- Advertisement -

Мэлстің баяны мен мандолинасы

1 092

- Advertisement -

Іргедегі Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Көкдөнен ауылын таланттар академиясы ма дерсің. Бәйтеректің үш бұтағы секілді осы елді мекенде белгілі сықақшы, сатира әлемінің саңлағы Басқар Битанов, композиторлар Жаңбыршы Үсейінов, Мэлс Өзбеков дүниеге келген. Мэлстің лирикалық әндері талай жүректерді шымырлатқаны сөзсіз. Тағдыры тауқыметке толы болған композитор туралы естелік жазғандар көп-ақ. Бірде Мэлс өзінің рухтас інісі, қазіргі таңда облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы қызметін атқарып жүрген Дүйсенәлі Бықыбаевқа: «Аудандық Мәдениет үйіне кейін менің атымды берерсіңдер. Бұл сөзімді аманат деп ұққайсың», – деген екен. Аудан орталығы Құландағы Мәдениет үйі бүгінде өнер әлемінің саңлағының атымен аталады.

Оның жүрегінен туған «Көкдөнентау», «Келші, айым», «Келші, Құланға», «Тобылғы сай», «Жазылбекшілер маршы» секілді көптеген туындылар тыңдарманын тапты. Таудың жұпар самалын жұтып өскен Мэлстің мелодиясы нәзіктігімен, мәтіннің үйлесуімен жүректерді баурайды.

«Айдын көл, сен айтшы,
Самал жел, сен айтшы,
Жарыма құс болып ұшайын.
Бір хабар берші, айым,
Жақындап келші, айым,

Лапылдап мәңгі құшайын», деп келетін «Келші айым» әнінің сазы мен сөзі көңіл пернелерін дөп басатыны сөзсіз. Алаштың айтулы қаламгері Дулат Исабековтің шығармасының желісінде түсірілген «Гауһартас» фильмінде шырқалатын бұл шығарма жанға сая сыйлап қана қоймай, романтикалық көріністі көз алдыңызға әкелері сөзсіз. Осынау лирикалық әнді қазір түсіріліп жатқан көркем фильмдерге саундтрек ретінде пайдаланса да болатындай.
Мэлстің әндері кейде халық әні ретінде де насихатталып кетіп жататыны бар. Мәселен,

«Манаурап тау үстінен көрінсе ай,
Бір сезім тербетеді көңілді жай.
Ән кернеп, жас жанымды мазалайды,
Тартады мені өзіне Тобылғы сай»,
деп басталатын «Тобылғы сай» атты туындысының авторлық құқығын Мэлстің өзі қорғамаса, халық әні ретінде насихатталып кете берер еді. Кезінде үлкен сахналарда орындап жүрген кездерінде Мэлстің осы әнін Нұрлан Өнербаев, Жанар Айжанова сынды қазақтың белгілі әншілері «халық әні» деп хабарлап жіберген болатын. Ол туралы ақын, журналист, марқұм Кәріпжан Нүсіп өзінің «Өнер деген өлке бар» атты кітабында да жазған. Мэлстің өзімен жолығып, мәселенің анық-қанығына қаныққан соң ғана белгілі әншілер қатені түзеген-ді.
Қазіргі кезде Құлан ауылындағы аудандық тарихи-өлкетану музейінде композитордың ғажап шығармаларының тууына себепкер болған мандолинасы мен баяны және фотоаппараты менмұндалап тұр. Музейге келушілер өмірден өзі өтсе де, әні қалған композитор мұрасын қызыға тамашалайды. Музей меңгерушісі Есназар Құрымбаев: «Бұл құнды мұраларды композитордың жиен інісі Тәліпбек Шақбаев бірер жыл бұрын әкеліп тапсырған болатын. Есімі өңірге ғана емес, елге белгілі өнер иесінің қолданған музыкалық аспаптары және өзге де мұралары біз үшін үлкен сый. Аудан үшін тарих», – дейді өз ойын білдіріп.
Баян – кезінде ел арасында кеңінен қолданыста болған «Восток» баяны. Музыкалық аспапта: «Мэлс аға! Сүйікті музыкалық аспапты сыйға ұсынушы – ініңіз Тәліпбек, келініңіз Бағила. Целиноград қаласы. 30.05.1984 ж.» деп жазылған екен. Осыдан-ақ Тәліпбек Шақбаевтың ағасына, ән өнеріне деген құрметін аңғара түскендейміз. Ал Мэлстің мандолинасында: «Сазгерлер Мэлс аға мен Жаңбыршы досымның кейбір әндерінің туындауына себепші болған мандолина аспабы. Тәліпбек. 30.05.1972.» деген жазу менмұндалайды.
Өнер әлемінде өзіне тән орнын ойып тұрып алған Мэлстің шығармашылығы қандай да құрметке лайық. Бүгінгі таңда Мэлс Өзбеков атындағы Мәдениет үйінің алдында композитордың ескерткіш бюсті орналасқан. Қазіргі кезде жазған әндері ретроға айналған композитордың өз дауысы жазылған аудио таспа бар екен. Тәліпбек Шақбаев аталмыш мұраны да музейге тапсыруды көздеп отыр.
Мэлс Өзбековтің шығармашылығын насихаттауға арналған «Келші, Құланға» атты облыстық ән байқауы тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бұл Мэлс шығармашылығына көрсетілген құрмет екені талас тудырмайды. Болашақта осы ән байқауын республикалық деңгейде өткізсе де болатын секілді. Өйткені Мэлс Өзбековтің туындылары ел көлемінде де танымал екені анық.
Осыдан біраз жыл бұрын Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Көкдөнен ауылында Мэлс Өзбеков, Басқар Битанов, Жаңбыршы Үсейіновтің шығармашылығына арналған кеш ұйымдастырылған болатын. Ол кезде аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін Дүйсенәлі Бықыбаев басқаратын. Ауылдық Мәдениет үйіне халық тығыз жиналып, бір ауылдан түлеп ұшқан үш таланттың шығармашылығымен сусындап, рухани жаңғырып та қалғандай еді. Тіпті мәдениет ошағына жиналған жұртшылықтың көптігі сонша, аталмыш шараны жерде отырып та тамашалаған.
Қазақта: «Сабақты ине сәтімен» деген сөз бар. Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміндегі азаматтар жоғарыда аты аталған өнер иелерінің шығармаларын кеңінен насихаттаса қанеки. Ауыл-ауылдардағы ағайын қызыға тамашалар еді. Шараны «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алса несі айып? Мәдениет үйінде Мэлс пен Жаңбыршының әнін шарықтата шырқайтын әншілер де, Басқардың туындыларын сахнада қойылым ретінде жаңғыртатын талантты азаматтар да баршылық. Бұл істі аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Нұрдәулет Жамалбеков шындап кіріссе, жүзеге асыратындығына күмәніміз жоқ…

Табиғат АБАИЛДАЕВ

Т. Рысқұлов ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support