- Advertisement -

Данияр сегіз раундтық форматта жұдырықтасады

139

- Advertisement -

Кәсіпқой бокс әлемінде екі кездесу өткізіп, қарсыластарынан басым түскен Рио-де-Жанейро Олимпиадасының чемпионы, ел мақтанышы Данияр Елеусінов үшінші шайқасында сегіз раундтық форматта жұдырықтасады. Бұл формат Данияр үшін жаңа қадам саналады.
Жартылай орта салмақ дәрежесінде сынға түсіп жатқан қазақ оғланы бұған дейін алты раундтық форматта сынға түсіп, бойын үйретіп көрген болатын. Ол кәсіби мансабындағы екінші шайқасында венгриялық боксшы Золтан Шабомен алты раундқа жоспарланған жекпе-жек өткізіп, ұпай санымен жеңіске жеткен еді. Аталмыш шайқаста Данияр өзінің барлық мүмкіндігін ортаға салған-ды. Сол кезде Золтан қазақстандықтың қазіргі қарсыласы, тағы бір венгр боксшысы Габор Горбичті алмастырған болатын. Енді міне, Горбичтің өзіне де кезек келіп жетті.
Габор Горбич шаршы алаңда 35 кездесу өткізіп, оның 11-інде жеңілістің ащы дәмін татқан. Сегіз раундтық формат ол үшін таңсық емес. Венгр боксшысы бұған дейінгі жекпе-жектерінің бірінде Рио-де-Жанейро Олимпиадасының финалында Даниярдың қарсыласы атанған өзбек оғланы Шахрам Гиясовпен қолғап түйістіріп, ұпай санымен ұтылған-ды.
Данияр Елеусіновтің үшінші кездесуі төртінші тамыз күні Уэльстің Кардифф қаласында өтеді. Кәсіпқой боксқа қадам басқан боксшылардың басым көпшілігі алғашқы 7-8 кездесуінде алты раундтық форматта бақ сынайтын. Сол арқылы кәсіпқой бокстың қыр-сырына қанығатын. Данияр сол үрдісті бұзып отыр. Бәлкім қысқа мерзімде чемпион атанғысы келетін шығар. Кім білген? Қалай болған күнде де қазақ оғланына тек сәттілік тілейміз.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support