- Advertisement -

Жекпе-жектің басты қаһарманы ковалев жеңіліп қалды

178

- Advertisement -

Ал андеркартта ойнаған Қазақ боксшылары жеңіске жетті

Қазақ боксшылары кәсіпқой бокс әлеміндегі кезекті жеңістерін тойлады. Алдымен жартылай орта салмақ дәрежесінде сынға түсіп жүрген Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов жанкүйерлерді қуантты. Ол Уэльстің Кардифф қаласында өткен бокс кешінде венгриялық Габор Горбичпен жұдырықтасып, төрешілер шешімімен үшінші жеңісіне қол жеткізді. Әуелде Данияр бұл кездесуде 8 раундтық форматта жұдырықтасады деген ақпарат тараған болатын. Алайда боксшының менеджері Зия Алиев шайқастың алты раундтық форматта өтетінін мәлімдеді.
«Бірден айтайын, «Matchroom Boxing» промоутерлік компаниясы сегіз раундқа қаржы қарастырып, солай шешім қабылдағанның өзінде мен рұқсат бермес едім. Біздің келісімсіз олар мұндай қадамға бара алмайды. Сондықтан мұндай ақпаратты естігенде таң қалдым», – деді ол.
Ең бастысы қазақстандық боксшы қарсыласын жеңіп, boxrec.сom сайтының рейтингінде өз салмағында 75 саты жоғарылап, 256 орынға орнықты. Данияр бұл жылы тағы да шаршы алаңға шығуға әзір.
АҚШ төрінде өткен ресейлік Сергей Ковалев пен колумбиялық Элейдер Альварес арасындағы бокс кешінде жамбылдық жампоз, Меркі өңірінің тумасы Мадияр Әшкеев шаршы алаңға көтеріліп, оныншы жекпе-жегінде жеңімпаз атанды. Ол колумбиялық Эдуардо Флоресті мерзімінен бұрын ұтып, boxrec.com сайтының рейтингіндегі жағдайын түзеді. Мадияр енді өз салмақ дәрежесінде 99 орында келеді. Сондай-ақ осы бокс кешінде сынға түскен орта салмақ дәрежесіндегі тағы бір қазақ боксшысы Мейірім Нұрсұлтанов та жанкүйерлер күткен нәтижеге қол жеткізді. Ол доминикандық Джонатан Батистаны мерзімінен бұрын тоқтатты.
Бұл жеңістен кейін Мейірім де рейтингтегі жағдайын жақсартып, 69 орынға орнықты.
Бокс кешінің басты шайқасында жартылай ауыр салмақтағы ресейлік былғары қолғап шебері Сергей Ковалев колумбиялық Элейдер Альвареске мерзімінен бұрын жеңіліп, WBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды. Кәсіби мансабында үшінші мәрте жеңілістің ащы дәмін татқан ол бокспен қоштасатынын айтты.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support