- Advertisement -

Ел үміт күткен ұл «мамасының баласы» атанып, майысып жүрмесін

131

- Advertisement -

Ұрпақ тәрбиесіне келгенде көп нәрсені уысымыздан шығарып алғанымыз анық. Ең үлкен кемшілігіміз – күні ертең ел анасы атанар қыз баланы қырық үйден тыюды ұмытқанымыз. Бойжеткеннің жады уланып, жатыры былғанған соң, басқасын қалай түзейміз? Ал ұлтқа қызмет етеді деген кей ұлдың есіл-дерті басқада. Түнімен қызық іздегендері – қашан көрсең ойынханалар мен түнгі клубтардың табалдырығын тоздырып жүргені. Салауатты ұл-қыз өсіру үшін ең алдымен текті сақтау керек. Одан кейін әрбір ісін ақыл таразысына салар сана сергек болуы тиіс.
Мамандар бұл мәселенің себебін қазіргі қоғамдағы отбасы институтының әлсірегенімен түсіндіреді. Оның бір ұшы бала тәрбиесіндегі теңдіктің сақталмағанында жатыр. Тарқатып айтсақ, әкенің жұмысбастылығы немесе әйелінің тапқан табысына ортақтасып, масылдың күйін кешуі – өз перзенттерінен бойын алшақ ұстауға итермелеуде. Ал анасы өбектеп өсірген ұлдың өжеттік таныта қоюы екіталай.
Бес жасынан тай үйретіп, бозбала шағында көкпардың дуына атойлап кіріп, додада ешкімге дес бермейтін, аттың құлағында ойнап өскен қазақ жігіттері үшін «мамасының баласы» атану – сүйекке таңба. Дегенмен қазіргі қоғамда осылай деп айдар таққандар көбейді.
«Мамасының баласы қайдан шығады?» деген сауалдың жауабын психологтер «жалғызбасты әйелдердің тәрбиесінің нәтижесі» деп түсіндіреді. Дегенмен әкесі момын ұлдың да адуынды анасының ықпалынан шыға алмайтынын көріп-біліп жүрміз. Ал әке беделі күшті отбасында «мамасының баласын» тәрбиелеп шығару мүмкін емес.
Қазақта «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген сөз бекер айтылмаған. Десек те бүгінгідей «қағазбастылық» жайлаған, «жұмысбасты» болмасаң, табысың көбеймейтін заманда ұл-қыздың тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлінбей жатқаны жасырын емес. Ата-аналар бұл олқылықтың орнын перзентін жақсы балабақшаға, рейтингісі жоғары мектепке, түрлі өнер-білімді меңгертетін үйірмелерге беріп, толтырғысы келеді. Алайда осы мекемелерде жұмыс істейтіндердің дені – әйелдер. Ал әйел затының жүрегі жұмақ. Сонда ер балалар қажырлы болуды, төзімділікті кімнен үйренеді?
Ұлдың өмірдің қатал сынына қаймықпай төтеп беретін, батыл да еңбекқор болып өсуіне ықпал ететін әкесі. Ал аналардың арасында есейіп, ержеткен ұлына әлі күнге бала деп қарайтыны бар. Сонысымен жүрегі нәзік әйел перзентін қиындықтан қорғаштаймын деп, босбелбеу, әлжуаз етіп тәрбиелейтініне мән бермейді. Бұл – ойланатын мәселе!

Ардақ ҮСЕЙІНОВА

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support