- Advertisement -

«Коворкинг» кітапхана оқырмандарын көбейте ме?

290

- Advertisement -

Бүгінгі күні жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында кітапханалардың заманға сай болуы қажет. Ал ол үшін жасампаз жобалар қолға алынып, жүйелі түрде іске асса құба-құп. «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан кітапханалары – заманауи білім орталықтары» бастамашыл жобасы аясында қазіргі таңда мұндай олқылықтардың орны толықтырылып келеді. Мәселен, жуырда шаһарымыздағы Абай атындағы орталық кітапханадан «Коворкинг» орталығы ашылып, кітапқұмар жандардың игілігіне жұмыс істеуде.
Жалпы «коворкинг» – ағылшын тілінен аударғанда «бірлесе жұмыс істеу» деген мағынаны білдіреді. Яғни бұл адамдардың әңгіме-дүкен құратын, оқып-үйренетін, жеке және топтанып келіп жұмыс жасайтын, кеңесетін, шарт жасасатын орны десек те болады. Бас партияның бұл жобаны қолға алғандағы басты мақсаты – кітапханаға оқырманды, әсіресе жастарды көптеп тарту.
Жуырда мұндай орталық Б.Момышұлы ауылындағы аудандық орталықтандырылған кітапханада ашылды. Айта кетейік, жыл басында мұнда «Ақпараттық цифрландырылған орталық» іске қосылған болатын. Осынау ауқымды іс-шараға «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат арнайы барып қатысты. Салтанатты шараға келген облыс және ауданның атқамінер азаматтарын кітапхана алдынан аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бақыт Қанаева қарсы алып, мекеменің жұмысымен таныстырды. Бұдан кейін қонақтар кітапхана ішінен ашылғалы жатқан «Коворкинг» орталығына бас сұқты. Орталық екі бөлмеден тұрады. Бірінші бөлме еуропалық стильде жабдықталса, екінші бөлме ұлттық нақышта жасақталған.
Салтанатты шараның алғы сөзі «Нұр Отан» партиясының Жамбыл облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұратқа берілді.
– «Нұр Отан» партиясының бастамасымен елімізде 22 жоба іске асырылып жатыр. Соның бірі – осы жоба. Жобаның мақсаты – кітапханаға оқырмандарды, әсіресе жасотандықтарды көптеп тарту. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының да мақсаты – осы. Яғни, жастарға ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды таныту. Көркем әдебиетті оқыту арқылы құндылықтарымызды, тарихымызды дәріптеу. Еліміздің сауатты азаматтарының қатарын арттыру. Әсіресе компьютерлік ойындарға тәуелді жастардың назарын кітапқа аудару, – деді салтанатты шараның ашылуында Шәбден Тоқтасынұлы.
Бұдан кейін сөз алған аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов: «Керемет жобаға бастамашы болып отырған «Нұр Отан» партиясына айтар алғысымыз шексіз. Оның үстіне облыс аудандары ішінде біздің ауданда бірінші болып ашылып отыр екен. Мүмкін болса мұндай орталықтарды аудандағы үлкен ауылдарда да ашуға қолдау көрсетуге дайынбыз», – деп партияның бастамасына қолдауын білдіріп, кітапханаға музыкалық аппарат сыйлады.
Шара барысында аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Сейтхан Жұмашев пен аудандық соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы Естемес Аманбеков аудан жұртшылығы атынан «Нұр Отан» партиясына ризашылықтарын жеткізді.
Осыдан соң «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Шәбден Тілеумұрат пен аудан әкімі Бақтияр Көпбосынов орталықтың лентасын қиса, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бақыт Қанаева мен «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Анар Ахметова өзара ынтымақтастық пен қарым-қатынас туралы меморандумға қол қойды.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support