- Advertisement -

Қара жаулықтан құтылайықшы, құрбылар!

246

- Advertisement -

Қазіргідей бейбіт заманда жайма шуақ өмір сүріп жатқанымыз – үлкен бақыт. Бірақ кейбіріміз соның қадірін түсінбей жүргендейміз.

Бұл күнді ата-бабаларымыз қанша армандады десеңізші!.. Ал шала сауатты әлдебіреулер «дінімізді берік ұстанамыз» десіп, көпке іріткі салуда. Теледидарды қосып қалсаңыз да, әлеуметтік желіге кірсеңіз де көретініңіз – «хиджаб киюге рұқсат бермеді» деп айқайға сүрең қосып, байбалам салып жатқан әлдекімдер. Солар жамандықтың белгісіндей болған қара жаулыққа неге сонша құмар, осыны түсіне алмай-ақ қойдым. Шамасы олар кешегі кеңестік солақай саясаттың кесірінен аталарымыздың тығылып намаз оқыған күндерін ұмытқан-ау.
Қалай десек те біз барды бағалай алмай жүрген сияқтымыз. Бабаларымыз елі-жері үшін жан аямай қан кешіп, салт-дәстүрімізді қастерлеп, ұрпаққа аманат етті. Жыл мезгілдеріне қарай тігілген әдемі ұлттық киімдері қандай еді. Кигеннің ажары айдай болып, маңдайы жарқырап шыға келетін.Үкілі сәукеле мен бүрмелі көйлек, қыпша бел қамзолды киген қай қыздың да құлпырып кетері анық. Жай кезде қыздар қызыл орамал тағатын болған.
Қыздар үкілі желекті сәукеле киіп, ақ босаға аттағаннан кейін басына ақ жаулық салынған. Апа-әжелеріміз үлкен шашақты орамал тағып, кимешек киген. Ал тұлымшағы желбіреген жеткіншек қыздардың шашын қос өрім етіп өріп, тақия кигізген. Ешқашан тұмшалаған емес. Әрине, дінді берік ұстанып, ұзын көйлек киіп, шашымызды көрсетпей орамал тағып жүргеніміз дұрыс-ақ. Бірақ өзге елдің ұлттық киіміне жармасқанымыз, қай сасқанымыз!
Көшеде кей қыздарымыздың көзін ғана көрсетіп, бет-ауыздарын қара шүберекпен тұмшалап алғанын көреміз. Неге? Қазақ қыздары қара жаулық тартқанын, қай кітаптан оқып, қай атасынан естіді екен. Халқымыз әрқашан қара түстен аулақ болуға тырысқан. «Қара жамылған», «Қара ниетті», «Жүзі қара», « Басына қара бұлт үйірілді» деп, жамандық атаулыны қара түспен бейнелеген. Ал ақ түс – жақсылықтың нышаны. «Ақ жол болсын», «Ақ мол болсын», «Көңілің ағарсын» деген тілектерден ақ түстің қадірлі екенін байқауға болады.
Олай болса өміріміз ақ жолдан басталып, көңіліміз мәңгі ақ болсын десек, ұлттық киімдерімізді дәріптейік. Бүгінде қос етек көйлегіміз бен ақ жаулығымызды заманауи үлгіде өзгертіп киіп жүрген қаншама қыз-келіншектерімізді көріп жүрміз. Сондай жарасымды. Киген жанның ажарын ашып тұрғаны. Көңілдің ақтығын, ниеттің кеңдігін көрсететін ұлттық киімдеріміз тұрғанда, өзгенікін таңсық көруімізге не жорық? Ойланайық. Қара жаулық тағамыз деп, қара жамылып қалмайық!

Салтанат НҰРМАХАНОВА.

Мойынқұм ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support