- Advertisement -

Тұрғындардың аудан әкіміне айтары көп

408

- Advertisement -

Өткен айда аудан әкімі Рахматілдә Рахманбердиев 2 рет «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізіп, тұрғындардың өтініш-тілегін тыңдаған болатын. Аудан жұртшылығының партия филиалының төрағасына айтары көп екен. Рахматілдә Сегізбайұлы түрлі жағдайлармен тірлігін шеше алмай жүрген азаматтардың өтініш-тілектерін жазып алып, тиімді шешім қабылдаудың жолдарын қарастырды.
Қоғамдық қабылдауға Сарыкемер ауылының тұрғыны Нұржамал Бекболатова тұрғын үй салуға жер телімін сұрай келген екен. Өтініш иесіне жер телімі 2003 жылғы 20 маусымдағы Жер кодексінің 44-1-бабының 8-тармақшасына сәйкес және тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелері сұралған кезде азаматтардың өтініштері арнайы есепке алынып, бөліп берілетін алаңдар дайын болған кезде берілетіні түсіндірілді. Ауданда қазір тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдері Жаңатұрмыс ауылдық округінде ғана берілуде. Онда құрылыс салуға қажетті инфрақұрылым жүйесі тартылған.
Жалпы ауданда тұрғын үй құрылысы үшін жер телімін бөлу мәселесі өте өзекті. Аудан бойынша 4 мыңнан аса азамат баспана кезегінде тұр. Тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру мақсатында «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде үш округте жер бөлініп, қазіргі кезде инфрақұрылым жүйесі тартылуда және басқа округтер бойынша шекарасын кеңейту шаралары қолға алынған. Тиісті жұмыстар атқарылған соң кезектегілерге өтініштеріне қарай жер телімі беріле бастайды. Сонда жеке тұрғын үй салуға ниетті, кезекке 2006 жылы 114-ші болып тұрған Мақсұт Уразбаев сынды азаматтардың тілегі орындалатыны анық.
Ауданда жер теліміне қатысты туындаған мәселе бұл ғана емес екен. «Тайсенгиров» шаруа қожалығының басшысы Булат Махамбетұлы мешіт салу үшін берілген жер телімі құрылыс бастауға қолайсыз болғандықтан басқа жерге ауыстыруды сұрауда. Аудан әкімдігінің сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Төлеген Бибосыновтың айтуынша, оны орындау мүмкін болғанымен, құжат мәселесін шешу ұзаққа созылып кететін көрінеді.
Қоғамдық қабылдауда жеке мәселе ғана емес, тұрғындарға ортақ дүниелерді көтергендер де болды. Мәселен, түймекенттік Шуақбай Бекниязов Қосақ ауылынан Сарыкемер мектеп-гимназиясына дейін баратын жолды асфальттауды сұрады. Ал Бекен Сапақов Қосақ ауылына қоғамдық көлік жүргізілсе деген өтініш айтты. Бір қуанатыны, қосақтықтардың тілегі көп ұзамай орындалатын болды. Аудан орталығынан осы ауылға қыркүйек айынан бастап қоғамдық көлік қатынамақшы.
Ал сарыкемерлік Гүлжан Бекмұхамедова аудан әкімінен жұмысқа орналасуға ықпал етуді өтінді. Қазіргі еңбек нарығындағы қалыптасқан ахуал осындай шығар, ауданда биология пәнінің мұғалімдеріне сұраныс жоқ екен. Ал жұмыс іздеген жастың мамандығы – биолог көрінеді. Осыны ескерген Рахматілдә Рахманбердиев аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Шары Әбдірәсіловке бүгінде аудан көлемінде қандай педагогтерге сұраныс артып отырғанын зерделеуді тапсырып, Гүлжан Бекмұхамедоваға «Жастар тәжірибесін» пайдалануды ұсынды.
Еңбек нарығындағы теңсіздік жұмыссыздықтың өсуіне әкелетіні белгілі. Әйтпесе білдей дипломы бар маманның жұмысқа орналаса алмауы мүмкін бе?!

Мұхтар МАНКЕЕВ,
Гүлшаһар Әбдіқұлова,
журналист.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support