- Advertisement -

Франциядан Қытайға дейін

402

- Advertisement -

чех Михаил Полак 12000 шақырым жолды жүріп өтпек

Әдетте велосипедпен жаһанды аралап жүретін жиһанкездерді сирек те болса кездестіретінбіз. Әлемді оңашалау жүріп танығысы келетін ондай азаматтарға көзіміз де үйрене бастаған. Доңғалағы екеу болғанмен ізі жалғыз «серігіне» мініп алып, шаһар көшесімен кетіп бара жатқан чехиялық Михаил Полактың велосипедінің формасы мүлде өзгеше екен. Бастапқыда жаңа технологияның жемісі ме деп те қаласың. Бізді таңдандырғаны да сол өзгеше форма. Франциядан бастау алған оның саяхаты Қытайдың Гуанчжоу қаласында түйінделмек.
– Біз 19 маусым күні Францияның Лион қаласынан ресми түрде старт алдық. Шара салтанатты жағдайда өтті. Осы уақытқа дейін Швейцария, Австрия, Словакия, Украина, Ресей Федерациясы секілді мемлекеттерді кесіп өтіп, енді Қазақстанға жетіп отырмын. Маған сіздердің ел өте қатты ұнады. Орал, Ақтөбе, Шымкент секілді әдемі қалаларды және өзге шаһарларды көрдім. Шымкентте қазақ отбасында қонақта болдым. Қонақжай халық екендіктеріңіз айқын аңғарылды. Қазақ халқының болмысы, табиғаты, адалдығы таңдай қақтырды. Біздің мақсатымыз – күн энергиясынан өндірілетін қуатты, жалпы күн энергиясын, экологиялық тазалықты насихаттау.
Менің велосипедімді күн энергиясымен қуаттанатын велосипед деуге келеді. Төбесіндегі шатыры күн энергиясын қабылдайды. Онда іштен қызу алатын экологиялық қозғалтқыш (мотор) бар. Мұны электронды велосипед немесе электронды автомобиль деп те атайды. Біздің бұл саяхатымызды ралли деп атап жүр. Қазір велосипеді жылдам жүретін бір қатысушы Ганжчоуға жетіп қойды. Барлығы 45 адам қатысқан. Олардың бірқатары жарыс жолынан шығып қалды. Қазір отызға жуық азамат мәреге жетуді көздейді. «Сан трип – 2018» деп аталатын бұл жоба аясында 12 мың шақырым жолды артқа тастайтын боламыз. Ілгеріде Франция-Қазақстан, Франция-Түркия раллиіне қатысқанбыз. Алғашқысында 8 шақырым жолды жүріп өтсек, екіншісінде 7 мың шақырым қашықтықты еңсердік. Саяхатқа қатысушылар тиісті сайтқа өздері құрастырған электронды велосипедтерін ұсынады, – дейді ол.

Михаил Полак бұл саяхатқа өз қаржысын жұмсап отыр. 45 жастағы чехиялық азамат мұндай саяхаттар адамның танымын арттыратынына бек сенімді. «Мен кеше сағатына 25 шақырым жылдамдықпен 172 шақырым жолды жүріп өттім. Күніне 200-250 шақырым жолды артқа тастайтындар да бар. Бұл, әрине ғажап көрсеткіш», – дейді ол.
Негізгі мамандығы бағдарламашы болғанына қарамастан ол көптеген жерлерде түрлі жұмыстарды істепті. 2015 жылы ұйымдастырылған осындай додада франциялық Бернард Саквиль деген азамат топ жарыпты. Әйткенмен, саяхат жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қарастырылған сый-сияпат жоқ көрінеді.
«Болашақта біздің саяхатымызды қаржыландыратын азаматтар, демеушілер табылатын шығар. Бірақ әзірге өз қалтамыздан қаржы жұмсап жүріп жатқан жайымыз бар. Ең бастысы саяхатқа шыққан маған ұнайды», – дейді Михаил өз ойын білдіріп.
Оның велосипедінде тоңазытқыш та бар екен. Бір сөзбен айтқанда күннен энергия алатын электронды велосипедтен жанға қажеттінің бәрін де табасың.
Михаил Полак шамамен қыркүйек айында Қытай елінің Гуанчжоу қаласына жетуді көздеп отыр. Біз оған сәт-сапар тілеп шығарып салдық.

Суреттерді түсірген Ақәділ Рысмахан.

Табиғат Абаилдаев

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support