- Advertisement -

Бектөбенің ажары арта бермек

344

- Advertisement -

Мемлекет басшысының әр жылдардағы Жолдауларында еліміздің алдағы дамуы­ның барлық бағыттарына назар аударылып, алға асқаралы міндеттер қойылу­мен келеді. Елбасы тапсырмалары мен бастамаларының қай-қайсысы болсын жаһандық ахуалдағы мемлекет дамуының басты бағыттарын айқындауымен, ел экономика­сының барлық саласына қатысты мәселелерді жан-жақты қамтуымен де құнды. Бүгінде әрбір жақсы іс, жағымды жаңалық, іргелі жетістік «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында белгіленген міндеттер ауқымында желісін кеңге жаю үстінде.

Шындығында, ауылдардағы осыдан 15-20 жыл бұрынғы жағдайды бүгінгі күннің болмысымен салыстыру, әсте мүмкін емес. Қазір қай ауылға барыңыз, тақтайдай тегіс жолдар, түн мезгілінде жарықтандырылған көшелер, «Ақ бұлақ» бағдарламасы аясында тартылған ауызсу құбырлары, «көгілдір отын» желілері, жаңа үйлер, әлеуметтік нысандар, оның ішінде қауырт қолға алынып, қызу жүргізіліп жатқан мектептер мен балабақшалар құрылыстары алдыңыздан шығады. Көп қабатты еңселі ғимараттар қалада ғана емес, ауылда да бар. Ауылдық жердегі әрбір үшінші үйдің алдында шетелдік автокөліктер қаңтарулы тұрғанын көресіз. Әрбір екінші үйдің қорасы төрт түлік малға толы. Ауыл адамдарының мал өсіріп, жер баптап кәсіпкерлікпен айналысуына да мүмкіндіктері мол. Әсіресе шаруасы шалқыған шаруашылықтар қатары жылдан-жылға артуда.
Мұны бір ғана Бектөбе ауылы мысалынан-ақ айқын аңғаруға болады. Бұл жалпы аумағы 10763 гектарды құрайтын, 5300 тұрғыны бар Қаратөбе ауылдық округінің орталығы. Бұдан бөлек округке Қызылшарық, Бәйтерек ауылдары да қарайды. Ал Бектөбе ауылы жылдан-жылға көркейіп, дамып келеді. Тараз қаласымен шекаралас жатуына байланысты мұнда жеке кәсіпкерлік ісі, сондай-ақ демографиялық өсім де тіркеліп отыр.
Елімізде жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік және салалық бірқатар бағдарламалардың ауылдық тұрғындар тұрмысы түзелуіне де себі тиюде. Мысалы, «Ақбұлақ» бағдарламасы аясында Қаратөбе ауылдық округіне қарасты Бектөбе, Қызылшарық елді мекендерінің тұрғындарын таза ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары басталып та кетті. Қазіргі уақытта аудан әкімдігі тарапынан аталған елді мекендерге ауызсу жүргізу мақсатында бюджеттен қаражат қарастырылып, жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленуде. Аталған ауылдар орталықтандырылған ауызсумен толықтай қамтылатын күн де алыс емес.
Қазіргі уақытта Бектөбе және Қызылшарық ауылдарының тұрғындарын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету мақсатында 15 келушіге арналған медициналық пункт бой көтеруде. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін бітіп, нысан ел игілігіне де берілетін болады.
Осы ретте аумақта бүгінгі күні 2459 адам жеке қосалқы шаруашылықтарын жүргізу және тұрғын үй салуға қажет жер телімі үшін кезекке тіркелгенін де атап өту жөн. Ауылдықтарды жеке тұрғын үй құрылысына арналған жер телімдерімен қамту мақсатында 143 телім бойынша жерге орналастыру жобасы мен инженерлік-инфрақұрылым тартуға қажетті жобалық-сметалық құжаттары әзірленген. Бүгінгі таңда олар сараптамадан өткізілуде.
Сонымен қатар аумақта көптеп шоғырланған елді мекендердің бас жоспарларын орындау мақсатында Бектөбе ауылында жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге арналған 180 гектар жер телімін мемлекет мұқтажы үшін қайтару жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта аталған жер телімдері мемлекеттік жер қорына өтіп, тұрғындарға жеке тұрғын үй құрылысы мен қосалқы шаруашылықтарын жүргізуіне таратылып берілетін болады.
Бектөбе бүгінде кәсіпкерлік ісі ғана емес, өндірісі де дамып, ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылуына да бірден-бір қолайлы өңірге айналып отыр. Мысал үшін айта кетер болсақ, 2012 жылдан бері мұнда жалпы құны 2,5 миллиард теңгені құрайтын «Оңтүстік Халал Тағамдары» ЖШС ірі ет комбинатының, құны 520 миллион теңгені құрайтын «БиномСтройДеталь» ЖШС-ның темір бетон бұйымдары мен панелді тұрғын үй құрылысын жүргізу цехы, құны 1 миллиард теңгені құрайтын «КазУпакТрейд» ЖШС құрылыс гипсін өндіру зауыты тәрізді ірі жобалармен қатар, құны 100 миллион теңгені құрайтын шұжық цехы мен тойхана ғимаратының құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бұдан басқа, ауыл шаруашылығы саласындағы тапсырыстар мен бастамаларды қанағаттандыру мақсатында лизингтік жүйе арқылы техника алуға 7 миллион 160 мың теңге бөлінуі аудан әкімі мен ауылдық округ әкімінің арасындағы келісімнің талапқа сай мүлтіксіз орындалғанына нақты айғақ бола алады.
Мұндай келелі істер өзге ауылдарда да көрініс тауып, аудан аумағы кемелдене түсуде. Мәселен, жол жөндеу жұмысы бойынша Бесжылдық ауылына кіреберіс жол, Бірлесу-Еңбек – Гипс кені – Қазфосфат автожолы, Өрнек – Тоғызтарау – Жаңаөткел және Ерназар – Қойгелді, Құмтиын – Өрнек-Ерназар автомобиль жолдары, Танты, Қоңыртөбе ауылдарына, Әулиебастау қалашығына кіреберіс жолдар орташа жөндеуден өткізілуде.
Туған жерді – кіндік қаның тамған жерді, мына тіршілікке нәр берген төл топырағыңды тал бесікке теңемей қайтерсің. Жарық дүние есігін алғаш ашқан, сол арқылы өзек жалғар тіршілігіңе нәр берген туған өлке тал бесік емес деп кім айта алар.
Ендеше бектөбеліктер де өркениет көшіне ілесіп, бұдан әрі де жарқын өмір кеше беретініне сеніміміз мол.

Жалғас МҰРТАЗА,
аудан әкімінің орынбасары.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support