Батырбек Датқа

Батырбек датқа бабаның еліне сіңірген еңбегі бәрімізге мәлім, халық жадынан ешқашан шығармайды, ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді. Бұл туралы тарихшы-ғалымдар, әдебиетшілер, жазушылар, журналистер талай рет деректі мақалалар жазып, республикалық, облыстық басылымдарда жарияланды. Абайтанушы, көрнекті филолог-ғалым, академик Мекемтас Мырзахметов бастаған ғалымдар, бірнеше рет деректі де көлемді мақалалар жазды.Мәселен, «Ислам жəне Өркениет» газетінде жарияланған мақалада Батырбек датқаның қандай тарихи тұлға болғандығы, халқына жасаған ұшан-теңіз еңбегі тарихи деректерге сүйене отырып жазылған. Аталарымыз, көнекөз қариялар датқа бабамызды кемеңгер, парасатты, əділетті, ешкімді бөліп-жармайды, адамның бәрін бірдей көретін деп отыратын. Осы мақалада Батырбек датқа бабамыздың Оңтүстік өңірге суландыру жүйесін енгізгені, канал қаздыртып, тоған соқтырып, мешіт, медресе салдыртқаны жазылған.

Жуалыда, өзінің атақонысы – «Датқасазда» және Қызтоған ауылының шығыс жағындағы Қошқарата өзенінің жағасында, сайдың ішінен мешіт салдырған. Бұдан бөлек Оңтүстік Қазақстан облысының Сайрам ауданында Қайнарбұлақ, Қарабұлақ, Талас ауданында Көктал, Қызылəуіт ауылдарындағы салынған мешіт, соқтырған тоғандары болған. Бұл имандылық үйлерін де, бабамыздың «Датқасаздағы» өзінің кесенесін де 1928 жылы коммунистер қиратыпты.

«Датқасаздағы» мешіттің орнын елдің бəрі біледі, датқаның кесенесімен қатар орналасқан. Бұл мешіттер жөнінде де, датқа туралы да Кеңес одағы кезінде ауыз ашқызбайтын, айтсаң қудалайтын. Оның мешітті көптеп салдыртқаны туралы қариялар көп айтатын біздерге. Солардың бірі – Бұхара қаласындағы медресені, Ташкенттегі орыс мектебін үздік бітірген, арабша өте сауатты, жазуды да, оқуды да шебер меңгерген Жамалбек Белқожаев көкем.

Алматыдағы медициналық институттың тіс емдеу факультетін 1965 жылы бітіріп, Жамбыл қаласына келіп, қызметке орналастым. Ауылға бір келгенімде Жамалбек көкемнің үйіне сəлем беруге бардым. Біраз əңгімелескен соң: «Ертең үйге кел, екі ат дайындатып қоямын, Батырбек датқа бабамыздың жатқан жеріне барамыз, одан ары Қызтоған ауылындағы салдыртқан мешітінің орнын көрсетемін», – деді. Ертеңінде көкем екеуміз атқа мініп, «Датқасаздағы» бабамыздың басына келіп, құран бағыштап, рухына тағзым еттік.

Қошқарата ауылында Күлзада әпкем тұратын. Күйеуі Бижігіт Керімбаев ол кезде колхозда бас экономист қызметін атқаратын. Сол үйде түстеніп, содан кейін жездемді қасымызға ертіп алып, Қызтоған ауылының шығыс жағындағы, Қошқарата өзенінің жағасындағы терең сайдың ішінде орналасқан мешіт орнына келдік. Менің сол кезде көргенім, мешіттің орнында, күйдірілген кірпіштің майда қалдықтары, алма, өрік тағы басқа жеміс ағаштары болды. Жеміс ағаштары бұрын көп болған екен, бірақ жергілікті халық отынға кесіп əкетіп, діңгектері қалыпты. Қалған жеміс ағаштары сол уақытта пісіп, алма, өрік жерде төгіліп жатты. Жергілікті жұрт мешіт орналасқан мекенді «мешіт» немесе «сад» деп атайды екен, қазір де солай аталады. Жамалбек көкем құран бағыштаған соң, мешіт тарихына тоқталды.

Батырбек датқа бабамыз бұл мешіттерді Ташкенттен, Шымкенттен құрылыс материалдарын, өзбек құрылысшыларын алдыртып, жеміс ағаштарын егіп, күтіп-баптайтын бағбандарын қоса шақыртып, салдыртқан екен. Мешіт құрылысы аяқталған соң, Түркістаннан, Ташкенттен діни сауаты жоғары имамдарды шақырып, олардың барлық жағдайларын жасатып, жергілікті халық пен жастардың діни сауаттылықтарын арттыруға міндеттеген.

Датқа бабамыздың кемеңгерлігі мен көрегендігінің арқасында, өзі қаражат шығарып, дер кезінде салдыртқан мешіт-медреселері жергілікті халықпен, əсіресе жастардың діни сауаттылығын көтеруде, тілін, ділін, салт-дəстүрін дəріптеп, оларды, ұмытпауға зор үлес қосты. Оңтүстік өңірге патшалық Ресейдің отаршылдары келген кезде де, Кеңес өкіметі тұсында да өз дініне, тіліне, салт-дəстүріне берік болды жергілікті халық.

Жамалбек көкем жолда келе жатып маған: «Нұрмахан балам, қазір коммунистер билеп тұрған кезең, империя мəңгілік емес. Шыңғыс хан, Ақсақ Темір тағы басқа патшалардың құрған империялары қайда, сол сияқты Кеңес өкіметі де мəңгілік емес, бұл да тарайды, сол уақытта қазақ халқы да кең тыныстап, азат ел болар. Батырбек бабамыздың кезінде еліне, халқына жасаған еңбегі еленер. Сен жоғары білім алдың, көзің ашық, коммунистер қиратқан мешіттердің орындарын саған арнайы көрсетіп жүрмін, есіңде сақта, ұмытпа! Кейінгі ұрпаққа айтып көрсетесің», – деп еді.

Кейін уақыт болғанда Сайрам ауданындағы Қайнарбұлақ, Қарабұлақ елді мекендеріндегі, Талас ауданындағы Көктал, Қызылəуіт ауылдарындағы салдыртқан мешіттердің орнын, Қызылəуіт пен Көктал елді мекендеріндегі тоғандарды да көрсетемін деген.

Жамалбек көкемді Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда облыстарының көптеген зиялы қауым өкілдері, кезінде жоғары лауазымды қызмет атқарған кісілер, елдің бəрі білетін. Ол қазақша, орысша өте шешен сөйлейтін, арабша сауатты, тарихты терең білетін. Көкеммен бірге Талас, Сайрам аудандарына бара алмадым, кейін барып көремін ғой ол мешіттердің орындарын деп жүре бердім, алайда ол кісі жиі-жиі сырқаттанып, 1979 жылы дүниеден өтті. Қазір өкінемін, сол мезгілде уақыт тауып, мешіт орындарын көрмегеніме. Сайрам ауданындағы қаздыртқан су каналдары, Талас ауданындағы Көктал мен Қызылəуіт елді мекендеріндегі салдыртқан тоғандары мен су каналдары əлі де халықтың игілігіне қызмет жасауда.

Тарихи тұлғаның еліне, халқына жасаған еңбектері лайықты бағалануы жөнінде жергілікті биліктен халық, зиялы қауым өкілдері көп жылдан бері өтініп келген еді. Халықтың өтініш-тілектері тек 2012 жылы іске асты. Жуалы ауданына əкім болып келген Батырбек Құлекеев мырза өзі бас болып, халықты ұйымдастырып, алты айдың ішінде Батырбек датқа бабамыздың кесенесін қалпына келтіріп, үлкен автожолдың бойында биік төбенің басында зəулім де сəулетті ескерткішін орнатты, халық разы, Батырбек бауырымыздың еңбегін ешқашан ұмытпайды ел-жұрт.

Батырбек датқаның есімі бір елді мекенге, аудан орталығындағы бір орта мектепке берілсе, Қызтоған ауылындағы Қошқарата өзенінің бойында орналасқан бұрынғы мешіттің орнында тарихи тұлғаның есімі жазылып, мешітті осы кісінің салдыртқаны туралы үлкен белгі орнатылса.

Батырбек датқа Талас ауданындағы қаздыртқан су каналдары мен Көктал, Қызылəуіт елді мекендеріндегі салдыртқан екі тоған мен мешіт құрылысына басшылық жасауды өзінің туған інісі Төребекке тапсырған. Ол жергілікті халықты ұйымдастырып, өзбек құрылысшыларына басшылық жасап, құрылыстарды дер кезінде, сапалы атқарып шықты. Жергілікті халық су каналдары мен екі тоғанның игілігін əлі де пайдалануда. Төребек бабамыздың өзі отбасымен осы Талас өңірінде тұрды, ұрпақтары Көктал мен Қызылəуіт ауылдарында тұрып жатыр. Оның немересі, атақты жүйрік қара аттың иесі, алғашқы кеңестік болыстық қызмет атқарған Мақұлбек атам Көктал ауылында тұрды, дүниеден өткен соң осында жерленді. Батырбек датқа бабамның салдыртқан мешіт, тоғаны жанынан ешқайда көшпеймін деп, қаншама рет қуғындауға ұшыраса да ұрпақтары тұрып жатыр осы ауылда.

Батырбек датқа бабамның екінші əйелі Талас өңірінің атақты ақын қызы (есімін ұмыттым), қобызшы, руы ойық еді. Осы ақын апамнан тараған ұрпақтарының бірі – өзіммін, көбісі əнші, ақындық қасиеттері бар, саз аспаптарында шебер орындайды. Менің туған ағам Мұқатай Елепаев көп жылдар Құрманғазы атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінде домбырашы болып қызмет жасады, қазір зейнетте.

Талас ауданындағы Көктал мен Қызылəуіт елді мекендерінде орналасқан екі тоғанның басына да белгі орнатылса, датқа бабамыздың əруағы разы болар еді. Бұл іс-шараға Қызылəуіт пен Көктал елді мекендерінде тұрып жатқан Төребек бабамыздың ұрпақтары да белсене атсалысады. Тарихи тұлғаның еңбегіне əділ бағасын қазақтың даңқты тұлғалары кезінде беріп кеткен. Арқаның атақты ақыны Шөже төмендегідей өлең арнаған:

Ұлы жүздің ішінде қыранысың,

Өңкей бек, серілердің сұңқарысың.

Дулаттың болған панасы,

Сиқымның болған қаласы.

Даңқты батыр Бауыржан Момышұлы жазушы Мамытбек Қалдыбаевпен сұхбатында: «Оңтүстік өңірде XIX ғасырда билік жүргізген Батырбек датқаны өзің де білесің. Кемеңгер, парасатты, өте əділетті, халықты бөліп-жармай бəрін теңдей көрген, көреген, жомарт тұлға. Қазіргі ел билігіндегі жігіттер ел билеуде осы тұлғадан үлгі алса ғой шіркін, халыққа да пайдасы болар еді», – деген екен. Бұл үзінді жазушы М.Қалдыбаевтың «Бəйдібек баба арманы» кітабынан алынды.

Дінмұхамед Қонаев 1971 жылы жазда Жуалыға келген сапарында «Датсазда» өзінің құрметіне тігілген киіз үйде түстеніп отырып, қасындағы нөкерлеріне, аудан басшыларына қарата: «Батырбек датқаны бұрыннан білемін, əсіресе əкем бұл кісінің есімін аузынан тастамайтын. Əділеттілігіне, кемеңгерлігіне, халық игілігіне жасаған еңбектеріне өте тəнті», – депті. «Мешіт орны мен кесенесінің орнын, айналасын қоршатып қойыңдар!» – деп, тапсырма беріпті аудан басшыларына. Бұл əңгімені кейін жергілікті жұртқа көп жылдар Жуалы ауданында басшылық қызмет атқарған Мейманқали Абдрахманов ағамыз айтыпты.

 

Нұрмахан ЕЛЕПАЕВ, 

зейнеткер. 

Тараз қаласы.

Comments are closed.