- Advertisement -

Жеткіншектер елорданы көзімен көреді

1 064

- Advertisement -

Есет ДОСАЛЫ

Есілдің бойын ен жайлап, еңсемізді көтерген Астана – баға жетпес байлығымыз. Кім-кімнің де бас қалаға барып, ондағы ғажайыптарды көзбен көру арманы. Әсіресе мұндай сапардан жасөспірімдердің алатын әсері бөлек. «Қазақстанның киелі жерлеріне, соның ішінде Астана қаласына бару» жөніндегі республикалық өлкетану акциясы аясында жамбылдық оқушылардың бас қалаға саяхаты жалғасуда.
Бұл кезеңде 17 оқушы пойызбен бас қаланы бетке алды. Олардың арасында республикалық және облыстық олимпиадалардың, түрлі байқаулардың жеңімпаздары, жүлдегерлері мен көп балалы отбасылардың балалары бар. Жас саяхатшыларды облыс әкімдігі білім басқармасының және БАҚ өкілдері Тараз темір жолы вокзалынан сәттілік тілеп, шығарып салды. Оларға үш тәулік бойы облыс әкімдігі білім басқармасы әдістемелік кабинетінің әдіскері Жанна Күшерова бас-көз болады. Ақыл-ойында кемістігі бар балаларға арналған облыстық мектеп-интернаттың мейірбикесі Баян Ақылбекова да осында. Оның айтуынша, балалардың көңіл-күйі жоғары, сезімдері сергек.
Бас қалаға бара жатқан бақытты жасөспірімдерді сөзге тарттық. Зарина Әбдірахман шалғайдағы Сарысу ауданынан келіпті. Оқу озаты, облыстық пән олимпиадаларының жеңімпазы. Елорданы құрбыларымен бірге көру, аралау мүмкіндігіне ие болғанына қуанышты. Жамбыл ауданы, Еңбек орта мектебінің 6-сынып оқушысы Сағи Керімбеков те дәл осы саяхатқа бара жатқандағы қуанышты әсерін сөзбен жеткізу қиын екенін айтты. Әрине, Сағидың қуанышын түсінуге болады. Себебі, 12 жасында облыстағы арнайы саяхатшылар сапында елордаға жол тарту екінің біріне бұйыра бермейтіні анық.
– Бас қаланы тамашалап қайту – әр баланың арманы. Елорда – Елбасының бастамасымен, ойымен жасалған ғажайып қала. Астанада төменгі сынып оқып жүргенімде де қыдырып барғанмын. Одан бері бас қалада көп өзгеріс, өркендеулер болды. Сондықтын еліміздің жүрегі саналатын шаһарға жеткенше асықпын. Мен дарынды балаларға арналған облыстық «Дарын» мектеп-интернатында білім аламын. Онда өте білімді, ойлы оқытушылар сабақ береді. Қай пәнді болса да, терең меңгерумізге мүмкіндік бар. Мұның өзі мемлекеттің талантты, зерек жеткіншектеріне жасаған қамқорлығы деп түсінеміз. Үздік оқитын балаларға осындай қамқорлық жасап отырған Елбасына барша достарымның атынан алғыс айтқым келеді. Астанада жақсы саяхаттап, демалып, жоғары көңіл-күймен оралатынымызға сенімдімін, – дейді облыстық «Дарын» мектеп-интернатының оқушысы, республикалық пән олимпиадалары байқауының жүлдегері Сымбат Мұқашева.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support