- Advertisement -

Таразда тағы бір ІТ сынып ашылды

278

- Advertisement -

«Нұр Отан» партиясының «Балаларға ақысыз ІТ сынып ашу» бастамашыл жобасы аясында шаһардағы №30 мектеп-гимназияда екінші ІТ сыныптың тұсауы кесілді. Партияның Тараз қалалық филиалының қолдауымен, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Алтынбек Қоразбаевтың демеушілігімен ашылған сынып тараздық жеткіншектердің ақпараттық технологияларға деген қолжетімділігін арттырары анық. Алғашқы ІТ сынып облыстық мектеп олимпиадаларын және мектептен тыс іс-шараларды өткізетін орталықта ашылғаны белгілі. Енді, міне орта мектеп базасында да іске қосылып, жасөспірімдердің заманауи технологияларды тегін меңгеруіне жол ашылып отыр.
Іс-шараға қатысқан «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат, қалалық филиал төрағасы әрі шаһар басшысы Ғалымжан Әбдірайымов осыған тоқталды.
Күнделікті компьютермен жұмыс істеп үйренген балалар икемді болады емес пе?! ІТ сыныптағы жаңа технологияның бірінде қолын жаттықтырып, ұңғыл-шұңғылын зерттеп үлгерген №30 мектеп-гимназияның 8-сынып оқушысы Айша Шамшат компьютерде үлкен тұрғын үйдің сұлбасын сызып, өз жобасын әзірлеуге кірісіпті. Ал 6-сыныпқа өткен оқушы Айсәуле Тәліп «Скрейтч» бағдарламасымен теннис ойынының компьютерлік нұсқасын ойлап тауыпты. №40 мектеп-гимназияның 9-сынып оқушысы Давид Лян роботтарды ноутбуктағы арнайы бағдарламамен әрлі-берлі жылжытып, оның мүмкіндіктерін түсіндіріп бағуда.

Жалпы кабинет 4 аймаққа бөлінген. Олар компьютерлерде 3D модельдеу, бағдарламалау, инженерия және робототехниканы модельдеу бағыттары бойынша өзара топтастырылған. Бұл туралы IT сыныптың меңгерушісі Адай Рахбаев айтып берді.
– «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында қолға алынған осындай игі істер оқушылардың ақпараттық технологияларды жақсы меңгеруіне жол ашары сөзсіз. Мұнда сабақ күніне 45 минуттан оқытылатын болады. Әзірше №11, 30 және 40 мектептердің шәкірттері үйреніп жатыр. Сынып 10 компьютер, 3D принтер және олардың арнайы үстелдері сияқты құралдармен жабдықталған.
Байқағанымыздай, ақпараттық технологияға, әсіресе 5-сыныптың оқушылары қатты қызығушылық танытып отыр. «Скрейтч», «Питон» бағдарламаларымен жеткіншектер ойын құрастыра алады. Ал 3D модельдеу бойынша болашақта сәулетші болам деген жас өрен сәулеттік модельдер құрастырады және оны 3D принтерде жасап шығарады. Сабаққа барлығы 200 жасөспірім қатысады деген ойдамыз. Басқа мектептердің шәкірттері де қосымша үйірмеге тегін қатыса алады. 8-16 жас аралығындағы балалар күніне 5 топқа бөлініп оқитын болады, – деді Адай Аманғалиұлы. Яғни кез келген үйренем дейтін оқушы осында келіп өтініш жазса жеткілікті, тек үйірме уақыты өзінің сабақ кестесіне кедергі келтірмесе болғаны.
«Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиал төрағасының бірінші орынбасары Арын Асқарбеков:
– Бұл – жоспардағы екінші IT сынып. Негізі қыркүйекте қолданысқа берілуі тиіс болған, енді келесі айда гидрокешен маңайынан IT орталық ашылып, өз жұмысын бастамақ. Онда ақпараттық технологияның жоғары деңгейдегі мамандары даярланады. 2019 жылы барлық мектептерде осындай сыныптар ашу көзделуде. Тіпті болашақта ІТ колледж ашылады деп отырмыз, – деді.
Тараз қаласы.

Альмира Омарова

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support