Дербісәлі болыс

Адамзат өмірінде құлақ естіп, көз көрмеген алмағайып сілкіністер болған ХХ ғасырдың қазаққа әкелген қасіреті аз емес. Алғашқыда кеңес билігінің орнауын халқымыз қуанышпен қарсы алған-ды. Қызылдардың қызыл тілін қырық орап, комиссарлардың жұртты жарқын болашаққа жетелегендей болғаны да рас. Алайда оның да бет пердесі көп ұзамай түрілді. Олардың жымысқы саясаты орыс патшасының зымияндығынан да асып түсті. Аз ұлттар езгінің астында қалды. Сөз жүзіндегі теңдік іс жүзінде күлге айналды.

Алдымен малымызды алды. Одан кейін жанымызға бұғау салды. Басты соққы елді асырап отырған байларға тиді. Одан кейін халықтың сөзін сөйлейтін азаматтарға ноқта кигізді. Көнгенін де, көнбегенін де атты. Байлармен бірге орта шаруалар мен ауыл ақсақалдары, молдалар қуғынға түсті. Бұл аз десеңіз, кеңес билігінің орнауымен бірге келген ашаршылық халықты баудай түсірді. Бір сөзбен айтқанда, кәмпескелеудің зардаптары халыққа ауыр тиді.
Сол кезеңде «жазалаушы» отрядтар ауылды таламағанда және өкімет азық-түлік салығын шамадан тыс көп салмағанда халық ашығар ма еді? 1928 жылдан бастап ауылдағы малы екі жүзден асатын, қолдарында агротехникасы жоқ орта шаруаларға үш жүз-төрт жүз пұттан астық салығын сала бастады. Ал бұл салықты төлемеген орта шаруалар 1929 жылдан бастап «халық жауы» ретінде түрмеге қамалды. Осыны көрген әулиеаталықтар өз малынан безіп, болмашы бағаға базарға апарып сата бастады.
1928 жылы бейбіт елдің берекесін қашырып, ошағын ойрандаған дүрбелең келді. Оның аты «бай-кулак, орта феодал және ауқаттыларды тәркілеу» болатын. Ағайыннан ақыл, кішіден күш кетіп, ел елегізген алмағайып заман туды. Мұндай қысастықтың сырын қарапайым халық түгілі, оқыған, көзі ашық ел ағалары да түсіне алмай дал болған қазақ амалсыздан тоз-тозы шығып, басы ауған жаққа үдере көшті. Осы шерлі көштен Дербісәлі болыс туған жердің ыстық топырағын қимай, қалып қойды. Кейінгі кеңес өкіметінің рақымшылығын күтті ме, әйтеуір тағдырдың жазуымен қызыл қырғынның азабына шыдап, кіндік қаны тамған туған жерін қимай қала берді…
Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан алынған құжаттарда Дербісәлі Қалабаевтың 1866 жылы қазіргі Ақбұлым ауылында дүниеге келгені көрсетілген. Жастайынан осы ауылда өсіп, жетілген. Еңбекқор, зерек әрі ескіше сауаты бар ол көп ұзамай халық атынан сөйлейтін азаматтардың қатарынан көрінеді. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат Х1Х ғасырдың аяғында қазіргі Ақбұлым, Жасөркен, Тараз қаласының қант зауыты бөлігі, қазіргі Байзақ, Түймекент, шығыста Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Қайыңды ауылына дейінгі жерге болыс болып сайланады. Ол кезде патшалық Ресей әкімшілігі бұл аймақтарды Әулиеата уезі «Ботамойнақ-Алмалинский волосной» деп атаған. Оған архив құжаттары дәлел (1912 жылғы құжатта осылай жазылған). Кейін Кеңес өкіметі орнаған кезде халық санасынан ежелгі тарихи атауды жою мақсатында бұл жерлерді Әулиеата уезі 7-ауыл деп нөмірмен белгілеген. Бұл – тарихи шындық.
Тағдыр Дербісәлі болыстың маңдайына, от кеуделі небір арыс азаматтарға азап пен қасірет жазыпты. Ол – Тәңірден келмеген, адам қолымен жасалған солақай саясаттың кесірі. Х1Х ғасырдың аяғына таман Ботамойнақ-Алмалы аймағына болыс болған атпал азамат халықтың әлеуметтік-тұрмыс жағдайына жер мен саудаға көп көңіл бөлген. Ең алдымен қазақ жастары сауатын ашсын деп, өз қаражатына ауылдан медресе ашқан. Қазан қаласынан араб тілін білетін молда шақыртып, балаларды оқытуды табыстайды. Оған өз қалтасынан қаражат төлеп отырды. Қазіргі Ақбұлым ауылындағы Баймырза Бесбаев есімі берілген мектептің негізі осылай қаланған. Осы медресенің орнына кейіннен Баймырза Бесбаев жаңа үлгідегі балалар оқытатын бастауыш мектебін ашып, алғашқы ұстаздық қызметін бастаған.
1905 жылы әкесі мен шешесінен жастай айырылған Баймырза Дербісәлі болыстың қолына келіп, үй шаруасына көмектесіп, сол үйдің бір баласындай өмір сүрген. Баланың киіз үйдің ашық іргесінен молданың тақтаға сызған әріпін таяқпен жерге сызып отырғанын байқаған болыс «мына баланың обалына қалмайын» деп, өз балаларының қасына қосып, оқуға берген. 1918 жылы сауатты балаларды жинап, олардың одан әрі білім алуына жағдай жасаған. Солардың қатарында жігіт болып қалған Баймырза да болады. Оны Шымкенттегі үш айлық мұғалімдер даярлайтын курсқа жібереді.
Болыстың тұрғындарды егіншілікке үйретудегі еңбегі ұшан-теңіз. Ол астықтың бір бөлігін базарға сатқызып, бала-шағаларына қажетті заттар алған. Қалған бөлігін ұнға айналдырған. Қазіргі Байзақ ауданындағы Талас өзенінің бойына үлкендеу беларық қаздырып, диірмен салдырады. Бұл жайында көнекөз қариялар жылы ілтипатпен еске алады. Құрметті теміржолшы, 86 жастағы Әбдуәлі Данай ақсақал облыстық «aq jol» газетіне жариялаған мақаласында осы диірмен туралы, оны салдырған Дербісәлі жайлы жазған. Ол болыстың үлкен қора-жайы болғанын айта келіп, онда мал бордақылап, Әулиеата базарына сатып, үстінен түскен пайдасын балалар оқытатын молданың ақысына, жатын орны мен тамағына төлеп отыратындығын айтқан.
Дербісәлі Қалабаев туралы сөз қозғағанда, атақты ағартушы, қазақтың тұңғыш драматургтерінің бірі Сыдық Абылановтың қарындасы Мәлика апамыздың естелігін еске алмауға болмайды. 1927 жылы Түрксіб темір жолының құрылысы басталды. Бұл құрылыс аз уақыт өтпей Әулиеатаға да жетіп, Алматыға қарай жалғаса бастайды. Салынып жатқан темір жол Ақбұлым ауылындағы ескі қорымның үстінен өтетін болған. Осыны естіген Дербісәлі Мәскеуге хат жолдап, бабалар қорымын бұзбауын өтінген. Ондағылар: «Сен өлілердің қамын ойламай, тірілеріңді жарылқап ал» деп жауап берген. Амалы құрыған бабамыз темір жол құрылысының бас инженері Струевке бір үйір жылқы беріп, темір жол желісін қазіргі Үшбұлақ стансасы тұрған тауға қарай бұрғызып, ата-баба жатқан қорымды аман алып қалған. Әрине, бұл сол кездегі ережеге сыймайтын ерлік болатын. Өкініштісі ол кісі жер аударылып кеткеннен соң, бұл қорым тегістеліп, колхоздың егіс даласына айналып кетті.
«Халық жауы» атанған Дербісәлі болыс алғыр қазақ жастарына қамқор болған. Өлкетанушы Әбдуәлі Данай ол жөнінде былай деп еске алады: «Әулиеата уезінің алғашқы ұстаздарының бірі Сыдық Абылановты өз қамқорлығына алған. Сыдық Абыланов 1894 жылы Әулиеата уезінің Ботамойнақ-Алмалы болысына қарасты 7-ауылда, қазіргі Байзақ ауданы Байзақ ауылында дүниеге келген. Жастайынан зерек Сыдық бұрынғы медреседе сауатын ашқан. Болыс оған одан әрі білімін жалғастыру үшін 120 сом қаражат жинап берген. Ол осы қаражаттың арқасында Орынбор қаласына барып білімін жалғастырған. Кейін Сыдық Абыланов сауатсыздықты жою науқанын жүргізуші, ағартушы атанды. Білікті ұстаз болады. 1938 жылы Қазақстанның радиокомитеті төрағасының орынбасары болды. Сыдық та тағдыр тәлкегіне түсіп, «халық жауы» атанып, сол кездегі қанды қырғынның құрбаны болды».
Ақбұлымдықтар Дербісәлі Қалабаев туралы нақты деректерді тек тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін ғана білді. Біз облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына қарасты мемлекеттік архивтен ол кісі туралы көптеген деректер таптық. Табылған он алты беттік құжатқа үңіле отырып, сол кездегі көптеген келеңсіз жайттарды білдік. Енді сол құжаттарды оқып көрейік. «Секретно. Калабаев Дербис – 62 год. Ауыл-7. Кенесской волост Аулиеатин р-н». Одан әрі оның малдары тізімделген. Байдан 18 жылқы, 3 бұқа, 4 сиыр, 17 бұзау, барлығы 42 бас алғандығы жазылған. Бұл малдарды сол кездегі ақшамен есептегенде – 6560 сом. Құжаттың соңында «Имущество конфискуется. Сам подлежит выселению» делінген. Осы анықтамаға сенсек, болыстың кіндігінен тараған 17 ұл-қызы, келіндері мен немерелері түгелімен тәркілеу барысында жер аударылған. Хаттамада тәркіленген мал мен диірмен колхозға берілгендігі жазылған. Тағы бір хаттамада болыстың балаларына байланысты мынадай мәлімет бар: «Срочно запросить Оргкомиссию о результате разбора сыновей бая полуфеодала Мырзахана и Мырзахмета, подлежит ли выселению или нет» делінген. Кезінде Баймырза Бесбаев осы екі бала туралы: «Бұларды әкесінен бөліп, белгісіз жаққа алып кеткен» деп айтып отыратын. Мұны тарихи құжат та айғақтайды. Сонда оларды қайда жіберген деген сауал туындайды. Өкініштісі, бізге бұл жағы беймәлім.
Тәуелсіздіктің арқасында өшкеніміз жанды, өлгеніміз тірілгендей болды. Елбасының бастамасымен жазықсыз жапа шеккендердің есімі жаңғырып, ақталды. Солардың бірі – Дербісәлі Қалабайұлы. Ел-жұрты мен ұрпақтары бабамыздың есімін ардақтап, Ақбұлым ауылының орталығындағы көшеге оның есімі берілді.

Жамбыл Бесбаев,
ардагер-ұстаз.

Мақұлбек Рысдәулет,
жазушы-журналист.

Байзақ ауданы.

Comments are closed.