- Advertisement -

Андасай қаумалынан қашан және қалай айырылып қалдық?

1 074

- Advertisement -

Cірә, осы қорықтың алматылық «Охотзоопром» мекемесінің қарауына өткенін біреу білсе, біреу білмес

Қазақтың сайын даласына Тәңір тарту еткен табиғаттың таңғажайыбы көп қой, шіркін. Кең-байтақ көсілген осындай жазиралы даламыздың бір пұшпағы – Мойынқұм өңірі. Облысымыздың үштен бір бөлігін алып жатқан маңғаз дала қазақтың маңдайына біткен киелі мекендердің бірі екені айтпаса да белгілі. Сонау Ақтабан шұбырынды дәуіріндегі Аңырақай шайқасы да, Абылай мен Кенесары хандардың жорық жолдары да, сауда-саттық, қарым-қатынас жолдары да дәл осы құт мекенді айналып өтпейді. Ал осынау Мойынқұм даласында шығыс жақ беті Хантаудан бастау алып, батысы Құмөзек, Сарыөзек, Қарабөгет және Ұланбелмен жалғасатын Андасай мемлекеттік қаумалы бар. Бір миллион гектардан аса аумақты алып жатқан қорықтың Мойынқұм даласынан ойып орын алуы сонау 1966 жылдан басталады. Осы жылы ол алғаш рет Үкіметтің қаулысымен іргесін бекітіп, еңсесін тіктеп, мемлекеттік зоологиялық қорғалым есебінде картаға қосылды. Осылайша, жарты ғасырдан аса тарихы бар «Андасай» қорығы жабайы аң-құстың өсіп-өнуіне табиғаттың өзі жарасты жағдай жасап келе жатқан киелі мекендердің бірі болып келді. Неге десеңіз, мұнда өсетін өсімдік пен кездесетін жануарлардың барлығы да «Қызыл кітапқа» енген. Қайсыбірін сұрай қалсаңыз, қайсысын індетсеңіз де алдыңыздан сол кітап көлбеңдеп шыға келеді. Дейтұрғанмен, Андасайдың ой-қыратын кезіп жүретін құлан, ақбөкен, қарақұйрық, арқар, шұбар күзен, сұңқар, дуадақ, қалбағай, лашын, бүркіт, ителгі және тағы да басқа аң-құстар расымен де «Қызыл кітапқа» енген.
Міне, сонау өткен ғасырдың екінші кезеңінен бергі 50 жылдан аса уақыт ішінде бұл қорықтың басынан талай аумалы-төкпелі кезеңдер айнала көшті. Сондай қиын-қыстау кезеңдердің өзінде мұндағы қорықшылар түз тілеуін тілеп, көлденең келген қиын жағдайларды жеңілдетіп, қорықты аман алып қалу үшін қолдарынан келгеннің бәрін істеп баққандарын арагідік ел аузынан естіп те жүрміз. Жасыратыны жоқ, жарты ғасыр дегеніңіз тарих үшін қас-қағымдай ғана уақыт болғанымен, Андасай қорығы үшін жасалған татымды тірліктердің ұшан-теңіз екені сөзсіз. Ал осы қорықтың алматылық «Охотзоопром» мекемесінің қарауына өткенін біреу білсе, біреу білмес. Осыған байланысты, көп жылдар бойы облысымыздың қазынасына үлкен қаржы түсіріп келген қорықтың алдағы болашағына алаңдап, жаны ауыратын азаматтардың қатары да аз емес екен. Мәселен, Андасай қорығында бірнеше жыл бойы қорықшы болып жұмыс істеген Жапар Сатылғанов қорықтың бүгінгі жағдайына алаңдаулы екенін айтады.
– Өңіріміздегі жалғыз қорықты Алматы облысына өткізіп жіберу деген ол – өзіміздің табиғи байлығымызға жасалған қиянат деп есептеймін. Мен Андасай қорығында 1997 жылдан бастап ұзақ жылдар басшылық қызметте жұмыс істедім. Серік Үмбетов облыс әкімі болып тұрған тұста да Мойынқұмдағы қаумалды алматылық «Охотзоопром» мекемесінің қарауына беру туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің тарапынан ұсыныстар болмады емес, болды. Алайда облыс басшысы бізбен ақылдаса келе, ол Жамбыл облысындағы республикалық мәні бар жалғыз зоологиялық қаумал болғандықтан, келешекті ойлап, жол бермеген еді. Қайбір жылдары, қиын-қыстау кезеңде жалақысыз да жұмыс істеген кездер болды. Ал қазіргідей тоқшылық заманда өз байлығымызды өзге облыстың еншісіне өткізіп жіберу өте ұятты іс.
Сонымен қатар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам» – Ұлт жоспарында жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджетін бекітуді тапсырған болатын. Осы тұста, аталмыш қорықтың аумағы аудандағы Құмөзек, Қарабөгет, Сарыөзек, Қылышбай, Жамбыл, Байтал және Мойынқұм ауылдары арқылы өтетінін айта кеткен жөн. Ал аудандағы Андасай мемлекеттік қаумалының алматылық мекеменің меншігінде болуы ауыл-аймақтарда дербес бюджет құруға өзінің теріс әсерін тигізбейді деу ақылға сыймайды.
Тағы бір айта кетерлігі, қаумалдың аумағында туризмді дамытуға да мол мүмкіндік бар. Бұл тірлік оған да кесірін тигізгелі отыр. Сондықтан да Андасай қаумалын Алматы облысына өткізгендігі туралы көп азаматтардың наразылығы заңды деп есептеймін. Айта кету керек, Мойынқұм ауданындағы аң мен құстың жаны – Шу өзенінің суы. Бұл өзеннің суы балықтар уылдырық шашқан кезде, қырғауылдар балапандап жатқанда, аң-құстың ұрпағы жаңа аяқтанып жатқанда жоғарыдан байланады. Бұл аң мен құстың өсуіне және аймақты өрт шалуына тікелей зиянын тигізеді. Егер Шу өзені жыл бойы тоқтаусыз ағатын болса, ондағы өсіп-өнетін аң-құсты баяғыдай ешкім тауыса алмайтындай дәрежеге жететіні сөзсіз. Сондықтан облыс басшылары қырғыз елімен су туралы келісімге келерде табиғатқа, аң-құстың өсуіне қажетті суды жыл бойы тұрақты жіберіп тұруға күш салса, Шу бойында ешбір қорықшы мен инспекторсыз-ақ, аң мен құс еркін өсіп, табиғат байып жатар еді. Керек десеңіз, 1998-2000 жылдары Бетпақдалада ауыл шаруашылығына зиян келтіретін қасқырлардың әр басын шетелдіктерге 200 доллардан атқызып, туристік аңшылықты да жолға қойғанбыз. Сол арқылы облыстық бюджетке қаржы құйған едік. Ал бүгін қаумал Алматы облысына қарайтын болғандықтан, Жамбыл облысына енді мұндай мүмкіндік берілмейді. Өңір басшылары мұны да ойлануы керек, – дейді ол бізбен әңгімесінде.
Расымен де, өз облысымыздың орасан зор байлығын өзгенің қолына ұстатып жіберудің кесірінен бір емес, бірнеше түйткілдің туындап отырғанын аңғардық. Алайда аудан тұрғындарының көптеген арыздарда жазылып жатқан пәтуалы пікірлері қолдау таппауына байланысты жабулы қазан жабулы күйінде тұрған жайы бар. Жасыратыны жоқ, жұрт өзінің мұң-мұқтажына тиісті орындар құлақ аспай, барар жері, басар тауы қалмаған кезде бұқаралық ақпарат құралдарына соңғы үмітін артатыны бар. Сондықтан болса керек, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, Құмөзек ауылының тұрғыны Байұзақ Саурықов облыстың бас басылымы арқылы Андасай қорығына байланысты күрмеулі мәселені облыс әкімі Асқар Мырзахметовке жеткізгісі келетіндігін айтады. Туып-өскен өлкесінің тұмса табиғаты өзгенің қолында кетіп, тіпті қараусыз қалып жатса, жан ұшырмағанда қайтсін? Тек өзінің ғана емес, тұтас аудан тұрғындарының базынасын жеткізген ауыл тұрғыны: «қорыққа қатысты түйткілді мәселе тез арада шешімін таппаса, енді бірнеше жылда табиғи байлығымыздан көз жазып қаламыз» дейді. «Өткен жылдың күз айында Андасай қаумалының аумағында мал шаруашылығымен айналысып отырған «Агрофирма-Түрікпен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің шөбі өртенді. Соның кесірінен қорықтың да үштен екі бөлігін өрт шалып, жалын ауылымыздың іргесіне дейін жетті. Тілсіз жау қорықтағы көптеген өсімдік пен аңдардың өмірін жалмап, орны толмас шығынға әкеліп соқты. Тіпті мұндағы аң-құсқа пана қалмады деуге болады. Мысалы, бұрындары осы Құмөзектің бір өзінде ғана 13 мың сиыр, 20 мың қой, 500-ге жуық жылқы, 400-дей түйе жазда жайлауда болса, құмды қыстау етті. Ол аз десеңіз 80 трактор, 70 көлік болды осы маңда. Соның өзінде бірде-бір өрт болған емес. Ал қазір ше? Қараусыз қалғаннан соң, әрине өрт болады.
Сонымен қатар былтыр Көктерек ормандары және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесінің қарауындағы Андасай мемлекеттік зоологиялық қаумалының қорықшылық қызметі тоқтатылатыны туралы ондағы қызметкерлерге ескерту хабарлама берілген. Ол бұйрыққа облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының сол кездегі басшысы Серік Қойбақовтың қолы қойылған. Міне, сол кезден бастап Андасай қорығында ұзақ жылдар бойы қорықшы болып жұмыс істеген 11 азамат қызметінен босатылып, жұмыссыз қалды. Сонымен бірге бүгінгі таңда алматылық «Охотзоопром» мекемесінің қарауына өткен қаумалда қорықшы болып жұмыс істеп жүрген қызметкерлердің бұл аймақтың тау-тасы мен ой-қыратын бұрынғы қызметкерлерге қарағанда жақсы біледі дегенге сеніңкіремеймін. Қаумал аумағындағы су айдындарында суыт жүрісті беймәлім адамдардың электр қармақпен балықтарды қыруы, ал енді бірі қалауынша мылтық асынып жүруі қорықтың қараусыз қалғанын аңғартса керек-ті» – деген Байұзақ Саурықов сөз арасында тағы бір мәселенің ұшын шығарды. Оның айтуына қарағанда, өткен жылдың көктем айынан бері қорық аумағындағы Құмөзек, Сарыөзек, Қарабөгет және Қылышбай сынды ауылдарға ағын су келмейді екен. Содан барып, мұндағы көл-көлшіктегі балықтар қырылып, аң-құсқа да кері әсері тиіп жатқан көрінеді. Шынында да, кейін қанықсақ, мына жағдай мұндағы қауіптің бұлтын тіптен қоюландырып жіберген. Ал бұл маңға су келмеуінің бірден-бір себебі – Радай су реттегіш нысанының істен шығуы болып отыр екен. Айта кету керек, Шу өзенінің төменгі жағында орналасқан елді мекендер мен оларға тиесілі жайылымдық жерлерді суландыру мақсатында салынған нысан аудандағы ең күрделі мәселелердің біріне айналып отыр. Өзендегі суды реттеу гидроқұрылғысы 2014 жылы пайдалануға берілгенімен, араға екі жыл салып нысанды су шайып кеткен. Енді міне, оның зардабын аудан орталығынан шалғай жатқан ауылдар көруде. Сондай-ақ бұл жер Андасай қорығының ең шұрайлы жерлерінің бірі екенін және қорықтағы аң-құстарға да қолайлы мекен екенін ескерсек, аталмыш жерлерге судың жетпеуі қорыққа үлкен қауіп төндіріп тұр. Ауыл тұрғындарының сөзіне сенсек, судың жоқтығынан мұнда қазір шегіртке қаптап, тіпті, ауылды шегіртке сатып алушылар маңайлай бастаған. Ауыл тұрғындарының алаңдайтын жөні бар. Өйткені бұндай зиянкестердің егін алқаптары мен шабындықтан бөлек, жайылымдық жердің өзін тас-талқан етуге қауқары жетеді. Байқағанымыздай-ақ, қазір мұнда шырылдауық шегірткелер, ыршып жүріп ән салуда. «Сондықтан қорықтың осы аймағын аман алып қалудың және сол төңіректегі ауылдардың ахуалын жақсартудың маңызы өте зор. Мұндай жетістікке жыл сайын су шайып кете беретін Радай су реттегіш нысанын қалыпқа келтіру арқылы немесе Қылышбай мен Қамысстрой ауылдарының ортасындағы үлкен арнадан Радай су реттегіш нысанына қарай ұзындығы 3-4 шақырым болатын арна қазу арқылы жетуге болады», – дейді Байұзақ Саурықов.
Әңгіменің әлқиссасынан-ақ, ағамыздың «Охотзоопром» мекемесіне деген базынасы мен көңіл толмаушылығының лебі оңай байқалады. Міне, осылайша, Андасай қаумалы өзге мекеменің қолына өтіп қана қоймай, қаумалдың тұмса табиғатының тұнығы да лайлана бастаған. Қазір былай қарағанда, егін егілетін, мал жайылатын жер жеткілікті-ақ көрінеді. Алайда пайдалануға келгенде бос жер жоқтығы алдан шыға келетіні жасырын емес. Аяқ астынан қожайыны табыла кетеді, алыстағы біреудің меншігінде екені ескертіліп, маңайына жолатылмайды. Бірнеше жыл бойы жусан бойлап, арамшөп қаулап жатқанына қарап иесіз болар деп болжанады ғой. Әйтпесе жайдан-жай кім шатақ іздер дейсіз. Міне, мойынқұмдықтардың қауіптенетіні де осы. Қаумалға тиесілі бір миллион гектар жердің аумағында Әулиеата өңірінің тарихи орындары да бар екенін естен шығармауымыз қажет. Ал енді, қаумалдың кейбір жері қазір қараусыз жатқанымен, кейінірек, оның аумағында орналасқан тарихи орындарымызға рұқсатсыз кіре алатынымызға кім кепіл?
Хош. Сонымен, зейнеттегі қарияның мұңын тыңдап, мәселені көзімізбен көргеннен кейін жауаптыларға сұрау салдық. Нәтижесінде, Андасай қорығына жауапты алматылық мекеменің өңіріміздегі өкілі Қайрат Қасеновпен тілдескен едік. Оның пайымдауынша, аудан тұрғындары қаумалға қатысты мәселені дұрыс түсінбей жүрген көрінеді.
– Аудан тұрғындарының арасында Андасай мемлекеттік қаумалы «Охотзоопром» мекемесінің қарауына өткен жылы өтті деген қате пікір қалыптасқан. Ол – дұрыс емес. Шындығында, Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің 2004 жылғы бұйрығына сәйкес, Андасай мемлекеттік қаумалын қорғау сол жылдан бастап «Охотзоопром» өндірістік бірлестігі» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнына жүктелген. Бүгінгі таңда Андасай мемлекеттік қаумалында өзімді қосқанда 14 қызметкер жұмыс істейміз. Ал өткен жылы жұмыстарынан босап қалған 11 қорықшыға келер болсақ, олардың барлығы да Көктерек орман шаруашылығының қызметкерлері болатын. Бұны шатастырмау керек. Олар қолдарында ешқандай техникасы болмағандықтан және ешқандай қаржыландырусыз, тек қана айлық алып отырғандықтан қысқартуға ұшырады.
Мен аталмыш мекемеде 2009 жылдан бастап бөлім жетекшісі болып қызмет істеп келемін. Мұнда өз ісін жетік білетін, білікті де білімді мамандар жұмыс істейді. Міне, алдағы тамыз және қыркүйек айларында жылдағыдай арабтар келіп, арнайы рұқсат қағаздың негізінде аңшылық жасайды. Әрине, Үкіметтің қаулысымен келгендіктен, олардың қолын ешкім қақпайды. Ал қалған уақытта қаумалдың аумағында аңшылық жасауға тыйым салынған, – дейді «Охотзоопром» мекемесінің бөлім жетекшісі Қайрат Қасенов.
Сонымен қатар осы мәселеге қатысты облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының мамандарымен пікірлескен едік. Дегенмен басқармаға қарасты орман шаруашылығы және ерекше қорғалатын табиғи аймақтар бөлімінің басшысы Әділ Жақыптың пікірі де «Мемлекеттік қаумал бұрыннан «Охотзоопром» мекемесінің меншігінде» дегенге саяды. Олай болса, ұзақ жылдар бойы қорықшы болып қызмет атқарған азаматтар не себепті бір мезетте жұмыстарынан босатылды? Әлде бұл жерде біз білмейтін бір «құпия» бар ма? Қалай болғанда да, бұл арада бір кілтипанның бары сөзсіз. Әйтпегенде, тектен-текке бұқараның базынасы болмайтыны анық қой.
Ресми деректерге сенсек, қазіргі таңда Андасай мемлекеттік қаумалында сүт қоректілердің – 40, бауырмен жорғалаушылардың – 10, су құстарының – 200, тауық тұқымдастардың 12 түрі мекен етеді екен. Бұдан бөлек, жоғарыда сөз арасында айтып өткеніміздей, мұнда «Қызыл кітапқа» енген сирек кездесетін аң-құстар да бар. Десе де қынжылтатыны сол, осыншама байлығымыз өзіміздің жерде тұрса да, пайдасын басқа облыс көруде.
«Миллион гектарды алып жатқан Табиғат-ананың байлығын қызғыштай қорғау өз қорықшыларымыздың да қолынан келеді» деп көңілі күпті болған тұрғындардың да сөзінің жаны бар. Бір кездері жаратылыстың өзі киелі Мойынқұмның қақ ортасынан ойып орын алып берген әйгілі Андасай қорығының бүгінгі таңдағы жай-күйі осындай.
«Ұзын сөздің қысқасы» деп айтсақ, мемлекеттік қаумалдың төңірегіндегі түйткілдің түйіні тарқатылып, тұрғындардың көкейіндегі сан сауал жауапсыз қалмаса екен дейміз. Көңілімізді күпті қылған осы мәселе бойынша жауапты мекемелер не айтар екен деген сауалмен сөзімізді түйіндесек.

Ерғали ҚАРТАЙҒАН

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support