- Advertisement -

Телемедицина үзіліссіз жұмыс істейді

258

- Advertisement -

Отандық медицина көптеген реформаларды бастан кешті. Бұл қадам емдеу және басқару ісіне біршама өзгерістер әкеліп, заман ағымымен бірге дамуға мүмкіндік бергенін айтуымыз керек. Бірінші кезекте ауруханалар мен емханалардың, дәрігерлік амбулаториялардың материалдық-техникалық базасын жақсартуға баса көңіл бөлінді. Тапшы мамандарды даярлау ісі де назардан тыс қалған жоқ.
Бүгінде медицина мамандарын даярлауда ақпараттық технологиялармен жұмыс істей білуді үйретудің маңызы зор. Себебі қазір диагностикалау, талдау-сараптама жасау ісінің бәрі жаңа құрылғылар арқылы жасалады. Тіпті қазіргі кезде телемедицинаның дамуы арқылы дәрігерлік концилиумды да қашықтықтан жасауға мүмкіндік туып отыр.
Телемедицина – науқастарды диагностикалау мен емдеу сапасын арттыру мақсатында мамандар арасында ақпарат алмасу үшін қолданылатын компьютерлі және телекоммуникациялық технологиялар жүйесі. Денсаулық сақтау саласына осы жүйе кеңінен енгізілгелі бері науқастың шалғайда жатқанына қарамастан сапалы медициналық көмек көрсету мүмкіндігі артып отыр. Сонымен қатар телемедициналық кеңестер емделушінің жол жүру және тағы да басқа шығындарын азайтып, өз кезегінде емдеу-профилактикалық көмекті қолжетімді ете түсті.
Біздің аудандық орталық ауруханада телемедицина қызметі 2009 жылдан бері көрсетіліп келеді. Оған жауапты дәрігер мен медбике бекітілген. Соның арқасында ауруханада емделіп жатқан науқастардың облыстағы дәрігерлерден кеңес алуына жол ашылды. Емделушілер ғана емес, қажет кезінде, шұғыл жағдайда мекеме мамандарына да орталықтағы, тіпті республикадағы таңдаулы клиникаларда жұмыс істейтін әріптестеріне хабарласып, кеңесе алады. ЭКГ, зертханалық талдамасын, рентген суреттерін, УДЗ қорытындыларын жіберіп, диагнозын нақтылайды.
Диагностика жасауда, емдеу ісіне телемедицинаның тигізіп отырған көмегі көп. Әсіресе емделушілердің дәрігерлер алдындағы кезегін азайтуға едәуір септігі тиюде. Ауылда тұрып-ақ облыс орталығындағы мамандардан кеңес алып, соған сәйкес ем-шараларын жалғастыру – тұрғындар үшін тиімді.
Біз өткен жылы осы телемедицина арқылы облыстағы әріптестерімізден – 140, Қазақ ұлттық ғылыми зерттеу институты мамандарынан 7 кеңес алдық. Биыл алғашқы тоқсанның өзінде орталықтағы дәрігерлермен – 24, аталған институт профессорларымен 2 науқастың сырқатына байланысты кеңесіп, ем шараларын жүргіздік. Жаңа технологияның көмегімен былтыр – 12, биыл бірінші тоқсанда 2 рет семинар өткіздік. Оған қатысуға аудандағы медицина қызметкерлеріне мүмкіндік туды.
Жалпы облыс орталығындағы телемедицина үзіліссіз жұмыс істейді. Мамандар сол арқылы шалғайдағы аудандармен байланысқа шығып, тиісті көмектерін көрсетуде.

Жайдар ӘЙТІШЕВ,
аудандық орталық аурухананың бас дәрігері,
облыстық мәслихаттың депутаты.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support