- Advertisement -

Жетпіс екіге келсем де… тыным таппаймын

1 388

- Advertisement -

Жүз адамның тағдыры жүз түрлі ғой. Кейбір үйлерде үш тойханасы бар адамдар дүние-мүлікке, ақшаға таласып, әкелі-балалы бір-бірін сотқа беріп, бірнеше жылдан бері соттасуда. Кейбір шаңырақтың он баласы бар. Бірақ балалар бір әкесін қолына алып баға алмай отыр. Осы сөзімді дәлелдеу үшін басымнан өтіп жатқан мына жағдайларды газет редакциясына жолдауды жөн көрдім.
Мен 1967 жылы қараша айында әйелім Дүйсекүлмен отау құрып, бұрынғы Жамбыл колхозында 25 жыл жұмыс істеп жүріп он бала тәрбиеледік. Оның алтауы қыз, төртеуі ұл еді. Қыз бой жетіп, ұл ер жетіп, барлығы үйленіп, тұрмыс құрып, бөлек тұрып жатты. Мен кіші баланың қолында тұрдым. Кейін Тараз қаласына орныққан қызым Гүлбағира мен күйеу балам Жеңіс екеуі қастарына шақырып, өз қарауындағы бір дүкенді беріп, орталық базарға орналастырды. Содан кейін біраз уақыт Тараз қаласында тұрдым.
Әйелім Дүйсекүл он жылдан бері ауырып жүрген. Ешқандай жұмыс істей алмайды. Кіші балам шешесін өз қолына алған. Ал мен Меркідегі қара шаңырақта жалғыз қалдым. Әйелім Дүйсекүл Тараз қаласындағы рак ауруын емдейтін ауруханада ай сайын емделіп жүрді, үш жылдан асқан кезде қала дәрігерлері оның жазылмайтынын айтты. Содан кейін әйелімді Меркідегі үйге әкелдім. Үш күннен кейін қайтыс болды. Басқа ұл-қыздарым, туысқан-жекжаттар көмек-жәрдем бергенімен, көп қаражатты өз мойнына алған кіші балам Ержан анасының артынан берілетін жөн-жоралғыны өзі атқарды. Осы баланың істеген ісіне көп адамдар өте риза болды. Мен де риза болдым.
1980 жылы туған балам Серік Алматы қаласында тұратын. Еркін деген досының үйіне көмек-жәрдем беріп жүрген кезде жол апатынан қайтыс болды. 1968 жылы туған балам Дүйсенбек 2016 жылы Ортақұмға біреудің малын бағам деп кеткен еді, содан тірі қайтпады. Меркінің полициясы Татия совхозының қасында ағып жатқан судан өлігін тауып алыпты. Суда көп күн жатқандықтан бет-әлпеті өзгеріп кеткен. Содан кейін полиция «Бұл Әшеннің баласы емес» деп, әкесі – маған көрсетпей көмдіріп тастаған. Менің қанымды алып Алматыға тексеруге жіберген кезде 99 пайыз сәйкес келіп, менің балам екені расталды ғой.
Қалған екі ұл, алты қызым жақсы өмір сүруде. Тек өзімнің қаңыраған үйде бес жылдан бері жалғыз тұрып жатқаныма қатты қиналып жүрмін. Туысқан-жекжаттар «Екі балаңның біреуінің қолына барып тұрмайсың ба?», – дейді. Кіші баламның үйіне барып тұрайын десем, келінім менің барғанымды қаламайды. Үлкен баламның үйіне барып тұрайын десем, баспанасы кішкентай, екі-ақ бөлмелі. «Үйімізге екі бөлме қосып алайық, содан кейін сізді қолымызға көшіріп аламыз», – дейді олар. Оның үстіне үлкен балам Сержанның тұрмыс жағдайы өте нашар. Кішкентай екі қыз, бір ұлы бар. Екеуі де үкіметтің жұмысын істемейді. Балам Сержанның денсаулығы нашар, асқазаны ауырады. Қол-аяғы суға тисе, мұрны іріңге толып кетеді. Өзінің қу жаны тірі жүр. Жаз айларында қасына екі адамды алып, жеке жұмыс істейді. Қыс айларында үйде бос жатады. Осы баламның тұрмыс жағдайы мені қатты ойландырады.
Менің зейнетақым бір өзіме жетіп артылады. Күндіз-түні тамақ ішіп, ұйықтап, теледидар көріп жата берсем де болар еді. Бірақ үш немерем аш болмасын, қыс айында жұмыс істемейтін балам мен келінім тату болсын деп, қысы-жазы таксист болып ақша тауып, тапқанымды соларға апарып беремін. Жасым 72-ге толса да балам үшін, немерелерім үшін тыным тапқан емеспін. «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ» деген ата-бабадан қалған жақсы сөз бар. Балалары әкені бағудың орнына, әкесіне баласын, немерелерін бақтырған қайран заман-ай дейміз.

Әшен ҚЫРҒАБАҚҰЛЫ,
зейнеткер.

Меркі ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support