- Advertisement -

Тараздың табысы артып келеді

175

- Advertisement -

Тараз – облысымыздың айнасы. Бүгінде тарихы тереңнен тамыр алатын көне шаһардың шырайы артып, экономикасы дамып, әлеуеті көтеріліп келеді. Экономиканың дамуына әлеуметтік сала мен бизнестің дамуы серпін береді десек, облыс орталығында бұл бағытта нәтижелі жұмыстар да, соған орай көрсеткіштерде өсім де бар. Ағымдағы жылғы алты айлықтың қорытындысы сөзімізге дәлел бола алады.

Атап айтар болсақ, биылғы бірінші жарты жылдықта өнеркәсіп өндірісінің көлемі 120 миллиард 535,0 миллион теңгені құраған. Ал өткен жылдың есепті мерзімінде бұл көрсеткіш 103 миллиард 173,5 миллион теңге болған. Яғни нақты индекс көлемі 107,3 пайыз. Бұл дегеніміз, өткен жылмен салыстырғанда 17 миллиард 361,5 миллион теңгеге артық өнім өндірілген. Халықтың жан басына шаққандағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі былтыр 272,2 мың теңге болса, биыл 338,5 мың теңге болып қалыптасты.
Өнеркәсіп құрылымының салалары бойынша өңдеу өнеркәсібінде нақты көлем индексі 104,4 пайыз, электрмен жабдықтау, газ беру саласында 107,2 пайыз, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылау саласында 104,3 пайыз, кен өндіру және карьерлерді қазу өнеркәсібінде 147,7 пайызды құрады.
Өнеркәсіп саласының күре тамыры, негізін құраушы – химия саласы екендігі белгілі. Бұл бағытта «Қазфосфат» ЖШС-ның Жаңа Жамбыл фосфор және минералды тыңайтқыштар зауытын қоса алғанда, жалпы 52 миллиард 684,8 миллион теңгенің өнімі өндірілген. Бұл, жалпы облыс бойынша өнеркәсіптегі шығарылған өнімнің 43,7 пайызын құрайды. Бұл саладағы салық түсімдері мен басқа да міндетті төлемдердің мемлекеттік бюджеттегі үлесі 27,7 пайыз немесе 4 миллиард 196,2 миллион теңгеге жеткен. Сондай-ақ Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда Индустрияландыру картасына енген жобаларды қолдау шаралары да жүйелі түрде жүргізілуде.
Елбасымыз «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында «Мемлекет бизнеспен бірлесіп, отандық өнімді халықаралық нарыққа шығарудың стратегиялық жолын тауып, ілгерілетуге тиіс» деп атап көрсеткен-ді. Осыған орай «Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында, ағымдағы жылы жалпы құны 4 миллиард 897,0 миллион теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба іске асырылуда. Олар: жобалық құны 1 миллиард 870 миллион теңге, жылдық қуаттылығы 24 мың тонна болатын «KISC» ЖШС – болат, шойын балқыту цехын қайта жаңғырту, құны 2 миллиард 177 миллион теңге болатын «Тараз арматура зауыты» ЖШС – құрылыс арматурасын шығаруға арналған жаңа цехтың құрылысын салу және құны 850,0 миллион теңге, жылдық қуаттылығы 4,5 мың тоннаны құрайтын «Сәуле» кондитерлік фабрикасы» ЖШС өндіріс орнының 2-ші кезеңі құрылысын жүргізу жұмыстары. Бұл жұмыстар аяқталып, нысандар іске қосылғанда барлығы 517 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Сонымен қатар индустриалды картасынан тыс, 9 миллиард 277,5 миллион теңгеге екі инвестициялық жобаның іске асырылуы жоспарланып отыр. Атап айтсақ, «Қазфосфат» ЖШС-ның «Минералды тыңайтқыштар зауыты» аммофос 10:46 маркасы өндірісінің технологиялық жүйесін кеңейту және «GOODLOOK» ЖШС-ның күнбағыс пістесінен май өндіру зауытының құрылысын жүргізу жобалары.
Ағымдағы жылдың 6 айында негізгі капиталға салынған инвестициялардың жалпы көлемі 30 миллиард 725,7 миллион теңгені құрады. Халықтың жан басына шаққандағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 86,4 мың теңге болып қалыптасты. Бөлшек сауда тауар айналымының көрсеткіші 97 миллиард 150,2 миллион теңге болса, ал көтерме сауда тауар айналымының көлемі 61 миллиард 651,4 миллион теңгені құрады. Халықтың жан басына шаққанда бөлшек сауданың көлемі 272,8 мың теңге және көтерме сауда тауар айналымының көлемі 173,1 мың теңгеге айналған.
Бүгінде қалада 31 829 кәсіпкерлік субъектілері тіркелсе, оның ішінде 25 648 жеке кәсіпкер, 6041 шағын, 31 орта және 109 шаруа қожалығы бар. Шағын, орта бизнес субъектілерімен өндірілген өнім көлемінің үлесі 19 миллиард 454,1 миллион теңгені көрсетіп, жалпы өнеркәсіп кәсіпорындарымен өндірілген өнім 16,1 пайызды қамтыған.
Қазақстан Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамына сәйкес, 2018 жылға 5-7 пайызға дейін инфляция өсімі белгіленсе, 6 айдағы баға және тұтыну тауарлары мен қызмет көрсету тарифтері 2,3 пайызды құрады. Инфляция деңгейін тұрақтандыру аясында қалада әлеуметтік маңызды азық-түлік, азық-түлік емес тауарларының және ақылы қызметтердің бағаларын негізсіз өсуіне жол бермеу басты назарда. Осыған байланысты арнайы жұмыс тобы қызмет атқарады. Өнім өндіруші және сауда мекемелерімен бағаны төмендету мақсатында ағымдағы жылы 12 меморандумға қол қойылды десек, облыстың тұрақтандыру қорынан қаладағы 6 ірі супермаркетке әлеуметтік маңызы бар тауарлар жеңілдетілген бағамен жеткізілуде.
Ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында мемлекеттік бюджетке 19 миллиард 337,3 миллион теңге салық және басқа да міндетті төлемдер түсіп, жоспар 103,2 пайызға орындалған. Оның ішінде республикалық бюджет 6 миллиард 777,2 миллион теңгеге немесе 89,9 пайыз, жергілікті бюджет 12 миллиард 560,1 миллион теңгеге немесе 112,4 пайызға атқарылған. Жергілікті түсімдердің ішінде облыстық бюджет 6 миллиард 855,3 миллион теңгеге немесе 109,8 пайызға, ал қалалық бюджет 5 миллиард 704,8 миллион теңгеге немесе 115,0 пайызға орындалды. Бюджеттің шығыс бөлігі трансферттерді қоса есептегенде 25 миллиард 865,0 миллион теңгені құрап, 99,3 пайыз игерілді.
Қаладағы құрылыстың да қарқынды жүргізіліп жатқандығынан жергілікті тұрғындар жақсы хабардар. Оған өздері шаһардың әр бөлігіндегі қызу жұмыстар арқылы куә болуда. Үстіміздегі жылдың жарты жылдығы бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 11 миллиард 946,3 миллион теңгеге шақталған десек, бұл орайда былтырғы есепті кезеңмен салыстырғанда да айтарлықтай өсім бар болып отыр. 2018 жылы бюджет есебінен жалпы сомасы 15 миллиард 325,0 миллион теңгеге 47 нысанның құрылысын жүргізу қарастырылған болса, ондағы 6 нысанның құрылысы келер жылға өтпелі.
Экономикалық-әлеуметтік ахуалды арттырудың тағы бір маңызды бағыттарының бірі – халықты жұмыспен қамту. Жыл басынан бері қаладағы уәкілетті жұмыспен қамту органына ресми түрде жұмысқа тұру үшін 3351 адам өтініш білдірсе, оның 2022 адамы жұмыспен қамтылған. Оның ішінде әлеуметтік жұмыс орындарына 28 адам, жастар тәжірибесі бойынша 173 адам және кәсіптік біліммен, қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету бойынша 693 адам орналасқан. Сонымен қатар 2018 жылы қоғамдық жұмыстарға 891 адам тартылуы тиіс болса, есепті кезеңде 518 адам жолданып үлгерілген. Қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейі 5,8 пайыз, ең төменгі күнкөріс деңгейі 24 135 теңге, орташа номиналды айлық жалақы 107 616 теңгені құрайды.

Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support