұйымдастыру, асхана мәзірлерін, қолөнер бұйымдарын әзірлеу арқылы табыс табады.

Жергілікті тұрғындардың ұлттық мәдениетімен, салт-дәстүрлерімен әдемі үйлескен мұндай демалыс түрі жайлылық деңгейі жоғары болуын талап ете қоймайды. Сол себепті көптеген елдерде Community Based Tourism немесе қазақша айтқанда, қауымдастыққа негізделген туризм айрықша танымалдыққа да ие. Қызмет көрсетудің жалпы стандарттары, баға бағамы белгіленуімен бір ауыл тұрғындарының туризм негізінде ұйымдасқан бірлестіктерге бірігуі, ауылдық экологиялық туризм дегеніміз осы. Бүгінде мұндай қауымдастықтар көршілес қырғыз елінде табысты жұмыс жасауда. Олардың негізгі мақсаты – қоршаған ортаны қорғаумен және жергілікті тұрғындардың мәдениетін құрметтеумен қатар, туристік нысандардың инфрақұрылымдық жүйесін одан әрі дамыту арқылы орталықтан шалғай орналасқан елді мекендер тұрғындарының тұрмыстық деңгейін жақсарту болып табылады.
Қазақстанда туризмнің бұл түрі Ақпараттық ресурстық экотуризм орталығы мен Қазақстан туристік қауымдастығының қолдауымен дамытыла да бастады. Бұл ретте экотуризмді жобалар жүзеге асырылар аумақтардағы қауымдастықтармен бірлесе табысты салаға айналдыру көзделген.
Меркі ауданында облыс әкімдігі туризм басқармасының бастамасы бойынша Қазақстан туристік қауымдастығының ұйымдастыруымен қауымдастыққа негізделген туризм нысандарын құруға байланысты өңірімізде алғаш рет өткізілген семинар барысында осы мәселе басты әңгіме арқауы болып өрілді.
Іс-шара қауымдастыққа негізделген туризм секцияларының тұсаукесері өткізілуімен басталды. Бұдан кейін дәріс тобының мүшесі, Тұран университетінің доценті Майра Рахымбекова аталған қауымдастықтардың атқаратын міндеттері және олардың жұмысын үйлестірудің ереже-қағидаларымен жан-жақты таныстырып өтті.
Айта кету керек, мұндай құрылымдар бүгінде Алматы облысы, Ескелді ауданы, Қарабұлақ ауылында құрылып, табысты жұмыс істеуде екен. Биылғы қыста аталған ауылдағы шағын қонақ үйлердің иелері 500-ден астам шетелдік туристерді қабылдауға қол жеткізген. Қонақ үйлер ашып, жалпы жұмыстарды үйлестіру тәжірибелерімен бөліскен қауымдастық өкілі С.Есімбекова меркілік кәсіпкерлерді осынау берекелі іске батыл кірісуге шақырып, әсіресе, мұның қарапайым ауыл тұрғындары үшін өте тиімді екенін атап өтті.
Жалпы Меркі өңірінде қауымдастыққа негізделген туризмді қалыптастырып, дамытуға қажетті алғышарттардың барлығы да бар. Аумақта бірқатар бірегей және шағын шипажайлар, қонақ үйлер жұмыс істейді. Ал ауылды жерлерде экологиялық туризмнің бизнес ісі өрістеуіне тигізер септігі мол. Жиынға жергілікті кәсіпкерлер де көптеп қатысып, жаңа жобамен жан-жақты танысты.
– Бұл істе туристерге қызмет көрсету мәдениеті мен сапасы, сондай-ақ жеке кәсіпкерлік құрылымдары иелерінің өз халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін, шет тілдерін жетік білуі айрықша маңызға ие. Ал біздің міндетіміз – Қазақстан туристік қауымдастығымен бірлесе отырып, шағын және орта бизнес өкілдерін қауымдастыққа негізделген туризмді ұйымдастыру арқылы табыс табуға бейімдеу, – дейді бұл тұрғыда облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Қарлығаш Аралбекова.

Елена ПАК,
журналист.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support