- Advertisement -

Ауған соғысы осылай басталған еді

227

- Advertisement -

Солдатқа бұйрық берілсе, орындалады. Орындамасқа хақысы жоқ, Ауғанстанға соғысқа бармаймын деп те айта алмайды. Қапшағайдан асығыс-үсігіс аттанарда Алматыдағы әке-шешесіне телефон шалған Сергейдің айтқаны: «Мен ұзақ мерзімді командировкаға барамын» болды.

Тұрымқұл мен Людмила дәл айта алмаса да ұлдарының «ыстық нүктеде» екенін іштері сезеді. Өйткені АҚШ бір жақтан мансұқтап, Иран жағы Америка елшілігін екінші тараптан талқандап әрі коммунистік партиясын қуғындап жатқан тұста, КСРО-ның да қарап жатуы мүмкін бе? Сергей ұзақ іссапарға аттанғанына бір апта өтер-өтпес Ауғанстанда халықтық-демократиялық партия өкілдері Мұхаммед Дауд басқарған демократиялық үкіметті құлатып, тағы бір Мұхаммед Тараки президенттік таққа қонжиған-ды.
Ұзақ жылдан соң ғана шындықтың беті былай ашылмай ма: Таракиің Кеңес Одағында тәрбиеленген, жас күнінде Ауғанстаннан Кеңес барлаушылары ұрлап әкеткен. Біреуі – қазақ екен-мыс, екіншісі – өзбек. Әрине, мұсылман еліне славяндардың жасырын кіріп, адам ұрлауы мүмкін емес. Сөйтіп Мәскеуге жеткізілген Тараки орысша жоғары білім алды, ақырында қауіпсіздік комитеті оны агент етіп шығарған.
Ол патша тағына отырысымен Даудтың жақтастарын сотсыз, тергеусіз аттырып, мешіттерді жоюға кірісіп кеткен еді. Бұған қара халық қайтіп шыдасын, бір күнде көтерілді. Ал Мұхаммедтің Мәскеудің жалдамалы агенті екеніне әбден көзі жеткен үкіметтің премьер-министрі Амин онымен кетісіп тынған.
Ақыры «Орыссыз күніміз жоқ…» деген Таракиді атып өлтіреді. Кісі өлтірген кісінің қолынан өледі демей ме?.. Сол сәтте-ақ, Дауд өзін президентпін деп жариялап, бүкіл билікті қолына алған. Мәскеудің агентін өлтіріп тастаған соң, тыныштық болмасын дереу түсінді де, Америкаға арқа сүйемекке бекінген-ді. Ал бұл кезде мына жақта КСРО қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ю.Андроповқа Даудтың АҚШ-тың Орталық барлау басқармасының агенті екендігін айғақтайтын құжаттар жеткізілген еді. Тіпті Даудтың «Алла жар болсын, американдықтар келіп бұл аймаққа тәртіп орнатады» деген сөзін Кеңес барлаушылары таспаға жазып алыпты. Шынында да Кабул қаласында Кеңес, американ тыңшылары өріп жүретін.
Ауғанстандағы сол жылдардағы жарияланбаған соғыс алдындағы Кеңес басшылығының көңіл-күйі туралы И.Бунич «Золото партии» деген кітабында мынадай дерек келтірген. «Амин екі айдаһардың ауған жерінде қандасқанына жан-тәнімен қарсы. Андропов оның «Американдықтар ауған жеріне келіп тәртіп орнатады» деген таспадағы сөзін Л.Брежневке (СОКП Орталық комитетінің бас хатшысы) тыңдатқанда, КСРО Қорғаныс министрі, маршал Устинов пен КСРО Сыртқы істер министрі Громыко екеуі де «ол мүмкін емес» деуден әрі аспаған. Сонда бас хатшы Устиновқа сұраулы жүзбен қарап: «Ауған жерінде біз қанша уақытта тәртіп орнатамыз», – дегенде, маршал Чехословакия бүлігін (1970 жылғы) еске алып: «Ары кеткенде екі апта ішінде», – деп, нық сендіре жауап берді. Осыдан кейін бас хатшы: «Қалай болғанда да ауған үкіметі бізден әскери көмек сұрап, Үндеу жолдасын. Бітті» деп бір-ақ кескен еді».
Кремльдегі ұйғарымды жүзеге асыру үшін ұзақ уақыт өтпей, 2 желтоқсанда Аминді көндіруге Кабулға қауіпсіздік комитетіндегі Андроповтың жеке өкілі генерал-лейтенант Папутин жолға шығады. Көнбеген жағдайда Хафизулла Аминді ұрлап Мәскеуге жеткізу жоспарланды.
Амин Кабулдың шет жағасындағы екі қабатты сарайында Папутинді шығыс дәстүрімен құшақ жая қарсы алды. Орыс аюын бұлай қарсы алмаса, жақсылық болмайтынын түсінетін. Папутин де талай мұсылман елдерінде болған, тіпті аз да болса арабша, парсыша, тіпті түрікше сөйлей білетін көкжал қасқыр-ды. Есен-саулықтан соң Андроповтың жеке сәлемін жеткізіп, «Америкаға арқа сүйесең, өмірем қабасың» дегенді емеурінмен сездірді.
Кездесулер өтіп, келіссөздер жүріп жатқанда басбұзарлар Кеңес өкіметінің өкілдіктеріне қызмет ететін қызметкерлердің үйіне басып кіріп, бастарын кесіп алады. Ол әдейі арандату үшін ұйымдастырылған іс пе, ол жағы бүгінге дейін беймәлім, десе де бұл жағдай Кеңес өкіметі атынан Папутиннің Аминге қатқыл түрде жазылған нотаны тапсыруына түрткі болады… Кезінде оның мәтіні «Правда» газетінен бастап барлық орталық басылымдарға жарияланған. Онда: «Кеңес өкіметі өз азаматтарын қорғауды амалсыз міндеттеріне алады, себебі ауған жағы ол қауіпсіздікті қамтамасыз етпеді, оған 22 желтоқсандағы қанды оқиға куә» делінген.
Ақыры Ауғанстанды толықтай қарауына алу үшін жиырма жылдай небір әскери құпия жоспар жасаған Кеңес өкіметі 24-желтоқсан күні сол жоспардың біріне сәйкес ауғанның жоғары әскери шенділерін қолға түсіріп, сол жерде біразын тұтқындап, қарусыздандырып тастайды.
Бірер күннен кейін кілең десантшылардан жасақталған үлкен топ, ішінде Қапшағайдан келген Сергей де бар, Баграмдағы аэродромнан тікұшақтарға мініп, отыз шақырым жердегі Кабулдың Дюралан деген мөлтек ауданындағы Аминнің резиденциясына басып кіріп, оны ұрлап әкетіп, Мәскеуге жеткізу үшін қауіпсіздік комитетінің арнаулы бөлімдерімен бірлескен үлкен операцияға кірісіп кеткен-ді. (Осы операцияға Талас аудандық әскери комиссары болып істеген, қазір Қызылорда облыстық әскери департаментінің директоры С.Тоқманбетов те қатысқанын айтып еді. Оның бөлімін Германиядан алдырған, онда батальон командирі, осы күнгі Ауғанстан соғысы ардагерлері кеңесінің төрағасы, белгілі әскери қолбасшы, генерал-лейтенант Б.Ертаев екен). 105-гвардиялық әуе-десанттық дивизия осындай шұғыл операцияға кіріскен сәтте Папутин Аминмен тағы да келіссөз жүргізіп жатқан еді.
Бірақ бұл кездесу сәтсіз аяқталды. Сөйтіп ұзаққа созылған Ауған соғысы басталып, ол 1989 жылдың 15 ақпанына дейін созылды… «Бұл соғыс айла-шарғымен ойластырылған әділетсіз соғыс еді», – дейді ауғандықтар.

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ.

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support