- Advertisement -

Шәмші тұрған үй

874

- Advertisement -

Бұл туралы бұрын да жазғанбыз. Жазғанда, өмірінің соңғы жылдары біздің өңірге атбасын бұрып, қариялық ғұмырын Жамбыл жерінде тып-тыныш өткізгісі келген атақты композитор Шәмші Қалдаяқовтың үй салмақ болғаны туралы сөз тұғын ол. Әрине, «бауы мен шуы көп» дегендей, үй салу деген де бірден біте салмайтын тірлік. Шәкең де үйден бұрын әуелі гараж салып алайыншы деп шешкен сыңайлы. Өзі де «біссіміллә» дегенде сол гаражын біраз уақыт баспана ғып тұрған екен. Бірақ кейін денсаулығы сыр беріп, емделуге кетті де, арада көп уақыт өтпей ел-жұрты Шәкеңді жоқтап, жылап-сықтап қала берді. Одан арғысы белгілі… артында қалған гаражы мен үй саламын деп армандаған жер телімі, «сауда сақал сипағанша» дегендей, сатылып кете барды.

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның еңбек
сіңірген қайраткері.

Бүгінгі Жалпақтөбе, кешегі Дунгановка ауылы – Шәкең үшін өте ыстық мекен болатын. Ондағы қазақтар ғана емес, діні бір дүнген ұлтының өкілдерімен де етене араласып, ағайын-туыстай боп кеткенінен құлағдармыз. Шәкеңді көрген үлкендер жағы бұл туралы ерекше ықыласпен әңгімелейді. Шәкеңнің шахматқа әуес болғандығын, сол арқылы дүнген ауылындағы картақұмар жастардың бетін ала тақтаға үңілдіретін ойлылар ойынына бұрғанын да қызыға айтады. Осы ауылдағы дүнген аруына арнап жазған әніне сүйсініп, ал өзі болса дүнген той-думандарының қақ төрінде құдалардың бірі сынды құрметке бөленіп, сіз-біздің ортасында отыратынын да аса бір сағынышпен еске алады.
Біз осының бәрін қал-қадерімізше айтып, «осы үйді, мүмкін болса, қазіргі иесінен сатып алып, атақты композитордың музей-үйі жасасақ қалай болар екен, ә?» деп те мәселе көтергенбіз. Мақұл, ол болмайтын шаруа екен, ендеше «Осы үйде өмірінің соңғы жылдарында атақты композитор Шәмші Қалдаяқов тұрып, шығармашылық жұмыстармен айналысып еді» деген тұрғыда мәрмәр тақтаға мәнерлеп жазып, іліп қоялық та ең болмаса» деп те айтқанбыз.
Бірақ өкінішке қарай, бұрынғы әкімдер былқ етпеді. «Болады» деп те, «болмайды» деп те жақ ашпады-ау, сабаздар. «Егемен Қазақстандай» елдегі ең ірі газетті алдына жайып салып, мақалада жазылған мәселенің астын сызып тұрып көрсетіп, «егер осы уәж орындалып жатса Ел мен Ес деген бас әріппен жазылатын үлкен мәселе үшін абыройлы іс қой десе» де, үндемеген ғой.
Мұның бәрі, әрине, «15 тамыз – «Қазақ вальсінің королі» атанған кемел композитор Шәмші Қалдаяқовтың туған күні» дегенді естіп ойға оралып отыр. Ойға оралғасын, «қой, кеңседе пысынап отыра бермей, сол үйді барып бір көріп келейікші әуелі» деп жолға шыққанбыз.
О баста Шәкең жер алып, үй салмақ болған мекен-жай Жалпақтөбе ауылындағы Жалпақтөбе көшесі мен Шәмші Қалдаяқов көшесінің бұрышына орналасқан. Осыдан біраз жыл бұрын барғанымда Шәкеңнің көзіндей боп өз қолымен салған гаражы тұрушы еді, жаңа қожайын оның үстіңгі жағын бұзып, астыңғы жағын фундамент ретінде ғана қалдырып, жаңа жай салып жатыр екен. Оны да ауланың сыртынан сығалап жүріп әрең көрдік. Өйткені үй иелері шаңырақтарында болмай шықты.
Үйді айналып жүріп тағы бір байқағанымыз, үйдің шарбағында көшенің аты жоқ екен. Сондықтан Шәмшінің есіл де есіл, есіл жұрты өзінің құрметіне берілген Шәмші Қалдаяқов көшесіне қарай ма, жоқ әлде, Жалпақтөбе көшесіне қарай ма, біле алмадық. Әрине, үй иесіне белгілі болса белгілі шығар, ал «осы жерде атақты Шәкеңнің ізі қалып еді-ау» деп, алыстан арнайы іздеп бара қалғандар мекен-жайдың қай көшеге қарайтынын біле алмай дал болары даусыз. Сонымен не керек, үйдің қақпасын сыртынан ары тоқпақтап, бері тоқпақтап, ешкім дыбыс бермеген соң, амал жоқ кері қайттық.
Жалпақтөбе ауылы – Жамбыл ауданы әкімдігінің аумағына қарайды. Сондықтан ауданның, ауылдың әкімдері осы үйге барып, оның қожайынымен сөйлесіп, мән-жайды айтса дейміз де. Айтқанда, «Мына баспанаңыздың қабырғасына бұл үйде еліміз тәуелсіздігін алмай тұрып-ақ бүгінгі тәуелсіз еліміздің Әнұранына арқау болған әнді жазып қойған осындай да осындай белгілі композитор тұрған, бұл біз үшін де, сіз үшін де мақтаныш болуға тиіс. Енді осыны құр айта бермей, шаңырағыңыздың көрнекті жеріне ескерткіш мәрмәр тақта іліп қойсақ деп келіп едік» деп жылы-жылы сөйлесе, ол да адам баласы ғой, бір игілікті іс бітер деп ойлаймыз.
Жазушының міндеті жазу, қалғаны жергілікті биліктің шаруасы. Сондықтан ендігі іс – Жамбыл ауданы әкімінің руханият саласына жауапты орынбасарына, ішкі саясат бөлімі басшысына сын. Бұл тұрғыда Шәмшінің әнімен шырқалатын Әнұран естілген сайын орнынан тік тұратын аудан әкіміне де артылар жауапкершілік жүгі мол. Қысқасы, «Рухани жаңғыру» деген сөзді жүз рет қайталай бергеннен жаңғырып кетпейтіндігімізді, қайта, керісінше, ауылдан Астанаға дейін «Бәрекелді!» дегізетін халықтың жанына жағымды ұсынысты қолдап, ол іс бітіп жатса, әне, бәрінен ғанибет сол! Рухани жаңғыру дегеніміз де сол емес пе негізінде.
«Үмітсіз – шайтан», айтқан сөзіміз дәл осы жолы жерде қалмас деп ойлап отырмыз.

Жалпақтөбе ауылы,
Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support