- Advertisement -

«Өлкетану. Жамбыл облысы» оқулығы таныстырылды

830

- Advertisement -

Отансүйгіштік сезім кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс», – дей келе, «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды тапсырған болатын. Бүгінде аталмыш бағдарлама аясында түрлі игі жобалар жоспарланып, игі шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі – «Өлкетану» оқулығын шығару бастамасы.
Бұл бағыттағы жұмыстар нәтижелі жүруде. Кеше облыс әкімдігі білім басқармасының мәжіліс залында оқулықтың алғашқы нұсқасының таныстырылымы өтті. «Өлкетану. Жамбыл облысы» оқулығының мазмұнымен таныстыруға негізделген шараға жергілікті ғалымдар, кітапты құрастырушылар, өлкетанушылар мен әдіскерлер және практик-мұғалімдер қатысты.
5, 6, 7-сынып оқушыларына арналған «Өлкетану» оқулығының бағдарламасы 2017 жылы 10 тамызда Білім және ғылым министрлігімен бекітілген. Оқулық Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының «Өлкетану» курсы оқулығын әзірлеуге арналған әдістемелік ұсынымдарына сәйкес жазылған екен. Бұл туралы жиынды ашып, жүргізіп отырған облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмила Бекбатырова айтып өтті.
– «Өлкетану» оқулығының жобасы облыс әкімдігінің жанынан құрылған редакциялық кеңесте, Білім және ғылым министрлігінің пәндік және эксперттік комиссияларында, авторлық жұмысшы тобының отырыстарында қаралып, талқыланды. Оқулықтың электронды нұсқасы 2018 жылдың наурыз айынан бастап облыстық білім басқармасының сайтына салынып, алдын ала пікірлер жинақталды, – деді Жәмила Елеуқызы.
Облыстық оқу-әдістемелік кабинеті басшысының орынбасары, кітап авторы Бигелді Тәжібаевтың айтуынша, оқулықтың құрылымы «Қымбатты балалар!», «Кіріспе», «Қорытынды» сияқты бөлімдерге бөлінген. Сондай-ақ өлкенің тарихы, әдебиет, музыка, географиясына арналған тақырыптар да берілген.
Облыстың Құрметті азаматы, жазушы-драматург Елен Әлімжан, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің оқытушылары Дархан Байдалиев, Зиба Құламанова және өзге де редакциялық кеңес мүшелері жарық көрген жаңа кітап туралы өз ойларымен бөлісті. «Алматыкітап» баспасынан шыққан «Өлкетану. Жамбыл облысы» оқулығында Әулиеата өңіріндегі тарихи тұлғалардың өмірі, Тараз топырағындағы тарихи ескерткіштер, жер-су атауларының тарихы толықтай қамтылған. Сондай-ақ аталған оқулықта Шерхан Мұртаза, Мырзатай Жолдасбеков, Асанәлі Әшімов, Өмірбек Байгелді сияқты жазушы, ғалым және мемлекет қайраткерлерімен қатар, ән әлеміндегі Ілия Жақанов, Алтынбек Қоразбаевтың да есімдері енген.
Енді «Өлкетану» оқулығы облыс мектептерінде 5-сынып оқушыларына – 5, 6-сыныптарға – 7 және 7-сынып оқушыларына 8 сағат оқытылатын болады. Аталған оқулықтың жас жеткіншектердің Қазақстан тарихы, қазақ әдебиеті, география, музыка сабақтарында алған білімдері мен дағдыларын тереңдетуге ықпалы зор болары анық.

Суретті түсірген Ақәділ Рысмахан.

Жанғазы Ахмет

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support