- Advertisement -

Тобыл төрінде – Тараз жәдігерлері

201

- Advertisement -

Қостанайлықтар ежелгі Тараз ескерткіштерімен қауышты

Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық музейінің көрмесі табысты өтті. Шараға мәдениет саласының қызметкерлері, өңір зиялылары мен өнертанушылар қатысты. Көрменің ашылу салтанатына арналған жиында Қостанай облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов сөз сөйлеп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында соңғы жылдары музей қызметі саласындағы өңіраралық мәдени сабақтастықтың дамып, нығайып келе жатқанын айтты. Тараздың тумалары, журналист-жазушы, облыстық «Қостанай таңы» газетінің директор-бас редакторы Жанұзақ Аязбеков, кәсіпкер-меценат Жақсылық Төлеубаев, танымал әнші, мәдениетке еңбек сіңген қайраткер Манапбек Қадыров және басқалары көпшілікке ұсынылған құнды жәдігерлердің көрерменге берері мол екенін атап көрсетті.
2000 жылдық тарихы бар көне Тараз топырағынан жеткен құнды жәдігерлер өлкетану музейінің екі үлкен залына орналасқан. Жалпы, археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде көне Тараз қалашығынан 3 365 жәдігер табылыпты. Оның 266-сы Қостанай көрмесіне қойылған. Олардың ішінде түргештер заманында соғылған күміс, қола теңгелер, қарлұқ қағанаты дәуірінен жеткен әшекей бұйымдар мен тұрмыстық заттар, Қарахан дәуірі мәдениетінен сыр шертетін әйелдің алтын-күміс әшекей бұйымдары, қоладан құйылған шырағдандар бар. Қорық-музей қарауында 30 тарихи-мәдени ескерткіш бар. Олардың ішіндегі Ақыртас, Құлан, Баласағұн, Өрнек, Қостөбе қалашықтары ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Ал 25 ескерткіш республикалық маңызы бар тарихи-мәдени нысандар қатарында. Бұл санатта Тараздың інжу-маржаны саналатын Айша бибі, Бабаджа Хатун, Қарахан баба, Тектұрмас, Дәуітбек кесенелері бар.
Ал тарихы мыңжылдықтарға созылған көне Тараз қалашығының орны тіпті бөлек. Тараздық меймандарды бастап келген Нұрлыбек Әбілдиновтің айтуынша, Тараз қалашығы – біздің дәуірімізге дейінгі 40-36 жылдары тұрғызылған Ұлы Жібек жолындағы тарихи-мәдени орталықтардың бірі. Қала алғаш рет Византия деректерінде 568 жылдары аталады. Ал 630 жылдары осы өңірге саяхаттап келген Қытай саяхатшысы Сюань-Цзянь «Тараздың аумағы – 8-9 ли. Бұл қалада көптеген елдердің саудагерлері аялдап, түрліше заттар əкеліп сатады» деп жазған.
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» музейінің бұл сапары Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына арналады. Көрме жұмысы Қостанайдан кейін Петропавл, Көкшетау, Павлодар, Астана қалаларында жалғаспақ.

Нұрқанат Құлабаев,
журналист.

Тараз – Қостанай – Тараз.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support