- Advertisement -

Тараздағы тірліктерге көңіл тола ма?

359

- Advertisement -

Облысымыздың орталығы Тараз қаласы өңіріміздің айнасы десек, ол барлық жағынан да өзгелерге үлгі болуы шарт. Кез келген саладағы даму көрсеткіштерінде басқалардан алда болып, облыстағы он ауданды алға тартатын драйверлік міндетті атқаруы тиіс. Бүгінде 360 мыңға жуық халқы бар шаһар бұл үдеден қаншалықты шығып отыр? Бұл сауалға облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қатысуымен өткен қала активінің жиынында жауап тапқандай болдық. Жарты жылдықтағы жұмыстың барысы қаралған басқосуда облыс орталығының барлық сала бойынша атқарған шаруалары сараланды.
Соңғы уақыттарда Тараздың ажарын ашып, көркі мен сәнін келтіретін елеулі шаралар қолға алынып жатқаны белгілі. Оның бірқатары бүгінде аяқталып, шаһар шырайына шырай қосуда. Әлбетте, қаланың сәулеттік келбеті қаншалықты жаңғырса, экономикалық-әлеуметтік дамуы да соншалықты қарқынға ие болып отыруы керек. Бұл орайдағы алты айлықтың қорытындысы ауыз толтырып айтарлықтай дей алмаймыз. Жыл басында белгіленген келісімді индикаторлық көрсеткіштердің жиырма екісіне қол жеткізілмеген. Оның ішінде өткен жылмен салыстырғанда екі көрсеткіш бойынша, облыс әкімі мен қала әкімі арасындағы – 5, облыстық басқармалар мен қала әкімдігі арасындағы – 11 міндетті меже орындалмаған. Бұл туралы облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова мәлімдеді. Жалпы жоспардың орындалуы да облыстық орта көрсеткіштен төмен болып белгіленген.

Жиында алдымен қаладағы құрылыс саласындағы түйінді түйткілдер жан-жақты қаузалды. Бұл салада индикаторлық көрсеткіштердің үшеуі орындалмаған. Пайдалануға берілген тұрғын үй 84,2 пайызға ғана орындалды десек, алдағы үшінші тоқсанда бұл олқылық толығымен орнына келеді деп күтілуде екен. Алайда қала құрылысына тұсау болып отырған басты факторлардың бірі – проблемалық сегіз жоба. Оның үшеуі «сақалды құрылыс» атанып, төрт-бес жылдан бері шешімін таппай келе жатқандар. Бұл орайда тараздық жауапты тұлғалар құжаттарды әзірлеуде, оны уақтылы өткізуде сылбырлық танытқан. Тіпті осыған тиісті қала әкімдігінің бөліміне басшылардың тұрақтамауы, ондағы мамандардың да жиі ауысуы жұмысқа кері әсерін берген.
Облыс әкімдігі құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Әділет Ахатаев шаһарда 69 мың адам тұрғын үй салу үшін жер телімін алуға кезекте тұрғанын айтты. Дегенмен инфрақұрылым тарту шараларының әлсіздігінен оларға берілетін алқаптардың дайын еместігі көңілді күпті етеді. Сондай-ақ басқарма басшысы қаладағы құбыр жөндеу жұмыстарынан соң қазындыларды жабу, көшелерді қалпына келтіру шаралары сапасыз орындалатынын, соның салдарынан бірқатар түзу көшелердің бүлінгенін жеткізді. Бүгінде «Арай» алқабындағы қиыршықтас жолы жауын-шашынның әсерінен жиі-жиі ыңғайсыз жағдай туындатып, оны асфальтпен жабу жұмысы кезек күттірмейтін мәселелердің бірі болып тұр.
Қаладағы жолаушылар тасымалы жүйесінде де келеңсіздіктер аз емес. Қазіргі таңда жолаушылар тасымалымен он мекеменің 617 автобус көлігі айналысуда десек, олардың техникаларын жаңарту жұмыстарына қарқындылық қажет-ақ. Облыс басшысы Асқар Мырзахметовтің өзі жыл басында бұл туралы нақты тапсырма берген болатын. Автобекет пен «Жансая» шағын ауданының маңындағы жүгенсіз жолаушылар тасымалы, заңсыз такси қызметтері де өзекті жайттардың біріне айналған. Бұл орайда жауап берген Тараз қалалық тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бақытжан Жақсылықовтың сөзіне сенсек, биыл барлығы 85 дана тасымал көлігін жаңарту жоспарланса, бүгінге дейін оның 31-і ғана келген. Десе де, бөлім басшысы жыл соңына дейін жоспар толығымен орындалатынын, заңсыз такси қызметтері бойынша да жүйелі жұмыстар жүріп жатқандығына сендіруге тырысты. Алты ай ішінде қоғамдық көліктер бойынша 458 құқық бұзушылық тіркелсе, олардың деніне ескерту берумен ғана шектелген.
– Ескерту берумен нәтиже жақсармайды. Заң, талап бұзушылықтарды айыппұлмен жазалау керек. Олармен келісім жасасқанда соның жолдарын жақсылап бекіту керек. Талапқа бағынғысы келмегендерді шығарып тастаңдар. Бұл бойынша маған әр апта сайын есеп өткізіп тұрыңдар деп тапсырғаныммен, ол орындаусыз қалды. Сондай-ақ құрылыстағы жобалық-сметалық құжаттардың әзірленуі сын көтермейді. Келер жылдың бюджетіне енгізілуі көзделген он тоғыз жобаның нақты жоспары, арнайы кестесі жасалынбаған. Жан-жақты талдау жүргізілмеген. Міне, соның салдарынан жақсы көрсеткіш болмайды, проблемалық жобалардың қатары арта береді.
Ең бірінші атқаратын жұмыс – құрылыс. Күнделікті жоспар құрылып, тексеріс, бақылау, құжаттарды әзірлеу шаралары тиянақты орындалып отырса, бәрі жақсы болатын еді. Ананы бүйтеміз, мынаны сөйтеміз деген жалпылама сөзбен тірлік тынбайды, – деді А.Мырзахметов.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров та өз саласы бойынша қалаға қатысты бірқатар мәселелерді баяндап берді. Бүгінде шаһар халқы 356 461 болса, оның 312547-сі орталықтандырылған таза ауызсумен қамтылған. Бұл 87,6 пайызды құрайды. Қалған 43 914 тұрғынды 2020 жылға дейін кезең-кезеңімен қамту жоспарлануда. Алайда бұл салада осыдан бірнеше жыл бұрын басталып, аяқсыз қалған жұмыстар да бар болып шықты. Олар – жоғарыда айтылған үш проблемалық жобалар.
– «Бурыл А, Б, В» алқабының су құбыры және ішкі магистральдық су құбыры желілері құрылысы 2010 жылы басталып, 2012 жылы аяқталуы тиіс болғанымен, әлі күнге пайдалануға берілмеген. Песчанная көшесіндегі сору стансасынан бастап Амангелді көшесі және 2-ші Мұханов бұрылысы бойындағы су құбырларын Абай даңғылына дейін қайта жаңғырту мен Октябрьская көшесіндегі д-700 мм су құбырын №19 құдықтан Сыпатай батыр көшесі бойындағы қайта құру жұмыстары жоспар бойынша 2015 жылы аяқталуы тиіс болғанымен, әлі күнге созылуда, – деген басқарма басшысы өзге де жүйесіз жұмыстарды тарқатып айтты.
Өнеркәсіптегі өзекті мәселелер де басқосуда ашық айтылды. Тараздағы 22 кәсіпорынның жұмысы тоқтап тұрғаны анықталған. Бейберекет орналасқан сегіз сауда орындары, кәсіпорындардың анықтамалық паспортының дұрыс әзірленбегендігі, тіркелген сегіз проблемалық жобаның жайы осы бағыттағы олқылықтардың бір парасы ғана. Кәсіпорындардың жүктемесінің төмендігі, сүт өңдеу ісінің оң жолға қойылмағандығы да ойландырады.
Денсаулық сақтау ісіндегі кадр тапшылығын жою, медициналық қызметтердің сапасын жақсарту жұмыстарын да жандандыру керек. Облыс орталығының санитарлық тазалығы да сын көтермейді. Ол бойынша жыл басынан бері 1326 ескерту жасалынса, бар-жоғы 21 әкімшілік құқық бұзушыға айыппұл салынған. Бүгінгі күнге 1 082 250 теңге айыппұлдың 168 350 теңгесі ғана өндірілген.
Жиын соңында Тараз қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов сөз алып, кеткен кемшіліктерді жоюға уәде берді. Өңір басшысы алты айдың қорытындысы бойынша түскен ұсыныстар бойынша шешім қабылданатынын айтып, қаланың экономикасын арттыру жолындағы жұмыстарды жүйелеуді тапсырды.
– Біз осыған дейін облыстың он ауданын аралап, жарты жылдықтың қорытындысын сараладық. Бүгін Тараз қаласының есебін қарап, барлық мәселелер бойынша талқылауға тырыстық. Жалпы жұмыс жоқ емес бар, бірақ кемшіліктер, өзекті мәселелер де жетерлік. Міне, соларды шешу керек. Ол үшін қала басшылығы нақты жоспар құрып, тындырымды тірліктер атқарғаны маңызды. Бүгінде қалада кадр мәселесі өзекті болып отыр. Қала әкімінің бір орынбасарының, кейбір бөлім басшыларының орны бос. Осы мәселені тезірек қалыпқа келтірген ләзім.
Тараз – облыс орталығы болғаннан соң, ол барлық салада көш басында жүріп, аудандарға үлгі көрсету керек. Сәулетімен қатар, дәулеті де артқаны абзал десек, шаһардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін де көтеруге күш жұмсайық. Айтылған олқылықтарды жою – басты талап. Тоғыз айдың, жылдың қорытындысы бойынша нәтижелерді тағы да қараймыз. Біздің мақсат – сынау емес, жұмысты сұрау. Талап бар жерде табыс, жеміс болады, – деді Асқар Исабекұлы.

Жанғазы Ахмет
Тараз қаласы.

Суретті түсірген
Алтынбек Қартабай.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support