- Advertisement -

Полиция капитаны Жансая

143

- Advertisement -

Астана қаласынан олжамен оралды

Жақында Астана қаласында ішкі істер органдары ақпараттық-аналитикалық бөлініс қызметкерлерінің арасында «Үздік маман» байқауы өткен болатын. Ақпараттық-аналитикалық бөлініс қызметкерлерінің кәсіби шеберлігін шыңдап, тәжірибе алмасу, олардың қызметтегі тиімділігін арттыруды көздеген конкурсқа өңірлік іріктеу кезеңінде жеңімпаз атанған облыстық ішкі істер департаментінің ақпараттық-аналитикалық орталығының инспекторы, полиция капитаны Жансая Абдраемова республикадағы «Үздік маман» атанып қайтты. Жарысқа облыстық ішкі істер департаменттері бойынша үздік деп танылған 17 қызметкер қатысқан болатын.
– Байқаудың алғашқы күні экстремалды жағдайда дайындықты тексеру үшін атыс, дене дайындығы және күрестің жауынгерлік тәсілдері бойынша сынақтан өттік. Одан кейін функционалдық міндетімізге қатысты практикалық тапсырмаларды орындадық. Жарыстың екінші күнінде Қазақстан Республикасының заңнамаларын және ішкі істер органдарының қызметін реттейтін құқықтық актілерді меңгеру бойынша тест тапсырдық.
Қатысушылар өте білікті, кіл мықты мамандар болды. Жарыстың бір ерекшелігі –үміткерлердің жас айырмашылықтарының да қарастырылғаны. Өз жасымызға қатысты санат бойынша барлық тапсырмаларды ойдағыдай орындап шықтым, – дейді полиция капитаны Жансая Кеңесбекқызы.
Оның облыстық ішкі істер департаментінде жұмыс істеп келе жатқанына 7 жылдай болыпты. 2004 жылы ақпараттық жүйелер бойынша мамандық алып, орта арнаулы оқу орнын қызыл дипломмен бітірген Жансая Кеңесбекқызы 2009 жылы ішкі істер департаментіне ерікті жалдамалы болып жұмысқа орналасқан екен. «Арасында басқа салада еңбек еттім. 2011 жылы жоғары оқу орнын сырттай бітіргеннен кейін ішкі істер департаментіне қайта жұмысқа келдім. 2012 жылы офицер, 2016 жылы полиция капитаны шенін алдым. 2 қызым бар», – деп ой бөліседі полиция капитаны.
Жансая бала кезінен спортқа бейім болып өсіпті. Оның арманы – спортшы болу еді. Таеквондоны таңдап, осы спортта жетістікке жетуді қалаған екен. Бірақ анасының «Отбасымыздан ішкі істер органында жұмыс істейтін бір адам шықса» деген тілегін орындау үшін Жансая осы саланы таңдапты. «Анам осы саланы таңдағанымды қалады. Бір жағынан мінезім де сәйкес келетін. Ішкі істер органдарында жұмыс істеу үшін керек қасиеттің бірі – осы. Төзімді болу керек, кез келген сынаққа әзір болу қажет. Спорттық формаңды да сақтауға тиіссің. Физикалық дайындық өте маңызды. Сондықтан болар кейін бұл таңдауыма еш өкінген жоқпын», – дейді Жансая.

 

Камила Борашова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support