- Advertisement -

Жасыл желек жанға сая

675

- Advertisement -

«Бір тал кессең, он тал ек» қағидасын мықтап ұстанған халқымыз үшін тал егу – маңызды істердің бірі. Көктем сайын әркім өз ауласын тазалап, үйінің айналасына гүл, жасыл желектер егіп, су ағатын арықты тазалауға күш салады. Осылайша, өздері күн сайын тұнық суын ішіп, саф ауасын жұтып, қасиетті топырағын басып жүрген өлке тазалығына үлес қосады.
Егілген ағаштың, өскен өсімдіктің ауа қабатына тигізер пайдасы зор. Жасыл желектің әсерінен ауа тазарып, қолайлы микроклимат қалыптасады және шу деңгейі төмендейді. Атап айтқанда, орман екпелерiнiң бiр гектары ауадан 400 келі күкiрт қышқыл газын, 100 келі хлоридтi және 25 келі фторидтi, жерге түсетiн және ауада болатын барлық зиянды заттардың 60-80 пайызын жұта алады.
Бүгінгі таңда табиғатты қорғап, орман алқабын ұлғайту ісінде Астана қаласы көш бастап келеді. Елбасының тікелей ұйытқы болуымен мегаполис төңірегінде тұтас жасанды оазис-елорданың жасыл белдеуі қалыптасты. «Бiздiң елiмiздiң, жерiмiздiң көркiн арттыру үшiн орман егуiмiз керек. Жерiмiз көп, даламыз кең болғанымен, дүниедегi жалпы ауқымына шаққанда орманы ең аз ел – бiзбiз. Басқа мемлекеттерде бiр ағашты кессе, екi ағаш отырғызады. Қазiр заң бойынша бiз оны қабылдадық. Елге орманды көп егетiн болсақ, халықтың денсаулығына, ауаның тазалығына, тек өз елiмiздiң ғана емес, күллi дүниежүзiнiң экологиясын жақсартуға қосқан үлесiмiз болып саналады», – деп Мемлекет басшысы айтқандай, тәуелсіз елімізді көркейген жасыл желекті елге айналдыру міндетіміз.
Еліміздің табиғат байлықтары орасан зор. Олар халық сұранысын қанағаттандыру әрі шаруашылықты дамыту үшін қажетінің бәрін береді. Дегенмен бұл байлық қаншалықты мол болғанымен, оны сақтай біліп, дұрыс пайдаланбаса, уақыт өткен сайын ол да сарқылады. Сондықтан табиғат байлықтарын қорғау мен табиғат қорларын тиімді пайдаланудың тетіктері жан-жақты қарастырылып, түрлі деңгейдегі шаралар ұйымдастырылуда. Осыған қарамастан табиғатқа жаны ашымайтын, қоршаған ортаның тазалығына немқұрайлы қарайтындар да арамызда кездесіп қалады.
Жердің көркі – жасыл желек. Жасыл желек жанға сая, емге шипа болғандықтан, көршілес жатқан Қытай мемлекеті 2020 жылға қарай ел аумағының 23 пайызын орманмен қамту мақсатында ауқымды жобаны қолға алыпты. Бұдан былай, жасы 11 мен 60 аралығындағы әрбір қытайлық жыл сайын 3-тен 5-ке дейін ағаш егуге тиіс екен. Мұндай игілікті істі бізде де қолға алынса, тамаша болар еді!

Венера ТАСБАУОВА.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support