- Advertisement -

Бөбектерді қалай тамақтандырған дұрыс?

166

- Advertisement -

Бала денсаулығын сақтау үшін сәби дүниеге келген күннен бастап оны дұрыс тамақтандыруға баса мән берген жөн. Ана сүтінің уызына жарыған бүлдіршіннің дені де сау болады. Дегенмен бүгінде нәрестесін жасанды тағамдармен тамақтандыратындар көбейді. Мамандар бөбектердің болашағын ойласақ, құрғақ сүтті алты айдан асқаннан соң қолданған дұрыс дейді. Жасанды сүттің пайдалысы да, зияны да бар қоспалары болады. Ал ананың уызында пайдалы нәруыздар он, тіпті жүз есе көп. Осыған қарап, қазақта «уызына жарымаған» деген сөздің бекер айтылмағанын бағамдай беруге болады. Бұл туралы дәрігерлер не дейді? Баланы тамақтандыру турасында ұлттық тәрбие негізінде қандай өсиет жеткен бүгінгі күнге?

Дәрігер
не айтады?

Айгүл Сматілдаева,
Т.Рысқұлов аудандық орталық аурухананың жоғары санатты балалар дәрігері және балалар неврологі:

– Маммологтер емізудің сүт безі қатерлі ісігінің алдын алатынын айтып жүр. Емізу – ананың да, нәрестенің де денсаулығы үшін пайдалы. Ана сүтінің құрамы молекулаларға бай. Ол ағзадағы өсуді тежейтін негативті әсері бар патогендерге қарсы тұрады. Қан құрамын қажетті дәрумендермен байытып, ішектегі табиғи микрофлораның түзілуіне әсер етеді. Қарапайым тілмен айтқанда, емшек емген балада ішек ауруларының пайда болу қаупі азаяды.
Бір айдан кейін ана сүтінің құрамы өздігінен өзгереді. Жас ағзаны тазалайтын құрам нәрестенің иммундық және жүйке жүйесін күшейте түсетін элементтер мен дәрумендермен алмасады. Бірте-бірте сүт құрамындағы қант түрлері де азая түседі. Оның орнына май мен жас ағзаға күш беретін, өсіретін элементтерге толығатынын білген жөн.
Ана сүтінің құрамындағы табиғи әрі пайдалы дәрумендердің арқасында бала тез өсіп, аурушаң болмайды. Емізу – нәрестенің ішек, асқазан, ішкі құрылыстарының дұрыс жетілуіне көмектесіп, осы ағзаларының және тыныс алу жолдары ауруларының алдын алудың бірден-бір жолы. Сондықтан біз жас аналарға сәбиді бұрынғыдай белгілі бір сағатта емес, жиі емізуге кеңес береміз.
Ана мен бала денсаулығын қорғау мақсатында арнайы бағдарлама шеңберінде елімізде емшек емізуді қолдау және насихаттау шаралары жүргізіледі. Бұл – нәрестелердің шетінеуін, балалар ауруларын азайтудың жолы.

Ұлттық тәрбие негіздері

Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» еңбегінен:

«Баланың жақсы өсуі үшін оның тамағы жақсы болуға тиіс. Тамақ баланың өсуіне қарай өзгеріп отыру керек. Бастапқы кезде балаға ең дұрыс тамақ – ананың сүті. Сүттің ішінде денеге керек заттардың бәрі бар. Ана сүті бала өскен сайын өзгеріп отырады. Ана бір себептерден баласын емізе алмайтын болса, әрине, қолдан асырауға тура келеді.
Бірақ емізуге мүмкін болғанда абзалы – ананың өзі емізу. Статистикалық санақ пәнінің көрсетуі бойынша ана сүтін емген жүз баладан 15-20-сы ғана өледі. Ал қолдан асыраған жүз баладан бір жылда 65 бала өледі.
Қолдан асырағанда балаға лайықты тамақ – ешкі сүті. Бұл болмаған күнде, сиыр сүті. Бірақ сиыр сүтінде ақ (белковина) пен май көп, қант аз. Сондықтан сиыр сүтін сұйылту һәм тәттілеу керек. Жаңа туған балаға берілетін сиыр сүтіне үш есе су қосу керек. Мұнан соң 2-3 айға шейін бір бөлім сүт, екі бөлім су, 3 айдан 6 айға шейін екеуін де бірдей, ал тоғыз айдан былай таза сүттің өзін беріп отыру керек. Бір ішкізгеннен қалған сүтті екінші рет беруге жарамайды.
Ішіндегі сүтін емізіп болған соң құр емізікті балаға сорғызып қою тіпті дұрыс емес. Біріншіден, баланың іші желге толып аурулы болуға себеп болады. Екіншіден, желімнен жасалған емшек баланың денесіне зиян келтіреді. Баласына құр емізікті сорғызып қойып, ауыл қыдырып, өсек аңду анаға лайықты іс емес, баланы таба білсең, ерінбей дұрыс баға біл.
Анасы емізген бала біраз өскен соң анасының сүтінен басқа тамақ тілей бастайды. Жай тамақты алты айсыз бере бастау дұрыс емес. Жай тамақты бергенде әуелі жеңілінен бастап, бірте-бірте ауырына көшу керек. Мысалы, былай: сиыр сүті, бал қаймақ, ақ ірімшік, қатық (ащы қылып ұйытпау шартымен), қаймақ, жұмыртқа, сорпа. Бір жасқа толғанға май, нан, ет беру тіпті дұрыс емес. Қызыл иегімен қажалатқызып балаға нан беріп, ет беріп, сорғалатып май беріп қойған ана, баланың досы емес, қасы. Маған майлы бауырсақ, қазы, қарта бере көр дегенде баласына ет, нан шайнап беретін ана – ананың нағыз оңбағаны, барлық денесі, асқазаны тіпті нәзік баланың нан, май, ет жеп көтеретін қанша күші бар? Қазақ баласының ауру болуы, көбінесе осы талғамай тамақ жегеннен болады. «Ауру – астан» деген қазақ мақалынан айналып кетсең болмас па?».

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support