- Advertisement -

«Ел ішінде дау көбейсе,ел сыртында жау көбейеді»

750

- Advertisement -

Облыстық сот «Татуласу: сотқа дейін, сотта» жобасы аясында «Ел ішінде дау көбейсе, ел сыртында жау көбейеді» айдарымен өңіріміздегі зиялы қауым өкілдерімен алқалы жиын ұйымдастырып, сотқа дейінгі татуласу мүмкіндіктерін талқылады. Жиынға Жоғарғы Сот төрағасының кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен, облыстық соттың азаматтық істер алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Бағлан Қарашолақов, Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеев, Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің ректоры Ерболат Саурықов, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген, Жуалы ауданының медиаторы, «Ақментай» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аманжол қажы Дүрәліұлы, Талас ауданы Ақкөл ауылдық ардагерлер ұйымының төрағасы Тұрғынбай Тәжібеков қатысты. Кездесуге қатысушылар медиацияны дамытудың қажеттілігі мен тиімділігі жөнінде ой-пікірлерін айтып, ұсыныстарын жеткізді.

Сағатбек СҮЛЕЙМЕН:

– Бұл – Жоғарғы Сот Төрағасы Жақып Асановтың арнайы тапсырмасымен қолға алынған бастама. Қазір ақпарат құралдарында әрбір жоба ашық талқылануда. Олар – мінсіз судья, үлгілі сот, әділ процесс, сапалы нәтиже, оңтайлы орта, сотқа дейінгі татуласу. Осы жаңа жобалардың негізінде жүйелі түрде өзгерістер қолға алынып отыр. Біздің елде сотта қаралатын істердің саны жылдан-жылға еселеп өсуде. 2013 жылмен салыстырсақ 2017 жылы сотқа түскен істердің саны екі есеге өскен. Биылғы жарты жылдықтың өзінде 35 пайызға артқан. Еліміздегі адам басына шақсақ, әрбір төртінші азамат дауға тартылып, соттасып жүргені байқалады. Дегенмен Жамбыл өңірін басқа облыстармен салыстырғанда, дау-жанжал төмен.
Соттасушы азаматтар халықтың жалпы төрт пайызын құрап отыр. Мұның ішінде қылмыстық істер есепке алынбаған. Ол неліктен?
Дәстүрлі құндылықтар құнсызданып, материалдық игіліктер көбірек дәріптелетін бүгінгі қоғамда адамдардың бір-біріне деген мейірімі мен сыйластығы азайып, қатыгезденіп барады. Бізде ажырасу оңай шешілетін шаруаға айналған. Ұлдарымыз бала-шағасын асырай алмайды. Тіпті асырағысы келмейтін бойкүйез ұрпаққа айналып келеді. Мысалы, әкесі балаларын көріп тұру үшін, оларға алимент төлеуге, жыл сайын мектепке қажет киім-кешегін алып беруге міндеттеледі. Ал олар көп ұзамай екінші әйел алғандықтан, міндетінен бас тартып, сотқа арызданады. Алайда баланың жағдайын ойлаған сот оның бұл арызын қанағаттандырусыз қалдырады.
Өз баласына нәпақа төлеуден қашып жүрген әкелер жыл санап көбейіп келеді. Ал қыздарымыз баласын әкелерінен айырғанымен қоймай, олардың тәрбиеге араласуына кедергі жасайды. Ол да – көп даудың бірі. Ажырасуға қоғамымыздағы жастар да, қарттар да бой үйрете бастады. Отбасы – адам баласының алтын діңгегі, ұлттық тәрбиенің ошағы, мемлекеттің тірегі дейтін болсақ, «Бұл қалпымызбен қайда барамыз?» деген заңды сұрақ туындайды. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген арман-тілегіміз қайда қалды? Сонда осындай жарымжан отбасында қандай ұрпақ тәрбиеленеді? Бұл ұлттық қасірет емес пе? Соттар ерлі-зайыптылар арасында жүрмейді, қарым-қатынас жасап, үгіттей алмайды. Бұл әлеуметтік құбылыспен қоғам болып күреспесек, үлкен дертке айналады. Сондықтан да олармен жүйелі түрде жұмыс жасайтын ақсақалдар кеңесі, медиаторлар, жастар психологі қажет.
Қазір азаматтар болмашы дүние үшін соттасып, әуре-сарсаңға түсіп, шығынға ұшырап жүр. Жер дауымен бір ымыраға келе алмай, сот есігін тоздыруда. Ата-бабамыздан келе жатқан келісу мәдениеті өз мәнін жоғалтқан. Жан-жақтағы ағайын дау-дамайды басудың орнына, мәселені ушықтырып жіберетінін де кездестіріп жүрміз. Өзі білмейтін, білгеннің тілін алмайтын буын қалыптасып келеді.
«Көрші ақысы – Құдай ақысы» деген ата-бабамыздың асыл ұстанымы жоқ қазір. Бір көрші екіншісінің терегінің көлеңкесі менің қорама түсті деп соттасқан. Сот бұл дауды зорға шешіп, теректі кесуге мәжбүр болды. Адам сотты өш алудың құралына айналдырған. Бір-біріне күш көрсетіп, ақысын алғысы келеді.
Жауласып отырғандар – әкесі мен баласы, анасы мен қызы, ағайындар, көршілер, серіктестер. Олар көбіне сотта ашуға беріліп, бітімге келе бермейді, бір-біріне ауыр сөздер айтады. Моральдық және материалдық шығындарға ұшырайды. Біз соларға арада туындаған дауды бітіммен, ымырамен шешу жолдарын көрсетуіміз керек.
Өкінішке қарай, «заман солай» деген сөзді де жиі естіп қаламыз. Заманды жасайтын адам, ауыл-аймақта дау-дамайдың алдын алып, бітімгершілікке бастайтын ақсақалдардың сөзіне құлақ түруіміз қажет.
Бүгінгі өзекті тақырып – осы. Дамыған елдердегі дау-дамайдың 80-90 пайызы бітімгершілікпен аяқталады. Онда соттың қызметі өте қымбат. Сол себепті мәселе сотқа жетпей шешімін тауып жатады.
2017 жылы қаралған азаматтық істердің 5-16 пайызы ғана татуласумен аяқталған. 2011 жылдан бері медиация институты, 2016 жылдан бері адвокаттардың өзара келісу мәселесі сотқа дейінгі институттарға енгізілген, бірақ олар ешқандай нәтиже беріп отырған жоқ. Сотсыз-ақ шешілуге болатын істердің барлығы қазір сот қарауында. Мұның себебі неде? Азаматтар сотсыз шешудің әдістерін білмейді, адамдар арасында келісім жасау дағдылары жеткіліксіз. Татуласу арқылы жасалған келісімге, оның орындалатынына сенімдері аз. Сондықтан қоғамның санасын өзгерту, даулы мәселелерді сотсыз шешуге үйрету, дауларды келісім арқылы тиімді шешу керек. Дауды шешудің төрт жолы бар.
Біріншіден, жұртқа үгіт-насихат жүргізіп, дауды шешудің балама әдістерін үйреткен жөн. Осы уақытқа дейін Алматы, Ақтау, Атырау аймақтарында ел ішіндегі дауды шешу жолдары туралы кездесулер өтті. Бұл бастама жақсы қолдау тапты. Бүгінгі кездесу – сол жиындардың жалғасы. Қоғамдық даму министрлігімен бірігіп, медиацияны дамытудағы органдардың іс-қимылдарын тиімді ету жұмыстары жүргізілуде. Одан бөлек, кәсіподақпен жасалған меморандум аясында татуласу кабинеттері ашылып, үгіт-насихат жұмыстары жасалуда. Тұрғындардың дауын сотсыз шешуге бағыттаудамыз.
Екіншіден, татуласу орталықтарын ашып, тұрғындарға тегін қызмет көрсету қажет. Қоғамдық ортада соттасудың өзі ұят, табиғатымызға жат қылық екенін түсіндірген дұрыс. Ұлттық идеологиямызды қуаттайтын ортақ ұйымымыз болуы тиіс. Қызылордада халыққа тегін қызмет көрсететін орталықтар ашылды. Осындай жүйеде жұмыс жүргізсек, көпшіліктің сұранысы артады. Осы тұрғыда әкімдермен келісіп, орталықтар ашып, онда қызмет ететін мамандарға жергілікті бюджеттен жалақы төлеп, психологтер, медиаторлар тегін қызмет етсе, нәтиже болады деп ойлаймын.
Үшіншіден, билер институтын даулы мәселені шешудің балама әдісі ретінде қолдану қажет. Елбасымыз жариялаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы да ұлттық сана мен ұлттық болмысты жандандыруға бағытталған. Мысалы, ақсақалдар кеңесін билер кеңесі деп атап, халқымыздың бұрынғы бітімгершілік дәстүрін жаңғыртсақ, сонда халық сайлаған билер атына сай болып, жоғары деңгейде қызмет етпей ме? Біздің ойымызша, ауылда, ауданда, қалада тұрғындар сайлаған билер болуы керек. Әрбір елді мекенде елді аузына қарата алатын сыйлы, абыройлы кісілер бар. Соларды алдын ала дайындап, медиация курстарынан өткізіп, би атағын беруге болады. Сонда ғана соттың ісі жеңілдеп, билер өз ісінің оң нәтижесін көрсете алады.
Төртіншіден, медиация жүйесін заңнамаға енгізу. Көп ұзамай біздің ұсыныстарымыз Парламентке беріледі.
Біз дау шешуден қашып отырған жоқпыз, керісінше елімізде дауласатындардың саны көбейіп бара жатқандығы көңілімізді алаңдатады. Сіз болып, біз болып біріксек, бүгінгі айтылып отырған мәселе оң шешімін табады деген ойдамын.

Жомарт РҮСТЕМБЕКОВ:

– Бұл жиынның басты мақсаты – ел арасында туындаған мәселелерді заң шеңберінде бейбіт жолмен реттеу. Дауды өршітпей шешу жолдарын анықтап, оны халық арасында кеңінен насихаттау. Дау мен жанжалдарды шешу мен реттеудің тиімді әдістерін табу – қазіргі таңда өзекті әрі маңызды мәселелердің бірі. Әлемнің көптеген елдерінде жанжалдарды шешудің неғұрлым тиімді және балама әдістерінің бірі – медиация. Ол көптеген ғасырлар бойы бейбітшілікті орнықтыру жолында қолданылғаны мәлім.
Медиацияның басты мақсаты – кінәлілерді іздеуге емес, ортақ шешімге келу жолдарын таба отырып, екі тарапты қанағаттандыратын келісілген шешімге қол жеткізу. Республикада медиация институтын дамытуға, оны халық арасында кеңінен насихаттауға, медиаторлардың жұмысын жақсартуға бағытталған жұмыстарды жүйелі түрде жүргізудің нәтижесінде соңғы жылдары жиі орын алып жатқан жанжалдарды, яғни отбасылардың ажырасуын, еңбек дауларын, көршілер мәселесін шешіп қана қоймай, олардың алдын алуға көмектесуде.
2018 жылдың бірінші жарты жылдығында 494 (2017 жылы – 776) азаматтық іс медиация тәртібімен қысқартылып, ол өндіріспен аяқталған 16 342 азаматтық істің 3, 02 пайызын құраған. Бұл – соттарда медиацияның мүмкіндігін аз қолданады деген сөз емес, қайта соттардың бастамасымен тұрғындар арасында жүргізілген түсіндіру және оның тиімділігін насихаттау нәтижесінде көптеген даулар сотқа дейін шешілуде.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мәліметі бойынша, ағымдағы жылдың бірінші жарты жылдығында 405 адам медиаторларға жүгінген. Оның ішінде 369 дау татуласумен шешілген.
Медиация біздің халқымыз үшін жаңалық емес. Біз уәжді сөзге тоқтаған елміз. Жалпы қазақ қоғамындағы әлеуметтік құрылымда билер аса маңызды орынға ие болып, олар тек ел басқарушы ғана емес, сот билігін жүзеге асырушы судья ретінде де танылған.
Қолыңда болса бар билік,
Қараға зәлім болмаңыз.
Алдыңа келсе бітпес дау,
Әділін айтып, қорғаңыз, – деп Қазыбек би айтқандай, ел ішінде ынтымақ пен татулық орнатуда, дауларды шешуге бір адамның баласындай белсенді атсалысайық.

Еркінбек СОЛТЫБАЕВ:

– Бүгінгі талқылап отырған мәселенің – қазіргі қазақ қоғамындағы маңызы айрықша. Сағатбек Сүлеймен мырзаның сөзі көңілге қонымды. Осы ойды әрі қарай өрбітсек. Елбасымыз айтқандай, өмір сүру үшін өзгере білуіміз қажет. Қазір қоғамда бәрі өзгермелі, десек те біз ата-бабамыздан қалған салтымызды ұмытпауымыз қажет. Тығырыққа тірелсек, жауапты Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласынан іздеуіміз қажет. Сонда мәселенің шешімін табамыз деп ойлаймын.
«Салты мықты елдің халқы да мықты» деген сөз бекер айтылмаған. Біз салт-дәстүрімізбен қайта қауыштық. Бұрын кемеңгер ақсақалдарымыз, билеріміз бір ауыз сөзбен халықты тура жолға салып отырған.
Қазір халықтың әл-ауқаты жақсарып келеді. Материалдық жағдай жақсарса, дау-дамайлар азаяды. Жер дауы, жесір дауы деген бұрыннан болып жатқан мәселелер, бірақ оны халық тез арада шеше білген. Жесірін жылатпаған елміз, жағдайын жасап, төркініне, әулетіне жібермеген жұртпыз. Жетімдер үйі де болмаған, жезөкшелікке де жол берілген жоқ. Міне, қазіргі таңда осы жөнінде ойлануымыз қажет. Біздің бастауыш ардагерлер ұйымы бұл бағытта жұмыс жасап жатыр.
Ардагерлер тарапынан қолдау табылады, біз қолдаймыз. Ымыраға келу, бітімгершілікке шақыру – халқымызда бар қасиет. Сондықтан жастардың бойына ізгілік қасиеттерді дарытатын болсақ, әдет-ғұрыптарымыздың, салт-дәстүрлеріміздің негізінде тәрбие берсек, дау-дамайлар азаяды.

Сағатбек СҮЛЕЙМЕН:
– Сізге бір сауал, ақсақалдар арасынан би сайлауға бола ма?

Еркінбек СОЛТЫБАЕВ:
– Әрине болады, біздің ақсақалдар арасында небір шешендер бар. Т.Рысқұлов ауданындағы ақсақалдар төрағасы Қожайхан Бижанов, Меркі ауданында Қамбар Гималаев, Шу ауданынан Байжұман Қазақбаев деген қарияларымыз бар. Бір сөзбен кез келген дау-дамайды талқылап, екі жақты қанағаттандыратындай шешім қабылдай алады.

Сағатбек СҮЛЕЙМЕН:
– Осы мәселе туралы әкімдермен кеңесе отырып, жұртқа тоқтам сала алатын қарияларға нақты би атауын беруге болады. Билер алқасына заң тұрғысынан ешқандай қайшылық жоқ. Бұл туралы халықпен ақылдаса отырып, бір шешімге келу қажет. Ол кісілер бізбен бірге жүрсе, оларды жүйелі оқытса, барлық мәселе реттеледі.

Бағлан ҚАРАШОЛАҚОВ:

– Бүгінгі жиында тың мәселелер қозғалып жатыр. Оң шешімін табады деген ойдамын. Біз қазақ ауыз әдебиетінен сусындаған, үлкенді тыңдаған елміз. Елбасы бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бізге не берді? Салт-дәстүрімізді, ұмыт болып бара жатқан әдет-ғұрыптарымызды қайта жаңғыртып, қоғамдық сананы қалыптастыратын үлкен істер атқарылып жатыр.
Біз тәуелсіздіктің елең-алаңында жастар тәрбиесіне көп көңіл бөлмей қалдық. Қазіргі таңда болып жатқан келеңсіз жағдайлар мен түсініспеушіліктің белең алуы, салт-дәстүріміздің ұмыт болып қалғандығы – соның нәтижесі. Осы жиында облысқа еңбегі сіңген ақсақалдарымыз, жауапты қызметте жүрген азаматтарымыз отыр, бастау алған іске осы кісілер қолдау білдіреді деген ойдамын. Әркімнің жеке ой-пікірі бар, менің ойымша, бұл өте қажет мәселе, егемендігіміздің нығаюы үшін бірлесе жұмыс атқаруымыз қажет. Қоғамдағы болып жатқан мәселелерге ақсақалдар тікелей атсалысуы керек.
Қоғамдық кеңестер құру – халық үшін жасалып жатқан игі істердің бірі. Бірлігі жарасқан, қаймағы бұзылмаған халықпыз. Еліміз әрі қарай өркендеуі үшін ауызбіршілік қажет.

Батырбек ҚҰЛЕКЕЕВ:

– Қазақстандағы 18 миллион халықтың 6 миллионы өзара соттасып жүретін болса, қоғамда дау-жанжалдан басқа ешнәрсе қалмағаны ма? Осында шақырылған әрбір азаматтың өз дара жолы бар. Осы отырған әрқайсымыздың өмір жолымызда болмайтын дүние үшін соттасқан жайттар кездескен болатын.
Тағы айта кететін жайт, қосымша кеңес құрудың қажеті жоқ, облыста, қалада, аудандарда ардагерлер кеңесі, қоғамдық кеңестер жұмыс істейді. Сондықтан үшінші кеңес керек емес. Осы аталған кеңестер ішінен билер кеңесін құру қажет. Сонда ғана үлкен кісілер шеше алатын нақты істер сотқа бармай, бірден билер кеңесінде өз шешімін табады. Алғашқы кезде қиын болары сөзсіз, себебі бәріміз кез келген мәселені сот арқылы шешуге үйренгенбіз. Бірақ бұл жүйеге бірте-бірте халық үйреніп, қалыптасады.

Ерболат САУРЫҚОВ:

– Бүгінгі көтеріліп отырған тақырып өте өзекті. Әсіресе бізден кейін өсіп келе жатқан жастар үшін, өскелең ұрпақ үшін қажет. Кеңес өкіметінен бері сот жүйесі талай реформалардан өтті. Сол сот процестерінің кейбіріне өзіміз де араласып отырмыз. Отбасынан басталған істі сотқа жеткізбей шешуге болатынына куә болдық. Ол үшін халық арасында сот жүйесіне деген сенімділікті күшейту қажет. Қазір сот процесінде бір жақ жеңіске жетуі үшін соңғы ақшасы қалғанша соттасатындығын көрдік. Түкке тұрмайтын принцип үшін соңғы малын сатып, оң нәтижеге жеткізу үшін адвокаттарға береді. Бұл халықтың қалтасын қағу деп білемін.
Екіншіден, нақты мәселені шешуде қоғамымыздағы қариялардың, ақсақалдардың ақылына жүгінбейміз. Халық арасында түсіндіру жұмыстары көптеп жүргізілуі қажет. Бұл мәселе соңғы жылдарда қолға алынуда, келешекте оң нәтижесін табады деген сенімдемін.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН:

– Жалпы бұл тақырып бұған дейін де қозғалған. Жоғарғы Сот Төрағасы мен Қазақстан кәсіподақ федерациясының арасында меморандумға қол қойылғаны белгілі. Барлық облыстардың кәсіподақтар орталықтары осы құжатпен жұмыс істеп жатыр, ол өз нәтижесін береді. Бұл – өте дұрыс. Кәсіподақты бұған араластыруымыздың себебі – екі миллионнан астам кәсіподақ мүшесі болса, осы отырған кісілердің көбісі сол ұйымдардың қатарында. Бұл үкіметтік емес ұйым болғанымен, еңбек қатынастарын реттеудегі рөлі жоғары. Көп жағдайда дау-дамайлар осы еңбек қатынастары аясында пайда болады. Жоғарғы Cот Төрағасының идеясы қазақтың ұлттық болмысын сақтап қалуға үндейді. Егер ұлттық болмыс сақталмаса, ұлттық құндылық болмайды. Ұлттық құндылық болмаған жерде мейірім қалмайды. Мейірім қалмаған соң, сүйіспеншілік қайдан болсын. Болып отырған келеңсіз жағдайлардың негізгі себебі де осында.
Қолы, жүрегі таза емес, жүзі суық адамдардан не күтесіз? Қазіргі таңда ондай адамдар қаптап кетті. Осылармен күресу жолында ақылды адамдарды көкке көтеріп, би болуға лайықты азаматтарды таңдау қажет. Кеше ғана лағып жүрген адамнан қандай би шығады? Осы көтеріп отырған мәселелердің ар жағында жастар арасында көптеп кездесетін ажырасу мәселесі бар. Бұл ұлт үшін үлкен қасірет, нағыз трагедия деп білуіміз қажет. Қоғамдағы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасы, біреудің тоқал алуы, отбасы бар ер азаматтардың жас қыздармен отбасын құруы т.б. келеңсіз жайттар өршіп кетті. Осындай жиындардың жиі ұйымдастырылуы арқасында оң нәтиже шығады деген ойдамын.

Аманжол қажы ДҮРӘЛІҰЛЫ:

– Ата-бабамызда мынадай сөз бар: «Билер кетсе ел қалады, билігі кетсе жер қалады, бірлігі кетсе не қалады?» Бұл рас. Елбасымыздың бағдарламалық мақаласы «Рухани жаңғыруды» негізге алуымыз қажет. Бұл – үлкен бастама, жауапты іс. Сол себептен болашаққа жауапкершілікпен қарауымыз қажет.
Бүгінгі жиында ақсақалдар алқасын құрайық, билер алқасын құрайық деген ойлар айтылып жатыр. Әр ауданда онға жуық медиатор бар, қайсысы істі жүйелі шеше білсе, сол адамға елу мың теңге көлемінде сыйақы беру қажет. Сонда ғана оның абыройы артады, өзіндік орны болады. Қоғам үшін жұмыс істеп жүрген әрбір азаматты (ауыл әкімі, мал дәрігері т.б.) біріктіретін күш болса, ол күш медиатор деп аталады. Ауыл ақсақалдарын, ауыл билерінің мәртебесін көтеру керек. Шындығында біздің қазіргі қоғамдағы қариялар тұншығып жүрген сияқты. Оларға қолдау қажет.

Тұрғынбай ТӘЖІБЕКОВ:

– Медиатордың қазақша аудармасы – бітімші. Сол бітімші – ертеде болған, кейін ұмытылып кеткен, қазір жаңғыртылып отырған дүние.

 

тобықтай түйін

Ежелден аталы сөзге тоқтап, сөз қадірін білген, аңғалдығы мен адалдығын жоғалтпаған даналарымыз бар еді. Осы қасиеттеріміз бола тұра, ұлттық сананың улануы ма, әлде жаһандану толқынының әсері ме, жылдан-жылға даукес болып барамыз. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өршіп тұрған даулардың көпшілігі отбасындағы оқиғаларға қатысты. Еліміздегі әрбір үшінші отбасының шаңырағы шайқалуда. Облыста 2017 жылы – 3280, биылғы 6 айда 1600 ерлі-зайыпты ажырасып, жылына 6000-ға жуық бала толыққанды тәрбие алмауда.
Облыстық сот өткізген келелі кеңес осындай олқылық­тардың орнын толтыруға мысқалдай болса да үлес қосады деген ойдамыз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support