- Advertisement -

Темір құрастырмаларға тапсырыс толастамақ емес

384

- Advertisement -

Тараз қаласының күнбатыс бөлігінде зауыттар шоғыры бұрын да болған. Қазір де бар. Өзіміз діттеп келген кәсіпорынның 12 гектарды құрайтын атшаптырымдай ауласында жұмыс қызу жүргізіліп жатыр еді…

Алаңда дәнекерлеушілер қолындағы құрал-аспабы ұшынан от жарқылдап, темір «пісіріп» жатса, екінші біреулері арнайы техника көмегімен қалың темірлердің өзін қиналмай кесіп-пішіп, қаңылтырларды қайыңша иіп, қарекет ету үстінде. Жұмысшылардың бір тобы дайын болған сыйымдылықтарды бояп жатыр. Жайдақ вагондарға жүк тиеп жүргендердің де қарасы мол. Зауыт ауласы құмырсқаның илеуіндей қыз-қыз қайнайды. «Металл құрастырмалар мен резервуарлар зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің күнбе-күнгі тыныс-тіршілігі осындай.
Осы орайда нарыққа өтпелі кезеңнің ауыр сынына шыдас бере алмай, банкротқа ұшырап өзі құралыптас кәсіпорындар түгел жуық жұмысын біржола тоқтатқан болса, аталған зауыттың мұрты бұзылмай сол күйі сақталып, осы күнге жетуі оның басшысы Талас Ахметовтің табандылық танытып, көп күш-жігер жұмсауының жемісі екенін атап өтсе де еш артықтығы жоқ. Кәсіпорын осы уақыт ішінде талай ауыр сынды, дағдарыс пен өтпелі кезең қиындықтарын бастан өткерді. Зауыт ұжымы тиімді басқарудың, ынтымақ пен ауызбіршіліктің арқасында, барлық қиындықты еңбекпен еңсере білді. Қазір мұнда бұдан жиырма жыл қалай болса, қазір де солай секілді. Жұмыс ауқымы да бұрнағысынан ұлғаймаса, азайып отырған жоқ. Қазір кәсіпорынның түрлі салаларына барлығы 200-ден астам адам жұмысқа тартылған. Олардың жартысына жуығы тапсырыстар көлемі ұлғаюына байланысты екінші ауысым бойынша еңбек етеді. Жұмысшы-қызметшілер айлық жалақыларын да уақтылы алып отыр.
Айтпақшы, Талас Айсақалұлының еңбек кітапшасында бір-ақ жазба жазылуының – жастайынан өндіріс саласында еңбек жолын бастап, цех басшысы, зауыт директоры болып, бір орында тапжылмай 46 жыл тер төгуінің де тағылымы талайға үлгі емес пе?! Ол кісіні елеулі еңбегі үшін жуырда Астана қаласына 20 жыл толуы мерейтойлық медалімен марапатталуымен құттықтауды да ұмытпадық.
Жалпы қиюын тауып, қисынымен кәдеге асыра білсе, темірден жасалынбайтын зат жоқ десе де болады. Аталған кәсіпорында бүгінде түрлі сыйымдылықтар, колонкалар (бағандар), формалардан басқа алып ғимарат құрылыстарына қажетті темір құрастырмалардың барлық түрлері әзірленеді. Талас Айсақалұлы Үшбұлақтан Алматы қаласына дейінгі күре жол бойындағы жанар-жағармай базалары мен зауыттардың пайдалануындағы түрлі көлемдегі сыйымдылықтардың барлығы да осы металл құрастырмалар мен резервуарлар зауыты жұмысшылары қолымен жасалынғанын айтады. Ал тапсырыстардың жыл бойы үзіліссіз, көптеп түсіп жататыны да тиянақты еңбектің өтеуі екені анық. Зауыт ұжымы Өзбекстан, Қырғыз Республикасы, Қытай, тіпті Алмания елдері тарапынан да түскен тапсырыстарды тап-тұйнақтай етіп орындауымен абырой биігінен көрінуде. Былтыр Шымкент мұнай өндіру зауытының кеңейтіліп, қайта құрылымдалуымен байланысты міндеттелген жұмыстардың да уақтылы әрі сапалы орындалуына қол жеткізілген. «Металл құрастырмалардың барлығын да жасаймыз. Негізінен бүгінде Атырау, Ақтау, Ақтөбе облыстары мен «Құмкөл» мұнай зауыты тапсырыстарын орындау үстіндеміз», – дейді Т.Ахметов.
Кәсіпорынның биылғы жылдың тамыз айына дейінгі тауар өндіру мен қызмет көрсету көрсеткіші де көңілдегідей. Атап айтқанда, бұл мерзім ішінде мұнда 594 261 мың теңгенің 1862, 6 тонна өнімі өндірілуіне қол жеткізіліп отыр. Бұл жетістікте дайындау телімі мен құрастыру жинау цехының жоғары разрядты бригадирлері Қанат Бекжанов пен Жансерік Тілемісовтің, электрмен дәнекерлеуші Сергей Комаровтың, тағы басқаларының қомақты үлестері бар. Кәсіпорынның қызметкерлері алдағы уақытта да жоғары жетістіктерге жету жолында ауызбіршілікпен жұмыла еңбек ете бермек.

 

Баймаханбет АХМЕТ

Суреттерді түсірген
Ақәділ РЫСМАХАН.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support