- Advertisement -

Мойнақ стансасына жерлесіміздің есімі берілді

279

- Advertisement -

Тәуелсіздіктің төл туындысы, көпшілік «ХХІ ғасыр құрылысы» деп кеткен Мойнақ су электр стансасына жерлесіміз, осы стансаның алғашқы басшысы, кезінде нысан құрылысына жетекшілік жасап, республиканың энергетика саласындағы маңызды жобасының іске асырылуына өлшеусіз үлес қосқан Қазақстанның Құрметті құрылысшысы және Құрметті энергетигі, «Құрмет» орденінің иегері Оразалы Қантаевтың есімі берілді.
Мойнақ СЭС-іне О.Қантаевтың есімін беру туралы бастаманы Қазақстанның ардагер-энергетиктерінің кеңесі өткен жылы көтерген болатын. Өтініш Энергетика министрлігі тарапынан қолдау тауып, «Самұрық-Энерго» АҚ директорлар кеңесінің шешімімен бекітілді. Осыған орай таяуда станса аумағында саланың ардагерлері, нысанның құрылысын жүргізген мамандар, жергілікті тұрғындар, О.Қантаевтың ағайын-туыстары мен гидроэлектрстансасының жұмысшылары қатысқан салтанатты рәсімі өтті.
Тарихқа көз жүгіртсек, жаңа ГЭС-тің құрылысы 1985 жылы басталған-ды. Алайда Кеңес одағының күйреуі бұл жобаға да кері әсерін тигізді, ол аяқталмай «сақалды құрылысқа» айналған болатын. Сол қиын кезеңде салынып бітпеген құрылыстарды консервациялау лайықты дәрежеде жүргізілмегендіктен, олар ішінара жарамсыз болып қалған. Кейін бұл жоба саудаға қойылып, жекешелендірілген, алайда жеке компания ГЭС салу жұмыстарын ақыры жөнді ұйымдастыра алмады.
Мемлекет экономикасы еңсесін тіктеп, Қазақстанда энергия тұтыну көлемі артқандықтан, 2000 жылдардың басында Мойнақ ГЭС жобасына қызығушылық танытыла бастады. 2005 жылы су электр стансасы құрылысын қайта жандандыру туралы шешім қабылданды да, құрылыс алаңын ретке келтіру жұмыстары қолға алынды. Нәтижесінде, 2011 жылдың 9 желтоқсанында құрылысы біраз жылға ұзаған Мойнақ СЭС-нің бірінші энергоблогы іске қосылды. Өкінішке қарай, Оразалы Қантаев бір кездері өзіне сеніп тапсырылған нысанның пайдалануға берілгенін көре алмай кетті. Өйткені соның алдында ғана ол ауыр науқастан көз жұмған болатын. Білікті маман О.Қантаев Ташкент политехникалық институтын үздік бітіріп, елге оралып Сарысу ауданындағы Саудакент ПМК-сында құрылысшы-инженер, біраз жыл Жаңатас қаласындағы үй-құрылыс комбинатының директоры болып еңбек етіп, 2000 жылдары Алматыдағы «КЕГОК» компаниясына қызметке ауысқан болатын.
Қуаттылығы 300 МВт болатын Мойнақ СЭС Үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы және Электр энергетикасының 2030 жылға дейінгі даму бағдарламасы аясында бой көтерді. Станса Алматы облысының Райымбек ауданындағы Шарын өзенінде орналасқан. Бұл нысан бүгінде Қазақстанның Бірыңғай энергетикалық жүйесінің оңтүстік аймағының, яғни Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарының электр қуатына деген тапшылығын азайтуға, ең жоғары жүктемелерді жабуға қатысты міндеттерді табысты шешіп отырған серпінді жоба. Кәсіпорынның жоба бойынша орташа жылдық электр энергиясын өндіру көлемі – 1,027 млрд. кВт/с. 2018 жылдың 7 айында бұл СЭС 649 миллион кВт/сағат электр энергиясын өндірді. Тұтастай алғанда, екінші энергоблок 2012 жылы пайдалануға берілген сәттен бастап, гидроэлектр стансасы шамамен 5,9 млрд. кВт/сағатқа жуық электр қуатын ел игілігіне тапсырды.
Сөйтіп, жерлесіміз, «Құрмет» орденінің иегері Оразалы Қантаевтың есімі еліміздің энергетиктер тарихына алтын әріптермен жазылды.
Адам жасаған жасына қарап емес, атқарған игілікті істеріне, сүбелі еңбегіне қарап бағаланады емес пе? Өмірден ерте кеткен азаматтың ерен еңбегінің бағаланғанына көпшілік дән риза болды.
Қазақтың «Жақсының аты өшпейді» дегені, сірә, осы болса керек.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Алматы облысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support