- Advertisement -

Әнімсің, айналайын «Жұрындысай»!

850

- Advertisement -

Жазда жақсы тыныққан бала жаңа оқу жылында сабаққа сергек, үлкен ынта-жігермен кірісетіні анық. Мемлекеттік сауықтыру орны – «Жұрындысайда» демалып қайтқан таластық оқушылар бір серпіліп қалғаны сөзсіз.

Бұл лагерьдің жүйелі жұмыс атқаруына аудан әкімі Досмаханбет Әлиев назар аударып, қолдау білдіріп отыр. Жақында қойнауы қазынаға толы Қаратаудың қатпарындағы «Жұрындысайға» жолымыз түсті. Біз барған кезде 100 бала жиналып, өнер сағаты өтіп жатты. Мұны қоштасу кеші десе де болатындай. Себебі үшінші ауысымда демалғандардың 12 күндік мерзімі зымырап өтіп, қайтуға қам жасап жатыр екен. Жеткіншектер бір жағынан ауылдарына қайтатындарына қуанса да, көңілдерінде үлкен қимастық сезім бар.
Балаларды сөзге тарттық. Ұлпан Бекмахан Қызыләуіт ауылынан келіпті. Оқу озаты екенін, ән салатынын, көркемсөз оқудан аудандық байқауда екінші орын алғанын айтты. Ойық ауылынан келген Думан Мұхтар күрестен облыстық додада жүлдегер атаныпты. Қаратау қаласынан келген Серік Ордабек – таэквондошы, Ақкөл ауылынан келген Елубай Жарас қазақ күресінен өткен жарыстарда топ жарып жүр. Тынығып жатқан оқушылардың ішінде қара жаяуы жоқ. Дилара Оразқұл, Балжан Бақытжан, Торғын Баймұрат – мың бұралған бишілер. Ал Алмас Әжмахан,Торғын Баймұрат күрестің бірнеше түрімен шұғылданса, Арсен Сейітхан – футболшы. Қаратаулық Асылжан Әлжаппардың бокстан алған бірқатар жүлдесі бар көрінеді. Ақкөлден келген Нұрбақыт Исабек қазақ күресінен облыстық жарыстың жүлдегері болса, Көктөбе ауылынан келген Гүлназ Болатбек, Ақмейірім Жаңабай да өнерлі өрендер.
Балалардың жарқын жүздерінен осында көңілді, жақсы демалыс өткізгендері көрініп тұр. Бұл ауысымда кілең өнерлі, спортшы балалар жиналыпты. Лагерьде әр күннің өз жоспары, бағдары бар емес пе?! Ендеше, күн сайын ұйымдастырылатын түрлі іс-шаралар мен спорттық жарыстардың бәсекесі қызғаны анық.
– Көктөбе елді мекеніндегі Б.Әлменұлы атындағы орта мектептің 8-сыныбында оқимын. «Жұрындысай» лагеріндегі демалыс көңілімізден шықты. Мұнда директор Дархан Бәйімбетов, тәрбиеші ағай-апайлар қызықты шаралар ұйымдастырды. Нептун түні деген шараның куәсі болдық. Футбол, асық ату, волейбол, жүгіру, секіру секілді спорт түрлері бойынша жарыстық. Лагерь күндері өте көңілді өтті. Ауылға көп достар тауып, сергіп, жақсы көңіл-күймен қайтып барамыз, – дейді Гүлназ Тұрған.
Бұл лагерьді білікті маман, мемлекеттік қызметте жүріп ысылған Дархан Бәйімбетов басқарып отыр. Сонау 1965 жылдан бастау алатын тарихы бар сауықтыру орталығын кезінде Рүстем Сеңгірбаев деген азамат жекеменшікке сатылып кетейін деп тұрған жерінен сақтап қалған екен. Қазір бұл жер балалардың думанды мекеніне айналған.
Лагерь 100 орындық асханамен, 5 шағын жатақханамен қамтылған. Бассейн, бірнеше душ бар. Ашық алаңқайда спорттық жаттығулар жасалады. Жатақхана жанынан сылдырап тау бұлағы ағады. Кешкілік таудан ескен самал жел, саф алтындай таза ауа жан сергітеді.
– Бүгінге дейін 300 оқушы демалып қайтты. Енді төртінші кезең басталады. Биылғы маусымда тағы 100 оқушы демалады деген жоспарымыз бар. Алдағы уақытта балаларға көңілді, жайлы демалыс ұсына бергіміз келеді, – дейді лагерь директоры Д.Бәйімбетов.

Есет ДОСАЛЫ

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support