- Advertisement -

Балуан Алтынбек Үсіпбаев атындағы турнир өткізілсе

1 495

- Advertisement -

Жамбыл ауданы әкімдігі мен облыс әкімдігінің
дене шынықтыру және спорт басқармасының назарына!

Кезінде 6 рет Азия чемпионы атанып, екі рет Қ.Мұңайтпасов атындағы жүлдені жеңіп алған түйе балуан Алтынбек Үсіпбаев туралы бүгінде аз айтылады. Он сегіз жасынан бастап спортпен шұғылданған ол ұстаздық ете жүріп, қазақ күресін меңгерген. Кезінде спорт мектебін де басқарды. Бертін келе ұлттық спорттың қыр-сырын басқаларға да үйретті. Шәкірт тәрбиеледі.
Оның өмір жолы көпшілікке жақсы таныс. 1932 жылы дүниеге келген Алтынбек Абай атындағы педагогикалық училищені тәмамдаған соң, Қызылорда педогогикалық институтында оқыды. Спортсүйер қауым оның Жазылбек Қуанышбаев, Кенен Әзірбаевтардың тоқсан жылдық мерейтойларында және өзіміздің Көкшетауда және Вильнюс (Литва) қаласында өткен жарыстарда талай мәрте атой салғанын біледі. Бозкілемде өзінің ерекше күрес мәнерімен танылып, көрермендердің айызын қандырды.
Ол кезінде бапкер де, төреші де болған. Қырық төрт жыл өмірін қазақ күресін дамытуға арнаған Алтынбекке «Еңбегі сіңген жаттықтырушы», «Құрметті азамат» деген атақтар да берілген жоқ.
Бұл күнде Аса ауылында тұратын Алтынбек тәрбиелеген спортшының бірі – тараздық Манарбек Ағайдаров қазір спорт мектебінің директоры, қаланың Құрметті азаматы, депутат. Елге белгілі азамат. Сол шәкірті Алтынбек Үсіпбаев атындағы турнир өткіземіз деген еді. Содан бері де біраз уақыт өтті. Ал әлгі сөз шығарыпсалма ниет қана екен.
Бүгінде Алтынбек Үсіпбаевтың әйелі және екі баласы дүниеден өткен. Азаматтың еңбегі еленіп, 4 рет орденмен марапатталған, еңбек және тыл ардагері, спорт шеберіне көзі тірісінде лайықты құрмет көрсетілсе екен дейміз.
Осыны баяндап наурыз айында облыстық әкімдікке хат жазған едім, олар қалалық әкімдікке, қалалық әкімдік спорт басқармасына жолдады. Ал олар ондай шаралар өткізу үшін 2014 жылғы қаулыға сәйкес, Олимпиада чемпионын дайындағаны жөнінде және тиісті хаттамалары керек деп сырғытпа жауап берді.
Ашығын айтсам, мені өкіндірген осы жауап болды. Бұл деген адамды менсінбегендік емес пе?! Қарияның еңбегін елемегендік қой. Ол 1950-1980 жылдары күрескен балуан. Ол уақытта ондай хат-қағаздар болмаған. Сақталған күнде де оны спорт комитетінің мұрағатынан қарау керек шығар.
Қалың оқырманына айтары бар және жанашырымыз «Аq jol» газетіне осы пікірімді жолдап отырмын. Осыдан бір нәтиже шығар деген үмітімді де үзбеймін.

Жамбылкүл Есенбаева,
«Алтын алқа» иегері.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support