- Advertisement -

«Су сұрасам сүт берген,айран берген…»

1 716

- Advertisement -

Қазақ үшін жеңге деген сыйлы адам. Ол өзінің жолдасынан кейін қайнысы мен қайын сіңлілеріне бас-көз болып, туған анасындай қамқорлық танытып отырады.
Жеңге туралы сөз қозғала қалса, асыл анам еске түседі. Ол кісі де біреуге жеңге, біреуге келін болды. Қайын жұртындағы үлкеннің де, кішінің де атын атаған емес. Әкеміздің бауырын «Тетелес» деді. Әкемнің жалғыз қарындасын «Ақылдас» дейтін. Ағасының қыздарын «Майтөбедегі қыз», «Еркежан», «Кіші қыз» деп ат қойып, тергеп жататын. Кесте тігіп, ою ойып, кілем тоқитын. Қалы кілемге де қайнылары мен қайын сіңлілерінің есімдерін оюлап жазатын. Бұл күнде анамыз да, қайнылары да бақилық болды. Бірақ анам тоқыған сол кілемдер әлі сақтаулы.
Ағам өмірден озғанда Жанат жеңгем 34 жаста ғана еді. Тағдырдың жазуына көніп, ауылда қалды. Төрт ұл-қызы жас еді ол кезде. Пошташы, хат таситын. Жаздың күндері жүгері де суарды, шөп те шапты. Перзенттерін қатарынан қалдырған жоқ. Ауыр тұрмыс еңсесін басқанда ән салатын. Даусы сырлы, әдемі.
Гүлзат жеңгем «Алтын алқа» иегері. «Спортшылардың темір көтеріп алатын алтынын менің жеңгем бала көтеріп-ақ алып жатыр», деп әзілдейміз кейде. Қара жұмыстан да қашқан емес. Көң ою, шөп баулау, сиыр сауу, отын жару… Ауылдың таусылмайтын шаруасы ғой. Содан болар қайратты, қолы темірдей қатты. Бірақ жүрегі жұмсақ. Бәрімізді ойлап отырады. Анамыздай болған жеңгеміздің есендігін білуге біздің де қара шаңыраққа асығып тұратынымыз сол шығар.
Қазір заман басқа. Жеңгелердің де бұрынғыдай қадірі жоқ. Келін болып түскен жеріне тастай батып, судай сіңуді ойлайтындары аз. Қайныларын еркелетіп, ат қоймайтын болған кейбірі. «Нұраш» деген қайнағасы болса, «Тыраш қайнаға» дейтіндер де жоқ емес. Мұқата сөйлеп, ат тергеген түрі ғой. Ал кешегі жеңгелердің жөні бөлек қой. Бұл тақырып туралы белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қайырбек Асанов былай дейді:
– Жеңгелерім жайлы айтар жылы сөзім көп. Біз 11-сыныпты бітірген жылы біздің үйге тұңғыш келін түсті. Ағам жігіт біткеннің сұлуы еді, ал жеңгем – одан өткен ажарлы. Екеуі қатар келе жатқанда сұлулықтан бүкіл аспан нұрланып кеткендей көрінетін. Сол Күлән жеңешем мені «Көркем жігіт» деп еркелетті. Онысы маған майдай жағады. Сұлу жеңгең сені «Көркем жігіт» деп тұрса жаман ба? Жеңгем ешуақытта атымды атаған емес, әлі де өзі қойған есіммен шақырады. Нағыз келін болды. Ерте тұрып, кеш жатты. Сиыр да сауды, күбі де пісті. Отын да шапты. Полицияның жұбайымын деген жоқ. Одан кейінгі жеңгелерім де сол сілеммен мені «Көркем жігіт» деп атады. Үш жеңгем де қазір аман-есен, – дейді Қайырбек аға.
Кезінде талай қызметтерді атқарған Күләш Назарбековадан да қадірлі жеңгелері жайлы сұраған едік.
– Менің Пернекүл, Ділдәкүл деген жақын жеңгелерім болды. Мені «Ақылшы қыз» деп атайтын. Құрметтеп, еркелететін. Кейінірек қызметке араласқанымда Самара, Баян деген қызметтес жеңгелерім де болды. Олардың да ыстық ықыласын көп көрдім. Дәл қазіргі таңда ондай ақжарқын жеңгейлерді кездестіру қиын. Әкем Айтбай Мойынқұм ауданында 23 жыл бірінші хатшы болған. Сонда анам Айтбике де талай қонақты қабақ шытпай күтіп жүрді. Әйгілі ақын, сатирик Шона Смаханұлының Айтбике анама арнап:
– Ағайынға аймақ болған, жеңешем,
Қайын жұртқа қаймақ болған, жеңешем.
Жасық болмай жайнап жүріп қашанда,
Қайнысына қайрат болған, жеңешем.
Ауылыма көрік болған, жеңешем,
Бақ құсы боп келіп қонған, жеңешем.
Қиынды да, қызықты да тең бөліп,
Айтекеме серік болған, жеңешем, – деп өлең жазғаны тегін болмаса керек, – дейді ол.
«Тараз» триосының белгілі әншісі Асылхан Шүңіреков өзінің Тамара, Маруа деген жеңгелері туралы толғана сыр шертті. Жеңгелері бұл кісіні «Молда бала», «Мырза жігіт» деп атап кеткен екен. «Молда бала» дейтіні кішкентай кезімде момын болдым. Сонымды меңзегені. Бір үйде үш бауыр бірге тұрдық. Екі ағам отбасылы еді. Анамыз Жәмила барлық келіндеріне өнеге болып, тату ұстады. Кейіннен екі ағам бөлек отау болып кетті. Бірақ бауырға, жеңгелеріме деген құрмет әлі сақталып келеді», – дейді Асылхан әнші. Әрине, мұндай жауаптарға ішің жылиды.
Біз сөз еткендердің бәрі кешегі жеңгелер. Қазір осындай қазақы мінезді, ұлттық болмысты бойына сіңірген жеңгелер аз. Жеңге мен қайны, қайынсіңлі арасындағы нәзік байланыс, жарасымды сыйластық жоғалып бара жатқандай. Ғасырлардан бері сақталып келе жатқан дәстүрімізге, ғұрпымызға қай кезде сызат түсті екен? Міне, бұл – өзекті мәселе. Сіз бен бізді ойландыратын жайт та осы. Қазақы құндылық қазіргі жеңгелердің бойында да сақталса, жастардың ажырасуы аз болар еді.
Кеше Мұқағали Мақатаев ақын «Су сұрасам, сүт берген, айран берген, қартайып қалыпсыз-ау қайран жеңгем…» деп толғанған. Жеңге деген – сыйлы жан. Бүгінгі жаңа түскен келіндер (олардың енелері де) осыны көңілдеріне берік сақтаса дейміз.
Сіз жеңгеңізбен сырласасыз ба?

Есет ДОСАЛЫ

Ойық ауылы,
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support