- Advertisement -

Әжемнің «академиясы»

259

- Advertisement -

Менің әжем Зылиха кіп-кішкентай, аққұба кісі еді. Өзі кішкентай болса да, жүрегі кең болатын. Атам Үсібәлі дүниеден қайтқанда әкем Әбілхайыр – жеті жаста, әпкелері Ұлбике – он бір, Қарашаш тоғыз жасқа толған екен.
Қазаққа қырғидай тиген отыз екінші жылғы ашаршылық кезінде әжем жеті түнде үш баласын жетектеп масақ теруге шығатын. Хал үстінде жатқан Үсібәлі атам: «Әй, Зылиха, ана баланы апармасаңшы, буыны бекімеген ғой», деп бұйрық райда үн қатса да, әжем өз дегенін істеп, бидай сабақтарын үйге тасытатын. Еңбектің арқасында балаларын ашаршылықтан аман алып қалды.
Ол кісі жерге түскен нан қоқымын сыпырғышпен сыпыртпайтын. «Нан – киелі, қолыңмен теріп ал, ашаршылық кезінде бір үзім нан үшін адамдар не істемеді? Нан таппай өз баласын жегенді де көз көрді ғой», деп егіліп жылап, көз жасын етегімен сүртетін. «Қойшы, әже, қазір бәрі бар, нан жеткілікті» деп ерегісіп, талай нан қоқымын сыпырып ренжіткеніме қазір өкінемін. Мен сыпырып жатқанда ол кісі нан қоқымын жерден көтеріп, аузына салатын. «Киіздің қылын жұттыңыз» деп мазақтайтынмын… Енді ойласам, әжем нан қадірін білуді бойымызға әбден сіңіріпті ғой.
Бала кезімізде қар қалың жауатын, тіпті үйдің төбесіне жететін. Сырғанақ ойнап, үстіміз малмандай су болатын. Сонда әжем жаураған аяғымызды қойнына тығып жіберіп, жылытатын. Біз «Әже, сіз біздің пешімізсіз», деп еркелейтінбіз. Әжемнің қасына кезекпен жататынбыз. Түннің бір уағына дейін әңгіме айтатын. «Сендер комсомол болмаңдар, комсомолдарды алып кетіп, бір-ақ күнде жоқ қылып жіберген», деп көп адамдардың аттарын айтып, терең күрсінетін. Сол кезде жалғызбасты қарт адамдар көп болды. «Ананың баласы комсомол болып сорлады, мынаның баласын соғыс жұтты», деп қалың ойға бататын.
Күбірлеп түн тыныштығын тілейтін әжем бізге «кәмпит беремін» деп алдаусыратып, кәлимаға тілімізді келтірді. Бірнеше рет қайталатқызатын. Үнемі қалтасында кәмпит толып жүретін. Аяулы әжем жылда күз сайын киіз басатын. Жүнді өзі ғана түтпей, бізге де үйретті. «Түтілген жүн маңдайыңа жетсе, мұрныңнан моншақ түседі», деп айтатын. Баламыз, аңғалмыз, соған сеніп қала беретінбіз. Мұрнымыздан моншақ түспесе де, шыдамдылыққа, сабырлылыққа сол жүн түту арқылы тәрбиеленген сияқтымыз. Кей кезде кимешегін киіп алатынмын. «Шеш кимешекті, қыз балаға киюге болмайды», деп шыр-пыр болатын. Әжем тыйым салудың маманы еді. Ақ орамал тартқызбайтын. Ақ жаулықты тұрмыс құрмаған қыздың тартпайтынын дәлелдермен жеткізетін. Киетін көйлектерімізге де үлкен мән беретін. Тек гүлі әдемі матадан Шайқыз апамызға тіктіртетін. Оның бәрі сол кезден бастап дұрыс киінуге тәрбиелегені екен ғой.
Үйде мал ұстадық. «Малды теппе, сүтті төкпе», «Итке уақтылы тамақ беріңдер, түнде періштелер келіп сұрағанда ит ұялып қалады», деп түрлі аңыз-әңгімелер айтып отыратын. Осындай ойларымен жан-жануарға деген бойымыздағы мейірімділікті оятқан екен-ау.
«Бүйіріңді таянба, аяғыңды айқастырма, судың бетін ашық қойма, адамға қарап керілме, шашыңды жайма» деген әжемнің тыйымдарының астарында үлкен мән жатқанын біз қайдан білейік? Күрек, тырма дегендерді үйге сүйеп қойсақ, ашуланатын. «Біреу қайтқанда сүйенеді» деп ырымдарды түсіндіретін. Әжемнің әңгімелері есте сақталғандықтан ба, әлі күнге ыдысты түгел жумай жатпаймын. Шайтан отырып кетеді деп ойлаймын. Қызыма, келініме соны ескертемін. Асыл әжем көппен ішкен ас дәмді екенін ескертіп, үнемі қонақ шақыратын. Ауылдың қарттарынсыз қымыз ішпейтін. Бірде ағам: «Әже, қарияларды шақырып келейінші», деді. «Е, неге керек болып қалды қариялар?», деді әжем. Сонда ағам қымыз ішкісі келіп тұрғанын айтып, әжемді әбден күлдірген. Мұнда да үлкенді құрметтеудің үлгісі жатса керек.
Әжем бағбан еді. Біздің үйде алма, алмұрт, шие, алша көп өсетін. Көшеден өткен үлкен-кішінің етегін толтырып салып беретін. Інім Сауыт әжем секілді жомарт азамат атанды. Ақшаны өзі ұстайтын. Ауыл кісілері жиі қарыз сұрайтын. Кімге қарыз бергенін ұмытып қалып: «Өткенде кімге қарыз бердім, есімнен шығып кетті. Сендер білсеңдер айтыңдаршы», деп отыратын. Әжемнің санамызға сіңіргені болар, әлі күнге үлкендер жиналмай, ас ішпейміз.
Үйдің үлкені де, кішісі де қараңғы түсісімен тысқа шықпайтынбыз. Әжем ойлап тапқан дию, шайтан, жын дегендердің бар екеніне иланатынбыз. «Қыз қараңғыда қыдырса, сөз де, бәле де жабысады», деп отырушы еді. «Сөз деген неге жабысады, тікен бе?» деп ренжитінбіз. Ол кісі әдемілеп түсіндіріп беретін. Бетіміз қызарып, ұялатынбыз.
Менің әжем үлкен мектеп, тәрбие университеті, академия еді. Сексен жеті жасында бақилық болды. Сол әжемнен алған тәлім негізінде анам кейінгі келіндерін тура солай тәрбиеледі. Мен ылғи да Зылиха әжемді сағынамын. Үлкендердің айтқанын екі етпейтін ұрпақ өссе деп армандаймын. Қазіргі балалар әжелердің әңгімесіне сене ме екен? Мені сол толғандырады. Біз әжеміз қалай алдаса да, сеніп қалушы едік. Әжемнің ғажап мектебінен өткенімді мақтан тұтамын.

Ұлдаркүл ҚҰРАЛОВА,
ҚР Білім беру ісінің үздігі.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support