- Advertisement -

«Астана» мен «Қайрат» қайтер екен?

677

- Advertisement -

Футболдан Еуропа чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының үшінші кезеңіндегі қарымта кездесулерде қазақстандық командалар қайтер екен? Чемпиондар лигасында үміт артқан «Астанамыз» бірінші ойынды өз алаңында өткізіп, хорватиялық «Динамоға» 0:2 есебімен жол берсе, «Қайрат» чехиялық «Сигмадан» түзде дәл осындай есеппен жеңілген болатын.
«Астананың» ойында басымдыққа ие болғанын жазғанбыз. Дегенмен сырт алаңда аз мүмкіндіктерін молынан пайдаланған хорваттар екінші кездесуде қалайда басымдықты қолдан шығармауға тырысатыны сөзсіз. Әрине, елордалықтар үшін әлі де есе қайтаруға болады. Әйткенмен келесі кезеңнің жолдамасын иелену өте қиын екені сөзсіз. Анығырақ айтқанда, «Астананың» мүмкіндігі Еуропа лигасының плей-офф кезеңіне өтуге ғана жететін сияқты. Бізді қателестіріп, сенсациялық нәтиже тіркесе, нұр үстіне нұр.
Елордалықтарға қарағанда Алматының «Қайратының» әлі де болса үміті үзілген жоқ. Чехия төрінде алаң иелеріне екі доп айырмасымен ұтылған қазақстандық команда ойынды тоғыз футболшымен аяқтаған-ды. Яғни «Қайраттың» екі ойыншысы алаңнан қуылған болатын. Соған қарамастан «Қайрат» футболшылары түзде жақсы ойын өрнегін көрсете білді. «Қайрат» өз алаңында қалай болған күнде де қаһарына мінетіні талас тудырмайды. Өйткені «Астана» чемпиондар лигасымен қош айтысқанның өзінде Еуропа лигасында ойнауға мүмкіндік алса, «Қайрат» екі кездесу қорытындысы бойынша жеңіліске ұшыраса еуро маусымды кезекті рет сәтсіз аяқтайтыны сөзсіз. Сол себепті алматылықтар үшін не бел, не белбеу кетеді. Ендеше, «Қайраттан» қайрат күтеміз. Үміт артқан екі команда да келесі кезеңге өтсе, тіпті тамаша болар еді…

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support