- Advertisement -

Емханалар базасындағы ерекше орталық

236

- Advertisement -

Соңғы екі жылда Қазақстанда психикалық денсаулық қызметін реформалау бойынша Жол картасына сай маңызды өзгерістер орын алды. Бірінші кезекте психиатриялық қызметтің алғашқы медико-санитарлық көмекпен ықпалдастығын арттыруға мән берілуде. Бұл ықпалдастық қалай жүзеге асырылады? Алдымен осыған тоқтала кетсек.

Қалалық бір немесе екі емдеу мекемесін қосқанда емханаларда тіркелген тұрғындардың саны 60 мыңнан асқан емханалар базасында бастапқы психикалық денсаулық орталықтары ашылуы тиіс. Мұндай орталықтар облыс орталығында бірнешеу. Олар аумақтық бөлінісіне қарай қала және өздеріне белгіленген аудандардың тұрғындарына мамандандырылған көмек көрсетуге міндетті. Мәселен, Тараздағы №1 «ZHANUYA» емханасына осы және №9 қалалық емханасы, Байзақ, Жамбыл аудандары, №2 қалалық емханаға Қордай ауданы, облыстық кеңес беру диагностикалық медицина орталығына №3 қалалық емханаға қарасты аумақ, №7 қалалық емханасына Т.Рысқұлов, Меркі аудандары, «ALMAZ MEDICAL GROUP» мекемесіне №4 қалалық емхана және Жуалы ауданы, №5 қалалық емханаға осы мекемеге тіркелгендер, психоневрологиялық интернат үйі, Талас пен Сарысу аудандары, №8 емханада ашылған №6 бастапқы психикалық денсаулық орталығына осы №8 және №6 қалалық емханалар, Мойынқұм, Шу аудандары бекітіліп беріліп отыр. Тарқатып айтсақ, алдағы уақытта «Жанұя» (бұрынғы №1 қалалық емхана) емханасына №1 мен №9 қалалық емханалар және Байзақ пен Жамбыл аудандарының тұрғындары психиатр мен наркологтың көмегіне жүгіне алады.
Бастапқы психикалық денсаулық орталықтары қалалық емхананың құрылымдық бөлімшесі саналады. Онда дәрігер-психиатр (нарколог), балалар психиатры (нарколог), психолог, орта буын медицина қызметкерлері жұмыс істейді. Негізгі міндеттері –психикалық және мінез-құлқында бұзылулары бар адамдарды анықтау, диагностикалау, емдеу, алдын алу шараларын қолдану, қажет болғанда тиісті мекемеге емделуге жіберу. Қазіргі кезде барлық емханаларда психикалық және наркологиялық қызмет көрсететін орталық ашуға керекті бөлмелер беріліп, материалдық-техникалық жабдықтармен жабдықталды. Тіпті қызмет көрсетуге лицензия алып, жұмыс істеуге дайын отыр.
Ауыл тұрғындары қалалық емханаларға тіркелгенмен, олар өз тұрғылықты мекен-жайы бойынша да психиатрдың көмегін ала алады. Аудандық ауруханаларда психикалық денсаулық кабинеттері бар. Оларға психиатриялық көмекті аудандық, қалалық, облыстық деңгейде де көрсетіледі.
Жүргізіліп жатқан реформалардың мақсаты – психиатриялық көмектің қолжетімділігін арттыру, еш кедергісіз, зардапсыз көмек алуды қамтамасыз ету. Екінші мәселе – психиатриялық және наркологиялық қызметті біріктірілуінде. Енді олар бір атаумен бірыңғай облыстық психикалық денсаулық орталығы деп аталатын болады. Бұл – мамандар тапшылығын жоюдан туындаған қадам. Екі қызмет біріктірілген жағдайда дәрігер-психиатр психикалық, сонымен қатар наркологиялық мәселелері бар науқастарға көмек көрсете алады. Емделушілер үшін де осы қолайлы, біріншіден олар бір уақытта психиатрдың да, наркологтың да көмегіне жүгіне алады.
Биыл жыл басынан бастап Жол картасының 6 тармағына сай облыстың наркологиялық қызмет мамандары психикалық бұзылулары бар науқастарға көмек көрсету үшін психиатрияның өзекті мәселелері бойынша, ал психиатриялық қызметтің мамандары наркологиялық бұзылулары бар науқастарға көмек көрсету үшін наркологияның өзекті мәселелерін меңгеріп, біліктіліктерін арттыратын оқудан өтті. Сондай-ақ 296 жалпы тәжірибе дәрігері жеңіл және орташа дәрежелі шекаралақ психикалық бұзылулардың алдын алу, диагностикалау, емдеу және конфликтологияның негізгі сұрақтары бойынша арнайы курсқа жіберілді.
Алдағы уақытта барлық амбулаториялық және стационарлық бөлімшелерде емделушілер мен олардың туыстарына арналған білім беру іс-шараларын ұйымдастыру жоспарлануда. Көп жағдайда біз психикалық бұзылуы бар туысымызға қалай көмектесуге болатынын білмей жатамыз. Олар маман кеңесіне мұқтаж. Дәрігер науқастарға дұрыс қарым-қатынас жасауға, оларға дұрыс күтім жасауға үйретеді. Ал емдеу процесіне жақын туыстарын тарту науқастың әлеуметтік ортаға қайта бейімделуіне оң әсерін тигізеді. Біздің диспансер жанында «Үміт» бағдарламасы бойынша дайындықтан өткен маман бар, ол каскадты әдіс бойынша басқа мамандарды оқытатын болады.
Жалпы психикалық денсаулық саласындағы аталған реформа бұл қызметтің «жабықтығын» жеңуге, стигматизация немесе психикалық бұзылуларға деген қалыптасқан жағымсыз көзқарасты жоюға, білікті психиатриялық көмекті қажет ететін психикалық патологияның шекаралық түрлерімен (әртүрлі невротикалық жағдай, терең емес депрессия) ауыратын науқастар үлесін қамту деңгейін арттыруға мүмкіндік береді деген үмітіміз бар.

Еркінтай САУРАНБАЕВ,
облыстық психикалық аурулар диспансерінің
бас дәрігері.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support