- Advertisement -

«Жылыбұлақ» – жаңалыққа жақын агроқұрылым

430

- Advertisement -

Сарымолдаев ауылдық округі аумағындағы «Жылыбұлақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұрынғы «Красный восток» колхозының базасында құрылған болатын. Колхоздың бұрынғы бас экономисі Аманжол Әкетаев 2000 жылы басшы болып тағайындалғанда серіктестікте 11 бірлік техника, 200 мүйізді ірі қара, 7 мың меринос қой және 200 жылқы қалған еді. Аманжол агроқұрылымды сақтап, өркендету жолында іргелі ізденістер жасады. Өндіріске озық технологияны кеңінен енгізуге күш салды. Мұның өзі нәтижесіз емес. Бүгінде шаруашылықта 30 техника бар. Оның 70 пайызы – жаңа. Оңтүстік Қазақстан тұқымды меринос қойдың саны – 30 мың, мүйізді ірі қара – 300, жылқы 400-ге жетті. Бұған қоса 60 түйе өсірілуде. Серіктестік өткен жылы жалпы 400 миллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімін өндірген. Оны өткеруден 50 миллион теңге таза табыс пайда тауып отыр.
Агроқұрылым иелігінде 4000 гектар егістік жер бар, оның 1200-і – суармалы. Жылыбұлақтықтар нарықта өтімді дақыл өсіруге күш салуда. Біржарым мың гектар алқапқа күздік бидайдың өнгіштігі жоғары «Алмалы» сұрпы себіледі. Биыл жаздық арпаның «Бәйшешекпен» қатар супер элиталы «Сымбат» сұрпы егілген. Қазір жиналып жатқан астықтың әр гектарынан орта есеппен 23 центнерден өнім алынуда. Шаруашылықтағы 200 гектар қант қызылшасының 150-і жаңбырлатқыш қондырғылар көмегімен, қалғаны тамшылатып суарылады. А.Әкетаев тамшылатудан гөрі жаңбырлатып ылғалдандыру тиімді екенін айтады. Биыл Канададан 24 миллион теңгеге бір мезгілде ұзындығы 90 метр өсімдікті ылғалдандыратын жаңбырлатқыш агрегат сатып алыпты.
– Бұл қондырғының басқаларға қарағанда біраз артықшылығы бар. Күнделікті 8 гектар алқапты суаруға болады. Өсімдікке су біршама биіктен себеленеді әрі оның дөңгелектері топыраққа көп салмақ түсірмейді, – дейді А.Әкетаев.
«Жылыбұлақта» 400 гектарда көпжылдық шөп өседі. Жыл сайын 100 гектар алқапқа жоңышқа тұқымы себіледі. Биыл одан 1,5 мың тонна сабақты мал азығы әзірленген. Мақсары жыл сайын 200 гектар алқапқа өсірілсе, биыл оның әр гектарынан 7 центнерден өнім жинау көзделіп отыр. Ескірген 10 гектар алма бақты жаңарту келесі жылы қолға алынбақ. Биыл ақ егістен 4000 тоннаға жуық астық жинау жоспарлануда. Оның бір бөлігі тұқым, жемге қалдырылады, қалғаны сыртқа сатылады.
Серіктестік ет бағытындағы мүйізді ірі қара да өсіреді. Отыз ірі қараны бордақылайтын алаңы бар. Үш-төрт ай семіртілген мал Меркі ет комбинатына жөнелтіледі. Келесі жылы 100 малға арналған бордақылау алаңын салу қолға алынбақ. Биыл меринос қойлардың саны төлімен қосқанда 30000-ға жеткен. Биязы жүн қашанда жоғары сұранысқа ие. Мемлекет қырқылған әр килограмм биязы жүнге 150 теңгеден субсидия төлейді. Былтыр әр килограмм жүн 650 теңгеден, ал биыл 900 теңгеден өткерілген. Субсидияны қосқанда бір килограмм жүн құны агроқұрылым үшін 1050 теңгеден айналады. Жылыбұлақтықтар қой санын көбейтуге де ниетті. Әйтсе де, оған жайылым тапшылығы мүмкіндік бермеуде. Жылқылардың бір бөлігі де семіртіліп, етке өткізіледі. Одан түскен ақшамен жұмысшылардың жалақысын өтейді. Бүгінде мұнда 150 адам жұмыс істейді.
Жыл соңында жоғары өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізген егіншілер мен малшыларды ақшалай және заттай сыйлықтармен марапаттау игі дәстүрге айналған. Ең үздік көрсеткіштерге қол жеткізгендерге жеңіл автокөліктер сыйланады. Серіктестік мүшелерінің жалақысын жыл сайын 10 пайызға өсіріліп отырады екен. А.Әкетаев биыл өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 420 миллион теңгені құрайтынын нық сенімді.

Ақылжан Мамыт

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support