- Advertisement -

Қылмыстық істер электронды формат та тексеріледі

308

- Advertisement -

Қылмыстық істерді «Е-УД» форматта тергеу әдісі өткен жылы тамыз айынан бастап облыс аумағында пилоттық жоба ретінде енгізілген болатын. Ал республика бойынша алғашқылардың бірі болып, облыстық ішкі істер департаментінің қызметкерлері «Е-УД» модулінде қылмыстық істерді тергеу дағдыларын меңгерді. Соның арқасында бүгінде департаменттің барлық аумақтық бөліністерінде қылмыстық істер электрондық форматта тексеріледі.
Электрондық форматта тергелген 432 қылмыстық істің 224-і өндіріске, 167-сі сотқа жіберілген екен. Тергеу іс-әрекеттерін электрондық форматта, соның ішінде бейнебайланыс арқылы санкциялайтын «Е-УД» модулінің тиімділігі – онлайн-режимде қылмыстық теріс қылықтарды тергеу бойынша өкілеттік берілген қылмыстық істі қарап және зерттеуге техникалық мүмкіндіктер беретінінде көрінеді. Бүгінге дейін тергеу іс-қимылдарын санкциялау туралы барлығы 82 өтініш хат қаралған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен облыстық ішкі істер департаментінің І жарты жылдықта атқарылған жұмыстарының қорытындысы сараланған брифингте аталған департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Байжан Байгелді айтып берді.
Спикердің сөзіне сүйенсек, өңірде ішкі істер органдары бөліністерінің жедел-қызметтік жұмысын ұйымдастыруды жақсарту мақсатында барлық кешенді шаралар атқарылуда. Жалпы қылмыстың саны – 31,6, оның ішінде, аса ауыр санаттар бойынша – 18,0, ауыр қылмыстар – 30,1, ауырлығы орташа – 31,9 және кішігірім ауырлықтағы қылмыстар 31,7 пайызға төмендеген.
Сонымен қатар кісі өлтіру саны – 30,3, зорлау – 45,7, бөтеннің мүлкін ұрлау – 31,7, оның ішінде ауыр – 35,3, қарақшылық – 63,6, тонау – 46,6, ауыр тонау қылмысы – 59,1, бұзақылық 50,8 пайызға қысқарған.
Өңірімізде қылмыстардың алдын алуда профилактикалық жұмыстарды ұйымдастырудың жаңа тәсілдерін енгізу өз нәтижесін беріп отыр. Бұдан жалпы қылмыстың төмендегенін көруге болады. Мәселен, облыс орталығындағы қоғамдық орындар мен жол қиылыстарында және бұлтты бейнебақылау сервисіне қосылған 238 көп қабатты тұрғын үйлердің кіреберісінде 476 камера орнатылған. Нәтижесінде қоғамдық орындардағы қылмыс – 29,9, көшелердегі – 15,9 пайызға, сондай-ақ кәмелетке толмағандар жасаған қылмыстар – 21,5, бұрын сотталғандардың қайта жаза басқаны – 59,4, мас күйінде – 32,6 және басқалардың қылмысқа баруы 8,2 пайызға азайған.
Аса ауыр қылмыс санының төмендеуі барысында олардың ашылуы 85,4, қылмыстардың ауыр түрлері бойынша қылмыстың ашылуы 75,8 пайызды құраған. Соңғы 6 айда барлығы 23 кісі өлімі дерегі тіркелген, олардың ашылуы 89,3 пайызды құрап, барлық дерек бойынша күдіктілер анықталған.
Баспасөз конференциясында полиция полковнигі Байжан Исембекұлы биылдың өзінде үш қарақшылық шабуыл ашылып, қылмыскерлер тобы ұсталғанын мәлімдеді. Осыдан бірнеше күн бұрын, нақтылай түссек 18 шілдеде Тараз қаласында кәсіпкерлер қоймаларына шабуыл жасаған қылмыстық топ ұсталған. Ал ұрлықтың ауыр түрлерін тіркеу 35,3 пайызға азайған. Қылмыстың ашылуы 56,3 пайызды құрап отыр.
Өзгенің мүлкін ұрлау бойынша 3 мыңнан астам қылмыстық істердің 1150-і өндіріспен аяқталған. Барлығы 25 қылмыстық топ құрықталып, олардың 100-ден астамына ұрлық жасағаны үшін айып тағылған. Сондай-ақ 20 адамнан тұратын мал ұрлығымен айналысқан 9 қылмыстық топ ұсталған, нәтижесінде мал ұрлығының 16-сының (оның үшеуі ауыр түрі бойынша) дерегі ашылып, 86 жылқы, 61 ірі қара, 337 ұсақ мал тәркіленген.
Қалта және ұялы телефондар ұрлығын жасаған 35 адам ұсталып, 49-ы дәлелденген.
Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық сипаттағы қылмыстардың алдын алу бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылыпты. Жас жеткіншектерге жасалған жыныстық сипаттағы зорлық-зомбылық қылмысының 7 дерегі тіркеліп, іздестіру нәтижесінде барлық қылмыстарға қатысты күдіктілер ұсталған.
Есепті кезеңде мас күйінде жасалған қылмыс өткен жылғы көрсеткішке қарағанда 32,6 пайызға төмендеп отыр. «Нөлдік төзбеушілік» бойынша есепті кезеңнің барлығында 46 288 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған. Ал отбасылық-тұрмыстық қатынастар бойынша 687 жанжал шығарушы жауапкершілікке тартылыпты.
Бүгінгі өзекті мәселенің бірі – автожолдардағы қауіпсіздік екені рас. Облыста атқарылып жатқан шаралар негізінде өткен жылмен салыстырғанда жол-көлік оқиғасы – 6,2 пайызға азайып, қайтыс болғандар саны – 25,0, жарақат алғандар 12,9 пайызға қысқарған.
Брифингте облыс аумағындағы жағдайдың тұрақты екеніне көз жеткізген журналистер спикерге өздерінің сұрақтарын қойып, жауап алды.

Камила БОРАШОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support