- Advertisement -

Жамбылдың азық-түлігі елорда төрінде

176

- Advertisement -

Инфляциялық өсім, тауар бағасындағы тұрақсыздықтың тұрғындардың тұрмыс-тіршілігіне едәуір әсері бар. Бұл өз кезегінде әлеуметтік теңсіздікті туындатады. Сондықтан баға саясатын реттеуде әлеуметтік маңызы бар азық-түліктер бағасын тұрақтандырудың маңызы аса жоғары.

Жалпы баға саясатына әсер ететін негізгі фактор – өнім өндіруші мен сатушы арасындағы делдалдық. Біріншіден екінші нүктеге дейінгі аралықта өнімнің бағасы едәуір үстемеленеді. Сол үшін өнімді тікелей өндірушіден сатып алу әлдеқайда тиімдірек. Осыны ескеріп, жыл сайын күз айларында жиын-терін кезінде облыс және аудан орталықтарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіледі.
Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі негізінен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының тұрақтылығын қамта-масыз ету үшін ұйымдастырылатыны белгілі. Тұтынушылар үшін күнделікті пайдаланатын азық пен көкөністерді осындай жәрмеңке кезінде қолжетімді бағада алған өте тиімді. Сондықтан күз-қыс айларында жәрмеңкені жұртшылық асыға күтеді.

Облыс экономикасы негізінен мал және егін шаруашылығына негізделгені белгілі. Көптеген дақылдар мен көкөністер өз жерімізде өседі. Ала жаздай тер төгіп, еңбек етіп, қысқы азығын жинап алуға ұмтылатын шаруа қожалықтар көп. Дегенмен күз мезгілінде ғана көкөністер бағасы аздап арзандау болғанымен, одан кейін бірден шарықтап шыға келеді. Біз осыны ескеріп, ауыл шаруашылығы өнімдерінің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында күз-қыс айларында жәрмеңке өткіземіз.
Биыл облыс бойынша жыл басынан бері 102 жәрмеңке өткізілді. Жалпы көлемі 255 миллион теңгенің 937,2 тонна өнімі сатылымға шығарылды. Тараз қаласындағы Ы.Сүлейменов көшесінің бойында облыстық деңгейде кеңейтілген 1 жәрмеңке өткізіліп, онда 74,5 миллион теңгенің 139,9 тонна, атап айтсақ, 16 тонна ет, 10,2 тонна сүт, 5 тонна шұжық, 7 мың жұмыртқа, 5 тонна қарақұмық, 5 тонна күріш, 10 тонна қант, 3,5 тонна өсімдік майы, 1,5 тонна балық, 2 тонна бал, 1 тонна кондитерлік өнімдер және 2 тонна макарон өнімдері, 0,2 тонна тұз, 1 тонна кептірілген жеміс және 70,5 тонна жеміс-жидек пен көкөніс тұрғындарға төмен бағада үлестірілді.
Жәрмеңкенің пайдасын тәптіштеп айтып жатудың өзі артық. Бұл тұтынушыға да, тауар өндірушіге де тиімді. Өндірушілер тауарын делдалсыз өткізеді. Қаламыздағы коммуналдық базарда өткен жәрмеңкеде ауыл шаруашылығы тауарөндірушілері 16,4 миллион теңгені құрайтын 25,5 тонна ауыл шаруашылығы өнімдерін сатылымға шығарды.
Сонымен қатар жақын күндері Елорданың 20 жылдығына орай Астана қаласында өткізіліп жатқан ауыл шаруашылығы өнімдерінің көрме-жәрмеңкесіне аудандар мен Тараз қаласының тауар өндірушілері қатысып қайтты.
Жәрмеңкеде жалпы құны 121,6 миллион теңгені құрайтын 365,7 тонна ауыл шаруашылығы тауарлары ұсынылды. Аталған жәрмеңке облыстың тауар өндірушілеріне өз тауарларын делдалсыз, тікелей тұтынушыларға сатуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде жәрмеңкедегі тауарлардың бағасынан нарық бағасынан 10-20 пайыз төмен болды.

Берік НЫҒМАШЕВ,
облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support