- Advertisement -

Жарымжан жарнама мен сақау хабарлама сәнге айналған ба?

1 491

- Advertisement -

Кейбір кәсіпкерлер өздеріне шаң түгілі жан жуытпайды. мұндай жерде заң қалай орындалсын?

Екі айдай уақыт бұрын Тараз қаласы әкімінің орынбасары Сайлаубек Байназаровпен бірге көшелерге рейд жүргізіп, ондағы жарнамалардың заңды-заңсыздығын тексерген едік. Сонда Абай даңғылының бойынан бастап талапқа сәйкес келмейтін, көңілге де қонымсыз жарнамалардан көз аша алмай қалдық. Облыс әкімінің тапсырмасына байланысты және талаптарға сәйкес келмегендіктен, арнайы жұмысшылар көлемді жарнамаларды сол жерде-ақ жұлып алып тастап жатты.

Бұл жолы біз редакцияның тапсырмасымен қаладағы жарнамаларды екі апта бойы бақылап көрдік. Мақсатымыз көрнекi жарнаманы орналастыру, дәріханалар, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету мен сауда орындарының жайма сөрелерiн, терезелерiн безендiру, сыртқы және есiкке iлiнетiн маңдайшалары, iшкi безендiрiлуiн қадағалайтын «Қазақстан Республикасының Жарнама туралы» Заңы қаншалықты орындалып жатқандығын тексеру болды. Нәтижесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Ескерте кетсек, біз Абай, Төле би, Әйтеке би, Қазыбек би, Қойгелді батыр, Жамбыл, Бөлтірік шешен, әл-Фараби және 3-6 шағын аудандарда орналасқан нысандарды аралағандықтан, әрбір нысанның мекен-жайын жаза бермедік.

«Өзге тілдің бәрін біл…»

Тіл заңы бойынша хабарлар мен жарнамалар екі тілде жазылуы тиіс. Ал Таразда бір ғана орыс тіліндегі көрнекіліктер жетіп артылады.
«Жарнама агенттігі «Мико» рекламное агенство» деп бастап, түгел орысша жазылған плакатты сіз де жолықтырған шығарсыз. Оның «біртуғандары» қаладағы біраз аялдамада менмұндалап тұр. «Reklamart» материалы для рекламного производства», «38 Barber shop» бреем & стрижем», Абай көшесіндегі №130 үйдің қабырғасындағы «Гульжан» пошив и реставрация одежды» деген сыртқы жарнамалардың қазақша түсіндірмесі жоқ.
Әйтеке би көшесінен орын тепкен кішігірім базар бар. Қат нәрсе кейде тек сол жақтан табылса да ана тіліміздегі бір сөздің табылмауы қынжылтпай қоймады. «A-status» кешенінің алдына және Қойгелді көшесі бойындағы Әділет үйіне ілінген білім ұясының хабарландыруы да тек орыс тілінде екен.
Жамбыл даңғылы мен Бөлтірік шешен көшелерінің қиылысында «Альтаир» деген клуб бар. Атауы ілінген баннердің төменгі жағында қат-қабат жапсырылып, жалбырап тұрған сыртқы жарнамада кілең орыс тіліндегі «Железнодорожные перевозки», «Набор текста», «Перевод текста» сияқты жазбалардан басқа тілдегі түсіндірмесін іздесек те таппадық.
Бұл тұрғыда заң не дейді? Талапқа сай сыртқы жарнамамен қатар қоғамдық көліктердің кестесі, дүкендердегі көрнекіліктерді де қос тілде жазу міндет. Нақтырақ айтсақ, қазақ тіліндегі жазу жоғарыда немесе оң жағында, орыс тіліндегі жазба төменде немесе сол жақта тұруы керек. Екі тілдегі мәтіннің шрифі де, әріптері де бірдей көлемде жазылуы тиіс.
Ал бізде қазақша да, орысша да аудармасы жоқ, есесіне шет тіліндегі түсіндірмесі ғана жазылған маңдайшалар аз болмай шықты. Мәселен, «Думан» inPlay comp & PS club», «Альтаир» disco club», «Mansard» restaurant & pub, «karaoke & bar», «Fasion house «Bora», «La Reine» beauty bar» және басқалар.

Заңға пысқырмайтындар да жоқ емес

Бірі дұрыс болса, екіншісі бұрыс таблолар да жолымызды кес-кестей берді. Мысалы, «Дәріхана «Жасулан и К» аптека», «Сұлулық салоны «Нурель», «Шаштараз «Баян-сулу классик» парикмахерская».
«Агромагазин», «Съедобные букеты», «Пивной двор», «Славянский двор», «Подиум», «Еврообувь», айналдыра «Домашняя выпечка» деп маңайын суреттермен көмкерген дүкендерге де кез болдық. Шіркіндердің еш жеріне қазақша атауы сыймайды дей алмаймыз.
Мейлің, бұл атаулардан олардың қандай сауда орындары екенін түсініп алуға болар. Ал шаһар орталығындағы «Sportik», «Egypt», «El classico», «Arezzo», «Sport style», «Berlusconi», «Assos Diamond», «Bellucci», «Pinta», «Abaya’s», «Savage imperator», «Weber», «Paradise rose», «Bacci Милано», «Ted Lapidus», «Paris», «Koton», «Вusiness plaza», «Coffee-Coffee», «Barbeque burger», «Altyn adam», «iMaxi» деген атаулардың қандай мағына беретіні жасамыс тұрмақ, жастың өзіне қиындық туғызбай қоймас.
Әсілі «Қазақстан Республикасының Жарнама туралы» Заңының 2-тарауы 6-бабына сәйкес, таратылу, орналастырылу нысанына немесе пайдаланылатын құралына қарамастан, тiкелей ұсынылу сәтiнде көрнекіліктер арнаулы бiлiмсiз немесе арнаулы құралдарды қолданбай дәйектi әрi түсiнiктi болуға тиiс. Сонымен қатар мерзiмдi баспасөз басылымдарын қоспағанда, Қазақстан Республикасының аумағындағы жарнама мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде, сондай-ақ жарнама берушiнiң қалауы бойынша басқа да тiлдерде таратылады деп анық жазылған.

жақсының
жақсылығын айт…

Көп ұлтты елімізде, оның ішінде облысымызда да әр халықтың тілінде жазылған жарнаманы кездестіріп жатамыз. Оның басым бөлігін қазақ, орыс, ағылшын және итальян тілінде жазылған көрнекіліктер құрайды екен. Қайсыбірі көңілді жабырқатса, енді бірі сүйсіндірді. Атап айтар болсақ, «Еуразиялық банк», «Форте банк», «ВТБ», «Халық банк» сияқты банктердің бәрінде не жазылса да қос тілде берілген. «Цеснабанкте» де солай, тіпті әр қабаттағы қызмет түрлері жазылған тақтайшалар тек қазақша әрі сауатты толтырылыпты.
«Sulpak» электроника гипермаркеті, «Small» оптомаркетінің барлық супермаркеттерінің сыртқы және ішкі безендірілуі ережеге сай. «Әмір және Д» дәріханасы, «Раушан» киімдер салоны», «Дәмді палау орталығы «Изюм» центр вкусного плова», «Сауда үйі «Имити» торговый центр», «Дүкен «Фреш» магазин» сияқты маңдайшаларға қарап, көңіл марқаяды.
Әуежайға барған біз екі тіл ғана емес, шетелдіктердің де қатынайтындығына байланысты онда үш тұғырлы тіл саясатының жүзеге асырылып отырғанын аңғардық. Дегенмен қызмет көрсетуде ресми тілдің лебі еседі. Сондай-ақ «Упаковка багажа. Упакованный багаж – гарантия сохранности ваших вещей» деген жапсырмасын өзіміз аударып, түсініп алдық. Ал қалған стенділер, плакаттар мен билбордтар заңның аясында жасалыпты. Темір жол бекетінде де екі тіл қатар пайдаланылған, үш тілде жазылған бағыттауыштар да жоқ емес. Автобекетке арнайы барған біздің топ ғимарат ішіндегі «Автобустардың жол жүру кестесі», «Перронға шығу», «Анықтама бюросы», «Барлық бағыттар бойынша күнделікті және алдын ала билеттер сатылады» деген қызметтердің де қазақ-орыс тілдерінде жазылғанын көріп қайтты.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес қазір латын әліпбиіндегі маңдайшалар да пайда болыпты. Мәселен, «Birles» dámhana», «Qaraqat» ashana», «Býharest shaýrmasy» және «Dúken «Urban» food market» деп жазған қоғамдық тамақтану және сауда орындарының мемлекеттің бастамасын іліп алып, ұстанған саясатына өзіндік үлес қосып жатқандарын байқадық.

«Өз тіліңді құрметте…»

Жаңа әліпбиге көшірілу қолға алына салысымен-ақ атауындағы әріптерін латыншаға алмастырған «Qazkom» банкі болатын. Алайда ғимараттарының жоғары жағындағы атауы сол қалпы «Kazkom» деген жазуымен қалыпты.
Алайда латынша қыламыз деп, маңдайшасынан қате жібергендер де жоқ емес. Ол жақында ғана қайта жөндеуден өткен «Ádemi Merýert» мейрамханасы кириллицадан латыншаға аударып жазғанымен, апостроф, яғни төбесіндегі үтірлері қалып қойыпты.
«Көне Тараз» тарихи-мәдени орталығына сән беріп тұрған арқалықты көрмеген жан жоқ шығар. Бірақ ондағы «көне» сөзінің «ө» және «әлемі» сөзінің «ә» әріптерінің жоғары жағына екі нүкте қойылған нұсқада қалыпты. Т.Рысқұлов саябағында бұрын «Сосновый бор» аталған қоғамдық орынның баннері қазақша аударылғаны болмаса, «Балкарағай» деп сақауланып тұр. Ал Жамбыл даңғылында бір дүкен сатылымындағы өнімін «Балмуздак-мороженое» деп жарнамалауда.
Қойгелді көшесінде орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметінде мін жоқ. Тек өрт болған жағдайда адамдарды эвакуациялау жоспары көрсетілген тақтайшалары ғана орыс тілінде жазылыпты. Әрине, соған сай «консультация», «зал ожидании», «первый операционный зал», «запасной выход» деп іші ресми тілде толтырылған.
Жоғарыда автобекеттің күнгей тұсын айтып өткенбіз. Сол ғимараттан тысқа шыққанда автобустар тұрағынан «Ушконур», «Мерке», «Кулан» деген тақтайшаларға кез болып, көңіліміз су сепкендей басылды. Дәл сол сәтте дауыс зорайтқыштан шүлдірлеп хабарландыру айтқан дауыс жығылғанға жұдырықтай болды. «Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің» демекші, «Ушконыр, Шымкентке, Бишкекке, Чалдавар, Қарабалтаға, Ванновкаға, Мерке, Қуланға автобустар жүреді» деп бір емес, сан мәрте қайталаған әйел кісінің даусы, сұрастыра келсек, жазылып алынған екен. «Әттең» дегізген дайын жазбаны дүбәра етпей, сауатты бастырса болмас па еді дедік ішіміз күйе.
Осылайша көрнекi жарнаманы орналастыру плакаттар, стендiлер, жарық берушi табло, билбордтар, транспаранттар, афишалар, дәріханалар, қоғамдық тамақтандыру, тұрмыстық қызмет көрсету саласындағы кәсiпорындардың жайма сөрелерiн, терезелерiн безендiру, сыртқы және есiкке iлiнетiн маңдайшалары, iшкi безендiрiлуiн қадағалайтын «Қазақстан Республикасының Жарнама туралы» Заңының қай деңгейде орындалып жатқандығын өзімізше былайша қорыттық. Мемлекеттік тұрғыда жұмыс жасап жатқан екінші деңгейлі банктер, Халыққа қызмет көрсету орталықтары екі тілде де сауатты әрі қатесіз жазады.
Көне шаһарға жаһан тілін кіріктіріп, ресми тілде сөйлетіп, қазақшаға мойын бұра бермейтіндер негізінен сауда орындары, сұлулық салондары, дүкендер, дәмхана, мейрамхана және асханалар деп толық айтуға болады. Және олардың ас мәзірі көрсетілген кітапша, брошюраларының 90 пайызы орыс тілінде толтырылады десек, өтірік айтқандық емес! Өкініштісі сол – мұндай олқылықтарға «Бұл жекеменшік мекеме» деген желеумен кейбір кәсіпкерлер шаң түгілі жан жуытпауға тырысып, заңға салғырттық танытып отыр.
Осы орайда тіл сауаттылығына жауапты мекемелерді де сөзге тартқан едік.
Набира Сүйманова, облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы ономастикалық жұмыстар бөлімінің басшысы:
– Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес мамыр-маусым айларында Тараз қаласы бойынша 8587 нысанды аралап, зерделеу жасадық. Нәтижесінде 1114 мекемеде кемшілік анықталды. Бұл жөнінде сараптама жасалып, шара қолдану жөнінде облыс әкіміне ұсыныс жолданды. Облыс әкімдігі Тараз қаласы әкімдігіне нақты тапсырма беріп, бұл жұмыспен Тараз қалалық әкімдігі айналысуда. Онда арнайы жұмыс топтары құрылған. Негізінен жарнама ілуге рұқсат беру Тараз қаласы әкімдігі тұрғын жай коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне берілген. Алайда олар қала әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімімен ақылдасып барып, рұқсат беруі тиіс.
Біздің жарнама жұмыстарын тікелей тексеруге құқымыз жоқ. Нысан иелеріне түсіндірме жұмыстар жүргізіп, ақпараттық парақшалар бере аламыз. Тіл туралы Заңның 19, 20 және Жарнама туралы Заңның 6-бабынан хабардар етеміз. Заңдылықтарынан хабардар етеміз. Тіл сауаттылығымен күресеміз.
Тіл сауаттылығымен күрес барынша жүріп жатыр. Бірақ тиісті мекемелердің мүмкіндігі шектеулі. Заңның аясында ғана қадам жасайды. Ал өздеріңіз байқағандай, жарнамадағы, билбордтардағы кемшіліктер азаяр емес. Осындайда тіл полициясы құрылса қалай болар еді деп ойлайсың. Барлық нысандарды аралауға, жарнамаларды қадағалауға тікелей құқығы бар тіл сақшылары жұмыс істесе дейміз. Біздікі – ұсыныс. Әрине, бұл бір күнде шешіле салатын шаруа емес. Сең қозғалды. Сол қозғалыстың бір нәтижесі болса деген тілек бар.

 

«Өз халқыңа бола алмайсың азамат,
Білмей тұрып туған ана тіліңді!»

Оразақын Асқар.

Есет ДОСАЛЫ,
Альмира ОМАРОВА

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support