- Advertisement -

Елорданың елге деген сәлемі әнмен әуеледі

164

- Advertisement -

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен ерке Есілдің жағасында бой көтерген жауһар қала Астана уақыт өткен сайын жаңаша келбетімен көзді арбайды. Иә, Мемлекет басшысы Есілдің бойына ел қондырды. Мерейі тасып, шабыты шарықтаған ақындар арман қаланы жырына арқау етсе, бейнелеу өнерінің шеберлері ғажап туындыларын арнады. Ән мен жырға арқау болған арман қала құлпыра бермек. Дәулетіне сәулеті жарасқан шаһар көркі көңілдегі шаттықты еселеп, ризалық сезімге бөлейді.
Бас қаладан жеткен «Астанадан ақ тілек!» атты концерттік бағдарламаны тамашалап отырған сәтте көңіл көкжиегін осындай ойлар тербеді.
Бұл күні «Баласағұн» орталық концерт залы тыңдарманға лық толды. Елордалықтардың ән шашуын облыс әкімінің орынбасары Ерқанат Манжуов пен Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев көпшілікпен бірге тамашалады.
Концерттік бағдарлама Астана қалалық филармониясының «Қорқыт» және «Шалқыма» халықтық би ансамбльдерінің сүйемелдеуіндегі әдемі бимен басталды. Бұдан соң Бауыржан Ақпаевтың «Арнау» күйі жүректі шымырлатты. Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты Данияр Мұхан «Жер шоқтығы – Көкшетау» әнін шарықтата шырқап, қошеметке бөленді. Марат Бердіқұловтың «Құлагер» күйі де құлақтан кіріп, бойды алды. Еділ Құсайыновтың «Бабалар сазы» шығармасы бабалардан жеткен сарындай болып жүректерді толқытты. Зейнат Қасымованың өнеріне де көпшілік риза болды.

Еліміздің мәдениет қайраткері Шолпан Қорғанбектің «Аманат» шығармасы өнерсүйер қауымды бейжай қалдырған жоқ. Дәстүрлі әнші Жақсыгелді Майасаров қазақтың қасиетті домбырасын шертіп шыға келгенде көрермен «Әп, бәрекелді!» дегені анық. Жақсыгелді Кенен Әзірбаевтың «Ой, жайлауын» бебеулетті. Бұл әнді тыңдағанда алдыңғы қатарда отырған қадірлі қариялардың «Па, шіркін, Кенекем-ай!» дескені сөзсіз. Тұрмағанбет Ізтілеуұлының «Өмір ұлағаты» термесін орындаған Айнұр Қонысбаеваның да өнері көпшілікті тәнті етті. Концертті жамбылдықтар жылы қабылдады. Осы орайда «Қорқыт» ансамблінің көркемдік жетекшісі Шолпан Қорғанбек пен «Шалқыма» өнер ұжымының көркемдік жетекшісі Әбдірәсіл Есекеевтің ұйымдастырушылық қабілетін айта кеткеніміз жөн.
Шараның екінші бөлімінде эстрадалық шығармалар орындалды. Төлеген Мұхамеджановтың «Астана кеші» әнін жас әншілер Диана Май мен Нұрбол Балапанов жоғары деңгейде шырқады. Бұл әннің сөзін айтыс ақыны Қонысбай Әбілов жазған екен. ҚР еңбек сіңірген қайраткері Клара Төленбаева орындаған «Жүрек-сезім» әні жүректерге жетті. Бауыржан Исаев тарту еткен әндер де тыңдарман көңілінен шықты. Б.Исаев өз кезегінде «Қадірлі жамбылдықтар! Сіздердің өнер адамын қолдап, әнді тыңдай білетіндеріңізге бас иемін. Талай жерде жеке концертім өтті. Бірақ ең жақсы қабылдаған жамбылдықтар екені сөзсіз» деп тебіренді. Әнші кейіннен Асқар Жайлаубаевпен бірге «Менің қалам» әнін орындап берді. Мұнан соң қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Маржан Арапбаева мен Алмас Кішкенбаев сырлы әндерден шашу шашты.
Концерт соңында сахнаға облыс әкімінің ықылас гүлі қойылды.

* * *

Келесі күні «Баласағұн» орталық концерт залында тағы да ине шаншар орын қалған жоқ. Бұл жолы Астана қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы «Елордадан елге сәлем» концерттік бағдарламасын жамбылдықтардың назарына ұсынды. Тараз төрінде тамаша әндер қалықтап, күй күмбірледі. Бұл шығармалардың бәрі еліміздің жүрегі саналған Астананың 20 жылдық мерейлі мерекесіне деген құрметті асыра түсті. Белгілі өнер жұлдыздарының орындауында туған жер, Отан, Атамекен, Астана тақырыбындағы әндер жүректерге жетіп, сезім пернелерін дөп басты. ҚР Мәдениет қайраткерлері Естай Мұқашев пен Гүлмира Ақүрпекова орындаған сыршыл әндер тыңдарманды толғандырды. ҚР Жастар Одағы сыйлығының лауреаты Нұрғали Тұрлыбек, белгілі эстрада жұлдызы Әйгерім Қалаубаева тыңдарманның қалауын тауып, жүректерді әнмен әлдиледі. Халықаралық және республикалық түрлі байқаулардың лауреаттары Ринат Малцагов, Медет Шайгелов, Арайлым Рахым, Мұратбек Хайролла шырқаған әндер көңілге түрлі ой салды. «Әнді сүйсең, менше сүй!» деп абыз Абай айтқандай, көпшіліктің ортасында әсем әннің ырғағына тербеліп, тебірендік. Көптеген өнер аламандарының жүлдегері Жанат Қарман, Перизат Тұрарова, Диана Май, Гүлмира Жұмабекова, Альфия Әбдрахманова, Дәстүр Асылхан тамаша ән тартуларымен жамбылдықтардың ыстық ықыласына бөленді.
Осылайша Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындайтын міндеттерді жүзеге асыру мақсатында өткен, Астана қаласының 20 жылдық мерейтойының құрметіне арналған елордалықтардың концерті өз мәресіне жетті. Сахнаға облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің атынан ықылас гүлі қойылды.
Иә, астаналық өнерпаздардың концерттік бағдарламасын тамашалаған жамбылдықтар зор құрмет көрсетіп, ұзақ уақыт қол соқты. Бұл – өнерге берілген елдің шынайы бағасы. Шын өнердің өлмейтіні рас-ау!

Есет ДОСАЛЫ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support