- Advertisement -

Мүмкіндігі шектеулі азамат тардың құқықтары мен мүмкіндіктері

245

- Advertisement -

Мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайын жақсарту – облысымыздың әлеуметтік саласындағы саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл бағытта бірқатар жұмыстар атқарылуда, нәтижесі ретінде әлеуметтік блокқа бөлінетін қаржының жыл сайынғы өсімі мен мүгедектердің қоғамдық ортаға кірігуі болып табылады.
2018 жылдың 1 шілдесі бойынша облыс бойынша 44069 мүгедек болса, оның ішінде 18 жасқа дейінгі мүгедектер саны – 5498.
Биылғы жылы мүмкіндігі шектеулі азаматтарды оңалту мақсатында облыстық бюджеттен 662,8 млн. теңге қаржы бөлінді. Ол өткен жылмен салыстырғанда 12,5 пайызға артық (2017 жылы – 589,1 млн.теңге).
Бөлінген қаржыға әлеуметтік оңалту құралдарына мұқтаж 5474 мүгедекті тиісті бұйымдармен (сурдо-тифло, кресло-қорап, емдеу-сауықтыру) қамтамасыз ету жоспарланып, бүгінде 2362 мүгедек тиісті техникалық құралдарымен (сурдо – 738, тифло – 929, кресло-қорап – 695) қамтылды. Емдеу сауықтырумен 1927 ал протез-ортопедиялық бұйымдармен 1185 мүгедекті қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Бұдан өзге Тараз қаласы мен аудан бюджеттерінен 1432,7 млн. теңгеге 8483 мүгедек әлеуметтік көмекпен қамтылуда (гигиеналық құралдар – 3612, ымдау тілінің маманы қызметі – 390, жеке көмекшінің қызметі – 2175, арнаулы әлеуметтік қызмет – 2306).
Басқармаға қарасты 12 медициналық әлеуметтік мекемеде 1287 адам арнаулы әлеуметтік қызметтерімен қамтылуда, оның ішінде 208-і мүгедек бала. Сонымен қатар мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында үкіметтік емес ұйымдар арқылы 2103 мүгедек арнаулы әлеуметтік қызметтермен қамтылған.
Оңалту орталықтарының желісін дамыту және көрсетілетін оңалту шараларының сапасын жақсарту мақсатында Сарысу, Байзақ, Жуалы мен Меркі аудандарында психоневрологиялық ауытқулары бар және тірек-қимыл апапарттары бұзылған мүгедек балаларға сыйымдылығы шағын үйлер ашу көзделген.
Облыс көлемінде мүгедектердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында бейімделуге тиіс 904 нысанға толығымен төлқұжаттары дайындалып, 2013-2017 жылы жергілікті бюджеттен бөлінген 242,4 млн.теңгеге 708 нысанның бейімделу жұмыстары жүргізілді. 2018 жылы 120 нысан бейімделуден өткізуге жоспарланып, оған 23,6 млн.теңге бөлінді.
Осы бағыттағы жұмыс әрбір мүгедекке жеке ұсынылатын әлеуметтік көмектердің сапасын арттыру мен арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсететін жартылай стационарларды үкіметтік емес сектор арқылы дамытумен жалғасады.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту жоспары дайындалып, соған сәйкес 2018 жылы 538 адамды жұмыспен қамту жоспарланған.
2018 жылдың 1-мамырына жұмыспен қамту органдары арқылы республикалық және жергілікті бюджет есебінен 308 мүгедек жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Олардың 69-ы тұрақты жұмыстармен қамтылып, 196-ы уақытша жұмыстармен қамтылды. Уақытша жұмыстармен қамтылғандар ішінен: 136-ы ақылы қоғамдық жұмыстарға, 39-ы әлеуметтік жұмыс орындарына, 20-ы жастар практикасына, 1-і маусымдық жұмыстарға жолданды. Сондай-ақ 43 мүгедек қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолданды.
Азаматтардың құқықтарын, оның ішінде денсаулық жағдайына қарамастан, бірдей жүзеге асыру қағидаты – демократиялық қоғамның басты құндылығы.
«Сайлау туралы» Заңның 41-бабының 6-тармағында көзделгендей, егер сайлаушы денсаулық жағдайына, отбасының сырқат мүшесiне күтiм жасау себебiне байланысты дауыс беруге келе алмаған жағдайда, учаскелiк сайлау комиссиясы олардың дауыс беру күнi жергiлiктi уақыт бойынша сағат он екiден кешiктiрмей бере алатын жазбаша өтініші бойынша осы сайлаушылардың тұрған жерiнде дауыс берудi ұйымдастыруы тиiс.
Сондай-ақ 42-баптың 6-тармағына сәйкес бюллетеньдi өз бетiнше толтыруға мүмкiндiгi жоқ сайлаушыға өзi сенетiн адамның көмегiн пайдалануға рұқсат береді және оның аты-жөнi дауыс бергеннен кейiн сайлаушылардың тiзiмiне енгізіледі.
Осылайша, көптеген жағдайларда мүгедектерге дауыс беру құқығы олардың сайлау учаскесіне жетуі мүмкін еместігімен шектеледі және сайлау туралы заң дауыс беруге арналған тасымалданатын жәшіктерді пайдалану мүмкіндігін көздейді.
Сонымен қатар мүгедектерге қатысты олардың қоғамдық өмірге жан-жақты қатысуын ынталандыру үшін жүргізілетін мемлекеттік саясат, мүгедектерді белсенді әлеуметтендіру, оларға басқа да қоғам мүшелерімен бірдей құқықтарға кепілдік беру, сайлауды өткізу тәжірибесі көрсеткендей, мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселесі, мүгедектердің құқықтарын сайлау заңнамасында көрсету үшін арнайы шараларды қабылдауды талап етеді. Бұл жағдай мүгедектігі бар адамдардың көпшілігінің белсенді өмірлік ұстанымын көрсетіп, тікелей сайлау учаскелерінде дауыс беруді қалайтындығынан да туындайды.
Жамбыл облысы әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы зерделеу жұмыстарының аясында мүгедектердің үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерімен кездесулер өткізіліп, мүгедектердің сайлау құқықтарын қамтамасыз етудің келесі мәселелері анықталды:
сайлау учаскелерінің төменгі қабатта орналасуының және мүгедектердің құқықтарын іске асыру үшін жаппай пандустармен және басқа да жабдықтармен қамтамасыз ету қажеттілігі;
сайлау өткізуге арналған шығыстар сметасын қалыптастыру кезінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын сақтау стандарттарына сүйене отырып, сайлау учаскелерін жабдықтау үшін шығыс баптары қарастырылмайды;
мүгедектердің белсенді және бәсең сайлау құқығын іске асыруға қатысуына қатысты жалпыға қолжетімді статистиканың жоқтығы;
сайлау комиссиясы мүшелерінің мүгедектермен қарым-қатынастары коммуникациясының жеткіліксіздігі, мүгедектерге арналған арнайы көрнекі, графикалық сайлау материалдарының, соның ішінде Брайл шрифтін пайдалану мүмкіндігінің жоқтығы.
2015 жылдың 20 ақпанында Қазақстан Республикасы Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенциясын ратификациялады. Бұл Конвенция мүгедектер қоғамының басқа мүшелерімен тең құқықтар мен бостандықтарға ие екендігін көздейтін, кемсітушіліктің кез келген түріне, оның ішінде саяси салада жол бермеуге болмайтынын көздейді.
Оның ережелеріне сәйкес қатысушы мемлекеттер мүгедектерге дауыс беру құқығын және сайлауға қатысу мен сайлануға кепілдік береді және олар үшін жеткілікті болып табылатын «…рәсімдерді дауыс беруге арналған, үй-жайлар мен материалдарды…» пайдалана отырып, азаматтардың осы санатының сайлау процесіне толыққанды қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге кепілдік береді.
Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенциясын ратификациялағаннан кейін заңнамаға мүгедектердің сайлау құқықтары бойынша маңызды толықтырулар жасауда. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі әзірлеген «Сайлау туралы» Заңын жетілдіру туралы заң жобасында жергілікті атқарушы органдар мен сайлау комиссияларының жауапкершілігін және құзыреттілігін арттыру үшін бірқатар жаңа қосымша стандарттар енгізілді:
48-бап 2-1-тармақша жергілікті атқарушы органдардың мүгедек болып табылатын азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі сайлау комиссияларының жұмысына жәрдемдесуге міндетті екенін көздейді;
18-бап 4-1-тармақша учаскелік сайлау комиссиясы мүгедектердің сайлау құқықтарын іске асыру жөнінде тиісті шараларды қабылдайтынын көздейді;
39-бап 1-1-тармақша дауыс беруге арналған үй-жайды жабдықтау кезінде мүгедектер болып табылатын сайлаушылардың кедергісіз кіріп-шығуы үшін және онда дауыс беруге қатысуына мүмкіндік жасалуын көздейді.
Аталған түзетулер мүгедектердің құқықтары туралы конвенцияны іске асыру шеңберінде мемлекеттік сайлау және жергілікті атқарушы органдар үшін уақтылы және өзекті, сондай-ақ практикалық маңызға ие. Енгізіліп отырған нормалар мүгедектердің қазақстандық қоғамның толыққанды мүшелері ретінде саяси құқықтарын тұрақты негізде қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жорабек БАУБЕКОВ,
облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және
әлеуметтік бағдарламалар
басқармасының басшысы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support