- Advertisement -

Аса аспанында ән-күй қалықтады

1 140

- Advertisement -

Биыл Тәуелсіздігіміздің, Елбасының төл туындысы, ерке Есілдің жағасындағы ару қала Астананың іргесі қаланғанына 20 жыл толды. Елорда – әсемдік пен сұлулықтың символы. Тарих үшін қас қағым ғана көрінетін осы уақыт ішінде Астана әлемді таңдай қақтырып, егемен елдің ертеңінің жарқын боларына сендірді. Астана жайлы талай ақын жырға қосып арнау айтты, қаншама композитор ән арнады.
Аудандық Мәдениет үйінде «Ел жүрегі – Астана» атты мәдениет және өнер күндері өтті. Салтанатты шарада аудан әкімі Бақыт Қазанбасов сөз сөйлеп, Астана мерейтойының маңызы зор екеніне, еліміздің бүгінгі даму жолына, аудан өнерпаздарының мүмкіндігіне тоқталып өтті. Шараға облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы облыстық халық шығармашылығы орталығының директоры Ғани Садырбаев, ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жыршы-термеші Дүйсенбек Өмірәлиев, М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың «Мәдени-тынығу және әлеуметтік қызмет» кафедрасының аға оқытушысы Ерлан Әуесбаев, режиссер Сайрамбек Дүйсембаев, Ш.Уәлиханов атындағы облыстық ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Эльмира Әбдінова, облыстық халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Эльмира Дүтбаева, орталықтың бөлім басшысы Нұралы Абдуллаев, орталықтың жауапты хатшысы Жансұлу Абуова арнайы қатысты. Мәдениет үйінің алдында қонақтарды әжелер ансамблі ауылдың алты ауызын айтып қарсы алып, қонақтарға дәм ұсынды. Сонымен қатар кеш қонақтары қылқалам шеберлерінің сурет көрмесіне, асық ату, арқан тартыс, аударыспақ, шекемтас, тоғызқұмалақ секілді ұлттық спорт түрлерінен өткен сайысқа куә болып, қазақтың ұлттық дәстүрі тоқымқағар мен жастар айтысын тамашалады. Мәдениет үйінің кіре берісінде кеш қонақтарына бүлдіршіндер Астана жайлы жыр шумақтарын оқып, «Көкіл» домбырашылар ансамблі күйден шашу шашты.
Бүгінде ауданымыздың мәдениет пен өнерде қол жеткізген табыстары ауыз толтырып айтарлықтай. «Дарын» халық театрының Беларусь елінде өткен халықаралық байқауда бірінші орын алуы, «Әдемі-ай» дуэтінің «Атамекен» халықаралық ән байқауында жеңіс тұғырынан көрінуі, М.Төлебаев атындағы балалар мен жасөспірімдер музыка мектебінің жеткіншіктерінен құралған «Көкіл» домбырашылар ансамблінің «Burabai Summer Fest 2018» фестивалінде аудан абыройын асқақтатуы – осы сөзіміздің дәлелі. Айтмұханбет Исақов бастаған айтыскер ақындарымыздың да қол жеткізген табыстары бір төбе. Бұл – ауданымыздың жарқын жетістіктерінің бір парасы ғана.
Шара барысында аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы Астана қаласының 20 жылдығына орай ауылдық округтер арасында өткен өнер фестивалінде үздік өнер көрсеткендерді марапаттады. Фестивальді сұрыптап, саралаған комиссияның шешімімен Қаратөбе, Айшабибі, Жамбыл ауылдық округтері бірінші жүлдені қанжығасына байласа, Гродеково, Полатқосшы, Қызылқайнар ауылының өнерпаздары екінші орынға қол жеткізді. Ал Ақбұлым, Бесағаш, Қарой ауылдық округтері жүлделі үшінші орынға ие болды. Сонымен қатар Ақбастау, Қаракемер, Аса, Тоғызтарау, Өрнек, Ерназар, Қарасу және Көлқайнар ауылдық округтері ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Барлық жүлдегерлерге арнайы дипломдар табыс етілді.

Дүйсенбек Орманов,
журналист.

Жамбыл ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support