- Advertisement -

Индустриялық аймақтар құру жоспарлануда

226

- Advertisement -

Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары Аспандияр Сейсебаев мәлімдеді. Ол палатаның Тараз қаласында бизнестік қауымдастыққа жеңілдетілген тарифпен жалға берілетін индустриялық және шағын индустриялық аймақтар құру бойынша бастамасын жан-жақты таныстыру басқосудың негізгі мақсаты екенін де атап өтті.

Облысымызда бүгінде өндірістік секторды дамыту өңірдің бизнес-климатын жақсарту бойынша негізгі бағыт ретінде қарастырылып отыр. Осыған байланысты палата тарапынан экономикалық салалардағы шағын және орта бизнес құрылымдары арасында сауалнама жүргізілген екен. Соның нәтижесінде жобаларды жүзеге асыру немесе жаңа өндіріс орындарын дамыту мәселесінде бос өндірістік алаңдарға сұраныс жоғары болғанымен, осы ретте 0,5-2 гектар аралығындағы шағын жер телімдерінің тапшылығы, дайын алаңдар мен азық-түлік, жиһаз бен аяқ киім өндірістерінде қолданылатын құрал-жабдықтар кешені фурнитурасын, көліктік логистиканы қалыптастырудың кемшіндігі, жеңілдетілген талаптарда коммуникация жеңілдігінің қарастырылмауы секілді кедергілер де бар екендігі анықталған.
Қалыптасқан күрделі жағдайдан шығудың бірден-бір жолы – өндірістік бизнесті кейбір кәсіпкерлік нысандары меншігіндегі жұмысы тоқтап тұрған өндіріс орындарына, бос тұрған немесе екінші деңгейлі банктер алымшыларының мүліктік проблемалары бар ғимараттарына орналастыру болып отыр. Бүгінгі күні облыстағы шағын кәсіпкерлік иелерін қолдау үшін өңірде құрылатын шағын индустриялық аймақтарда жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік бизнесі қалыптастырылып, олардың талапқа сай жарақтандырылып, материалдық-техникалық әлеуетін арттыруға да жол ашылады деп күтілуде. Өндіріс саласындағы кәсіпкерлікті қалыптастырып, дамытуға жұмсалатын қаражат көлемі 15-30 миллион теңге аралығында болмақ. Бұл бизнестің жұмысын жеңілдетеді.
Мәселен, кәсіпкер несие алып, өндіріс ісімен айналысуға ниет етті делік. Алайда ол өзінің өндірісін қайда, қалай орналастыруды білмейді. Тіпті ынталылықпен жұмыс істеуге қабілетті кәсіпкерлер де қымбат ғимаратты немесе орынды жалға алуға мәжбүр. Ал ол ғимараттардың инфрақұрылымы жоқ, немесе құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес емес болуы әбден мүмкін. Мұндай жағдайда кәсіпкер қайдан қолдау іздеуі керек?
Әрине, бизнестің қандай түрін болсын өрістетудің оңтайлы мүмкіндігі – олардың басты өндірістік қуатын бос тұрған немесе жұмысы тоқтап тұрған ғимараттарда орналастырып, жеңілдетілген шартпен, барлық қажетті инфрақұрылыммен қамту.
– Бүгінде қала әкімдігімен бос орындарды бірлесе іздеу және оның жалпы тізілімін түзу жұмыстары басталып та кетті. Онда жалға берудегі жеңілдетілген тарифтер, икемді баға саясаты, дамыған инфрақұрылым және де бизнестің дамуына ықпал ететін жеңілдіктер қарастырылған.
Кәсіпкерлер палатасы жобаларды жүзеге асыруға жан-жақты көмек көрсетуге және сүйемелдеуге ниетті. Қолдау, көмектер қатарында қатысушылар үшін тегін заңгерлік және бухгалтерлік қызмет көрсету, қаржыландыру мәселесінде жәрдем беру, «Атамекен» бизнес-мектебінде оқыту, ақпараттық және PR-қолдаулар ұсыну, сондай-ақ өнімдерді өткеру бар, – деп атап өтті Аспандияр Мұратәліұлы.

Баймаханбет Ахмет

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support