- Advertisement -

21 шілденің кеші ерекше «ыстық» болатын сияқты

136

- Advertisement -

Кәсіпқой бокс әлемінің жойқын жұдырықты жампоздары украиналық Александр Усик пен ресейлік Мурат Гассиев бірінші ауыр салмақ дәрежесіндегі әлемнің абсолютті чемпионын анықтайды. 21 шілде күні Ресей Федерациясының астанасы Мәскеуде өтетін шайқас жеңімпазы абсолютті чемпион болып қана қоймай, «The ring» журналының чемпиондық белбеуінің және Мұхамед Әли атындағы кубоктің иесі атанады.
Бокстан бүкіләлемдік суперсерия аясында шайқасқан қос мықты ақтық сынға дейінгі айқастарда қарсыластарын жеңген болатын. Екі боксшы да жеңілістің кермек дәмін татып көрмеген. Украиналық былғары қолғап шебері шаршы алаңға 14 рет көтеріліп, барлығында жеңімпаз атанса, 11 қарсыласын мерзімінен бұрын ұтқан. Ресейлік боксшы болса 26 рет шаршы алаңға көтеріліп, аталған жекпе-жектерде басымдық танытып, 19 қарсыласын ерте жеңген.
Журналистер мен жанкүйерлер алдында жаттығу өткізуге тиіс болған Александр Усик бұл іс-шарадан бас тартты. Ол шаршы алаңға көтеріліп, аздап жымиып, қолын бірнеше мәрте сермеп, жанкүйерлерге ризашылығын білдіріп кете барды. Тілшілер тарапынан қойылған: «Неге бұндай қадамға бардың?» деген сауалға Украина боксшысы «Нағыз шайқас сенбі күні болады. Күтіңіздер» деп қысқа ғана жауап берді. Мурат Гассиев болса өз кезегінде бұндай рәсімнен бас тартқан жоқ. «Мен үшін барлық кездесу аса зор маңызға ие. Әсіресе 2016 жылдан басталған шайқастарға баса ден қоямын. Сол кезде әлем чемпионы атандым. Бұл шайқас маған барлық чемпиондық белбеулерді иелену үшін керек. Чемпиондық жекпе-жектің қай жерде өтетіні басты мәселе емес. Ең негізгісі шаршы алаңға шығып, кім мықты деген сауалға жауап бергіміз келеді. Жанкүйерлер үшін Мәскеуде өтетіні тамаша тарту. Украинадан да жанкүйерлер келетіні анық. Киевте ұйымдастырылса да солай болар еді. Біз 12 раундтық ұрысқа дайындалдық. Дегенмен бірінші соққы тиген соң тактика өзгеруі мүмкін ғой», – деді ол өз ойын ортаға салып.
Екі боксшы арасындағы кездесу әуелде Сауд Арабиясында өтеді деп жоспарланған болатын. Алайда ұйымдастырушылар кейіннен Ресей Федерациясының астанасы Мәскеу қаласын таңдады. Жаһан күткен шайқастың Мәскеу төрінде өтетіндігі мамандар тарапынан қызу талқыға да түскен еді. Бұл қадам Ресей боксшысына басымдық береді деп пікір айтқандар да табылған.
Әйтеуір ұзақ уақыт жарнамасы жүргізілген қос мықты арасындағы шайқас ақыры өтетін болды. Кімнің жұлдызы жарқырап, кімнің кәсіби мансабында тұңғыш рет жеңілістің ащы дәмін тататыны 21 шілде күні анықталады.

Табиғат АБАИЛДАЕВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support