АУЫЛЫНА ҚАРАП, АЗАМАТЫН ТАНЫ

1 387

Ауыл – ұлттық құндылықтарымыздың алтын діңгегі. Береке мен байлықтың негізгі бастауы. Таза ауада демалып, ғажап табиғатын көріп, оның сұлулығы жан дүниесін нұрландырып өскен әрбір адам өзі туған жерін көркейтуге атсалыспай тұра алмайды.
Сондай жанның бірі – туған ауылын көркейткен азамат Сайранбай Дөненбаев екенін айтпай кетуге болмас. Сол азаматтан үлгі алып өсіп келе жатқан жастар да баршылық. Солардың бірі бүгінде жас кәсіпкер әрі мұғалім – Азамат Сәметқұловтың да ауылды жандандыруға қосып отырған үлесі зор. Ол тұрғындар игілігі үшін жаңа дүкен ашып, қор құрған болатын. Сөйтіп, жерлестеріне жұмыс тауып берді. Қазір сол қордан ауылдағы жағдайы төмен отбасыларды және ақ жаулықты аналарды ұн, қант және киім-кешекпен қамтамасыз етіп, қолдан келген көмегін беріп келеді. Өзінің анасы және әйелі де ұстаздық қызмет атқарады. Ауылға сыйлы осындай отбасылардың игі ісі көпке үлгі болатыны сөзсіз.
Біздің ауылымыз – бірлігі мен тірлігі жарасқан ғажап мекен. Жарлысуда балабақша да, интернат та, мешіт те, медициналық орталық та бар. Ауылды көркейтіп тұрған осы ғимараттармен қатар атайтын көрнекті жердің бірі – «Аталар аллеясы» саябағы. Аудандағы атқамінерлер алдағы уақытта су жүйесінің тартылатынын айтып қуантып отыр.
«Ауылына қарап, азаматын таны» деген сөз бар. Туып-өскен жерін көркейтуге аз да болса үлесін қосып отырған азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Әркім өз ауылын түлету жолында осындай істер атқарса, еліміз одан әрі көркейіп, ауылымыз ажарлана түсетіні анық.

Серік ЖҮНДІБАЕВ,
Жарлысу ауылының тұрғыны.

Т.Рысқұлов ауданы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.

микро займ на карту